Коронавирус 5G желілерінен туындайды: фейктің пайда болу тарихы

Кейбір батыс елдерінде коронавирус пен 5G желілерінің арасындағы байланыс туралы фейк таралды. GQ басылымы басты үш теорияны сипаттап берді.

Барлығы сәуірде төрт күн ішінде Ұлыбританияда вандалдар 20 ұялы байланыс мұнарасын қиратуынан немесе бұзуынан басталды. Олардың бұл әрекетіне 5G желісіне арналған жабдықтар мен COVID-19 вирусы арасындағы байланыс бар деп санайтын конспирологтардың пікірі себеп болды деген болжам бар.

Сондай-ақ, телефон компанияларының қызметкерлеріне оптоталшық кабелін салғаны үшін шабуыл жасалды. Ал желіде таралған бір видеода бір әйел қызметкерлермен сөйлесіп, оларға “жұмысын жалғастырса барлығын өлтіреді” деп айтады. Қираған мұнаралардың көбі 3G және 4G арналған.

Үш теория

5G желісіне қатысты үш негізгі теория бар, оның екеуі CОVID-19 байланысты. Ешбір теорияның нақты дәлелі жоқ.

Бірінші теорияға сәйкес, 5G желісі коронавирус немесе оның симптомдарын тудырады және жаңа әлемдік тәртіптің көшбасшылары басқаратын биологиялық қаруға жатады. Қастандық жасаушылардың бірінің QAnon ұйымына қатысы бар, Youtube-да он мыңға жуық жазылушысы бар. Ол бұл жағдайда Билл Гейтстің кінәсі бар деп есептейді.

Оның болжауынша Windows бағдарламасы вирустарды тартатындай арнайы жасалған және Гейтс антивирустық жүйелерді сатып, табыс табады. Ал қазір ол депопуляция бойынша науқанды және пандемияға қарсы күрес жүргізуде. Себебі болашақта екпе егу саласында ақша тапқысы келеді.

Екінші теорияға сәйкес 5G радиациясы иммунитетті әлсіретеді және адамдар COVID-19 вирусын тез жұқтырады. Бұл теорияның дәлелі ретінде АҚШ картасы пайдаланылды. Картаға қарар болсақ 5G желісі бар қалалар вирустан көп зардап шеккен. Бұл теория, әрине, екі басты факторды ескермейді. Біріншіден, 5G тек халықтың тығыздығы жоғары үлкен қалаларда ғана бар, онда вирус тез тарала алады. Екіншіден, вирустан зардап шеккен елдердің көбінде жаңа желі жоқ, мысалы Иранда.

Үшінші теория коронавирусқа еш қатысы жоқ. БАҚ 5G байланысты халықтың көңілін нағыз қауіптен аудару үшін, алдыңғы екі жалған теорияны ойлап тапты.

Бұл қалай басталды

  • Buzzfeed бұл тақырыпқа байланысты видео мен теориялар өткен жылы, үлкен қалаларда жаңа ұялы мұнаралар орната бастағанда пайда болғанын айтады. «5G мұнараларында жұмыс істейтін адам оның қаупі туралы бүкіл шындықты айтады!» деген сарындағы видеоларды мыңдаған адам желіде таратты. Видеоның шыққан күні Британдық оператор елдің алты ірі қаласында 5G желісін орнату күнімен сәйкес келеді.
  • 2020 жылдың қаңтарынан бастап коронавирус пандемиясы жарияланған кезде, QAnon және R/conspiracy сайтының пайдаланушылары 5G-мен жаңа ауруды байланыстыратын теорияларды тарата бастады. Reddit пайдаланушыларның бірі кабельдік компанияда жұмыс істейтін күйеуіне 5G қаупіне байланысты интернеттен бас тартқысы келетін адамдардан жиі қоңырау түскенін айтты.

Атақты адамдар да фейк таратуға үлес қосты

Instagram-да екі миллион оқырманы бар Вуди Харрельсон 5G коронавирустың таралуына ықпал ететіні жайлы екі рет айтты. Артынша актер екі жазбаны өшіріп тастады. Рэпер M. I. A. және актер Джон Кьюсак та осы бұл тақырып бойынша пікір білдірді.

Танымал пастор Крис Ояхиломе (оның Facebook-тегі парақшасы екі миллион лайк жинады) қастандық теориясы, жаңа әлемдік тәртіп және 5G мен COVID-19 байланысы туралы жиі пікір білдіреді. Продюсер Тедди Райли де бұл теорияға байланысты Instagram-да тікелей эфирге шықты.

Реакция 

5G және COVID-19 туралы жалған ақпараттың жылдам тарап отырғанын ескерген YouTube, мұндай видеоларды платформадан өшіре бастады. Бұл пайдаланушыларды жаңылыстыратын коронавирус туралы материалдарға қатысты жаңа ережелердің бөлігі.

Ғалымдар мен дәрігерлердің көбі бұл теорияларға қатысты пікір білдіріп, оны сенімді түрде жоққа шығарды. Англиядағы Рединг университеті жанындағы микробиология бойынша доцент доктор Симон Кларк BBC-ге берген сұхбатында осындай теориялар – “сандырақ” деп атады. Ол 5G желісінің иммундық жүйеге қаупі әлі дәлелденбегенін айтты.

Наурыз айында иондамайтын радиациядан қорғау жөніндегі халықаралық комиссиясы (ICNIRP) 5G байланысы қауіпсіз деп мәлімдеді. Ұйым басшысы Эрик ван Ронген GQ-ға жаңа желі мен коронавирус арасында байланыс жоқ екенін растайтын хабарлама жіберді. Сондай – ақ, ол 5G немесе кез келген басқа ұялы байланыс желісі иммунитетке теріс әсер етуі мүмкін теориясын жоққа шығарды.

Factcheck.kz