Сексчек | Секс сауат неліктен маңызды?

2018 жылдың маусымында қазақстандық зерттеушілер Қарлығаш Қабатова мен Сергей Маринин біздің сайтта жыныстық білім беруге қатысты кездесетін мифтерді сейілтті. Содан бері төрт жылдан аса уақыт өтсе де, Қазақстандағы жыныстық білім беру мәселесі аса өзгерген жоқ. Көпшілік сексуалды білім беру қоғамдық моральға зиян келтіріп, жастарды бұзады деп сенеді.

Шын мәнінде, олай емес. Қаласақ та, қаламасақ та балаларымыз секс деген не екені туралы ойланатынын қабылдауымыз керек. Секс сауат беру өскелең ұрпақ жыныстық қатынас пен одан туындауы мүмкін қауіп туралы шынайы ақпарат алып, денсаулығы мен өмір сапасына зиян келтіретін жайсыз оқиғалардан аулақ болу үшін керек.

Сол себепті Factcheck.kz редакциясы «Сексчек» тақырыбымен материалдар желісін жариялауды ұйғарды. Мұнда біз секс туралы мифтерді түсінікті тілмен талдап, оқырмандарды негізгі терминдермен және олардың мағынасымен таныстырып, жыныстық өмірде кездесетін күтпеген кедергілер туралы айтамыз. Жоба мақсаты – секс туралы білім берудің қауіпсіз екенін, ол туралы айтпау және тартынуға шақырудың салдары ашық диалогтан да жағымсыз болуы мүмкін екенін көрсету.

Біз материалымызда түрлі зерттеулерге сүйене отырып, секс сауатты ашудың неліктен маңызды екенін және қандай пайдасы барын түсіндіреміз.

Тартыну тиімсіз

Секс сауаттың (СС) үш санаты бар екенін айта кетейік – тартыну, жан-жақты СС және толыққанды СС.

Тартыну бағдарлама, оның негізгі мақсаты – некеге дейінгі секстен тартыну. 2000 жылдардың басында бұл әдісті Құрама Штаттардың республикалық партиясы қолдады және бірқатар дамушы елдерде қолданылды. «Тартынуды» басқа санаттармен салыстырған егжей-тегжейлі ғылыми зерттеулер оның тиімсіз екенін көрсетті. ДДСҰ-ның жазуынша, бағдарламаның сексуалды іс-әрекетке әсері болмайтыны және жоспарсыз жүктілік қаупін төмендетпейтіні анықталды.

Гуттмахер институтының СС әдістемелері және зерттеулерді шолуы да осындай қорытындыға келген. 13 зерттеу нәтижесі тартынуды тәсіл ретінде қолданғандар да сексуалдық іс-әрекет бойынша басқалармен бірге қауіп тобында екенін көрсетті.

Жан-жақты секс сауат (ЖСС) тартынуды СС тәсілдерінің бірі деп қарастырады, сондай-ақ контрацепция мен қауіпсіз сексуалды тәжірибелерге баса назар аударады.

Толыққанды СС-да жан-жақты білім беру тәсілдері қолданылады, бірақ олар кең ауқымда қарастырылады.

Қазір дамыған елдер тартыну бағдарламасынан бас тартып, Жан-жақты СС мен толыққанды білім беруді жиі қолданады.

Білім артқан сайын мәселе азаяды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша (ДДСҰ), елдер жасөспірімдердің сексуалдығы мен репродуктивті денсаулығы мәселесін көтергелі бері жастардың жыныстық өмірі басталатын орта жас өсті, ал жоспарсыз жүктілік пен жыныстық жолмен берілетін аурулар (ЖЖБА) азайған.

Гуттмахер институтының зерттеуіне шолуда СС ашық әрі жағымды түрде ұсынылатын елдерде жыныстық денсаулық көрсеткіштері өте жақсы екені айтылған. Ұлтаралық салыстыру бойынша, сексуалды белсенділік дәрежесінің бірдей екеніне қарамастан, батыс Еуропа елдеріндегі жасөспірімдер жүктілігі әлемнің басқа өңірлерімен салыстырғанда төмен.

Мәселен, Аустралияда жүктілік саны 15-19 жастағы 1 000 әйелге шаққанда 43,7 болса, Германияда бұл көрсеткіш бар болғаны – 16,1. Жыныстық білім беру дәрежесі төмен Ресейде – 101,7, ал жан-жақты білім беру дамыған Францияда – 20,2.

Сарапшылардың сөзінше, оған себеп – жыныстық білім беру дамыған елдерде жасөспірімдер сексін жұрт қабылдаған, қоғам олардан тартынуды талап етпейді. Бірақ мұны қабылдаған кезде күшті мәдени нормалар да қатар жүреді. Яғни жыныстық қатынаспен айналысатын жастар өзін және серіктесін жоспарсыз жүктіліктен пен жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғау үшін сақтануы керек. Батыс Еуропаның көп елінде мемлекет қолдауындағы мектептер жастардың жан-жақты секс сауатын ашады, тіпті оны талап етеді және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметтерінің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

ДДСҰ-мен бірлесіп жұмыс істейтін Жыныстық және репродуктивті денсаулық орталығының шолуында СС-ның мынадай артықшылықтары көрсетілген (24-бет):

  • Жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен аборт санының азаюы;
  • 15-24 жас аралығындағы жастардың ЖЖБА көрсеткішінің төмендеуі;
  • 15-24 жас аралығындағы жастардың АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупінің азаюы;
  • Жыныстық зорлықтың тарауының төмендеуі;
  • Гомофобия дәрежесінің түсуі.

АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) жыныстық білім алған оқушылар мынадай қасиеттерге бейім дейді:

  • Жыныстық өмірдің басталуын кейінге қалдыру;
  • Жыныстық серіктесінің аз болуы;
  • Қорғалмаған секс тәжірибесінің аз болуы;
  • Қорғану құралдарын, оның ішінде мүшеқап қолдану;
  • Академиялық үлгерімін жақсарту.

Америкалық акушер және гинекологтар бірлестігі (ACOG) кешенді жыныстық білім беру бағдарламалары жыныстық белсенділік, қауіпті сексуалдық іс-әрекет, ЖЖБА және жасөспірімдер жүктілігі дәрежесін төмендетеді деп есептейді.

Сондай-ақ, ұйымның айтуынша, жыныстық білім берудің бірегей әдістемесі жоқ. Оны сол аймақтың мәдени ерекшелігі, адамдардың жасы мен сексуал ориентациясына қарай жасау керек.

Экологиялық зерттеулер мен қоғамдық денсаулық сақтау халықаралық журналының 2019 жылғы шолуында Жан-жақты білім беру тәсілдерінің бәрі жасөспірімдер жүктілігі мен ЖЖБА-ның төмендеуіне әкелмейді делінген. Дегенмен бұл жан-жақты СС тиімсіздігінен гөрі сапалы әдістемелердің жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Қорытынды

  • Секс сауат пен секске деген шамадан тыс қызығушылықтың себеп-салдарлық байланысы жоқ. Зерттеу нәтижелері бойынша, жан-жақты СС арқасында көбінде жыныстық өмірдің басталуы кейінге қалып, жоспарсыз жүктілік (содан кейін – аборт) пен ЖЖБА-ның туындау қаупі азайған.
  • Тартыну, тәсіл ретінде тиімсіз деп танылды.
  • Сонымен қатар, жан-жақты СС контрацепция тәсілдерін ғана емес, секске дұрыс көзқарасты, өзіңнің және біреудің шекарасын түсінуді, толеранттық пен басқа адамдардың таңдауына құрметпен қарауды үйретеді.
Factcheck.kz