Құжаттама: ықпалды консерватор Стивен Хотце антиғылыми теорияларды тарату арқылы қалай ақша тауып жүр?

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде америкалық дәрігер Стивен Хотценің (кейбір ақпарат көздерінде Стивен Хотц) COVID-19-ға қарсы вакцинация қаупі туралы және препараттың зияны жайында айтқан видеосы таралып жатыр. Батыс бұқаралық ақпарат құралдарында бұл видео жүз мыңдап қаралып, енді ол ТМД-ға жетті.

Дәрігердің айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина – синтетикалық гендік препарат, ол тіпті вакцина емес. Ол иммунитет қалыптастырмайды, керісінше аурудың одан да ауыр ағымын тудыруы мүмкін. Хотце ондаған жыл бойы жүйелі түрде бұрмаланған ақпарат таратып келе жатқандықтан, біз материалды құжаттама форматында жасадық. Материал соңында видеодағы мәлімдемелердің қалай талданғанын оқи аласыз.

Қысқаша мазмұны:

  1. Хотценің вакцина туралы барлық дерлік шағымы жалған немесе манипулятив. Ол бұрыннан COVID-19-дың бар екенін жоққа шығарады, оны «үкіметтің жасырын қастандығы» деп санайды. Ол санитар шектеулер мен маска тағу режимін елемеуге шақырды, вакцинацияны адамзаттың көзін жою науқаны деп бірнеше рет мәлімдеді.
  2. Стивен Хотце – консерватив белсенді және Техас штатындағы ең ықпалды республикашылардың бірі. Ол бұған гормондарды алмастыратын терапия препараттарын сатудан түскен байлық және штаттың бұрынғы вице-губернаторымен достығы арқасында жетті.
  3. Хотце ЛГБТ қауымдастығына қарсы жанжалды саяси сөздерімен және Black Lives Matter наразылығы кезінде демонстранттарды атуға шақыруымен танымал. Трамп президенттік сайлауда жеңіліп қалғаннан кейін Хотце, тіпті бұрмалау фактісін дәлелдеу үшін детективтер тобын жалдады, бірақ ол ештеңе дәлелдей алмады.
  4. Оған қоса, доктор Хотце дәстүрлі емес емдеу әдістері медицина орталығы иесі. Көпшілік алдында сөйлеген сөзінде ол өзінің қызметтері мен өзі коронавирус инфекциямен күреседі дейтін витаминдердің авторлық жинағын жарнамалайды. Ол, әсіресе жинақтың балаларға арналған «пайдалы қасиетін» ерекше атап өтті.
  5. Осы маркетинг кесірінен АҚШ билігі Стивен Хотцеге бірнеше рет ресми ескерту жасады. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектерді басқару басқармасы (FDA), тіпті COVID-19-дан емдейді деген дәрілер туралы жалған ақпарат таратуды тоқтатуды талап етті.

Толығырақ

Стивен Хотце – Техастағы белгілі консерватив республикашы, қастандық теоретигі және дәрігер. 1976 жылы Техас университетінің медицина мектебін медицина докторы дәрежесімен бітірген. Ол отбасылық дәрігер болып жұмыс істеді, 20 жыл практикамен айналысты және өзінің гормонды алмастыратын терапиясын сатып байыды.

Ол өзінің белсенді саяси қызметі және өзі басып шығарған әйелдерге арналған гормон терапиясы әдістерін сипаттайтын «Гормондар, денсаулық және бақыт» кітабын насихаттау арқылы АҚШ-та танымал болды. Ол көптеген Америка ток-шоуларының қонағы болған. Сонымен қатар, жергілікті KSEV станциясында тұрақты радио жүргізушісі болып, сол жеден көзқарасын білдіріп отырады.

Доктор Хотценің анти-ғылыми теориялары

Хотценің CBS-те сөйлеген сөзінен кейін Америкалық клиникалық эндокринологтар қауымдастығы арнаның продюсерін сынға алған хат жолдады. Өйткені бұл ұйым доктор Хотценің гормоналды ауру туралы ғылыми емес пікірлеріне ашуланды. Мысалы, ол бала көтертпейтін дәрілер әйелді «еркектерге онша тартымды етпейтінін» және «ер адамдар ауруы немесе жарақатына байланысты аталық бездерінен айырылған кезде олар үшін шешім қабылдау және математикамен айналысу қиынға соғатынын» мәлімдеді.

Ол әйелдің аллергиясы мен оның гормондары арасындағы күмәнді байланыс туралы да мәлімдеді. Хотце аллергияны емдеу үшін әйелдер прогестерон жыныстық гормонын қабылдауы керек екеніне сенімді, бұл күшті стероид және етеккір циклі мен жүктілікке қатты әсер етуі мүмкін. Ол мұндай әдіс сүт безі мен жатырдың қатерлі ісігін емдеуге көмектеседі деп санады.

Онымен қоймай, ол өзін білікті дәрігер және құлақ, тамақ және мұрын емдеу маманы деп айтады. Бірақ Houston Press оның сертификаттау туралы ешқандай дәлелі жоқ деп хабарлайды. Оның аллергия мен қалқанша безінің бұзылуларын емдеу немесе гормон терапиясы саласындағы біліктілігі жайынжағы білімін растайтын ешқандай жазба жоқ.

Сонымен қатар, доктор Хотце – белгілі ковид диссиденті және QAnon теориясының жақтаушысы. Ол COVID-19-ды жасанды интеллектімен ДНҚ-ны өзгерту үшін денемізге эксперименттік наноботтар мен химиялық заттарды енгізуге арналған «ғаламдық салт», содан кейін адамзатты мойынсұнғыш зомбиге айналдырып, Трампты президенттік тақтан ығыстыру екенін айтты. Дәрігер, тіпті үкіметке қарсы COVID-19-ға қатысты денсаулық сақтау шараларын жою және пандемияны заңсыз ету туралы сотқа шағым түсірген еді.

Саяси көзқарасы

Хотце – Техас штатындағы ең ықпалды республикашыл белсенділердің бірі. Ол саяси қызметін 1980-жылдары бастаған. Дәрігер бұл мәртебесіне жинаған байлығы мен қазіргі аймақ басшысына қарағанда штаттағы ықпалды саясаткер саналатын Техас штатының бұрынғы лейтенант-губернаторы Дэн Патрикпен достығы арқасында жетті. Хотце «Құдай мен елдің бостандық орталығын» да құрды. Бұл – консерватив құндылықтарды қолдайтын және Трамптың идеяларын алға тартатын радикал христиандар тобы.

Трамп сайлауда жеңіліп қалғаннан кейін, Хотце сайлаудың бұрмаланғанын дәлелдеу үшін жеке тергеушілер тобына аптасына 200 000 доллар төледі. Кейін ол АҚШ үкіметіне сайлауды жарамсыз деп тану туралы шағым түсірді, бірақ жеңіліп қалды.

BLM наразылығы кезінде ол, тіпті Техас губернаторы кеңсесіне қоңырау шалып, наразылық білдірушілерді “жеңу үшін оқ атуға” бұйрық беріп, Хьюстонға Ұлттық гвардия сарбаздарын жіберуді талап етті. Ол ЛГБТ өкілдеріне қарсы белсенді күреседі. Біржынысты некені заңдастыру Америкадағы балабақшалардың астаң-кестеңін шығаратынын мәлімдеді.

Ол COVID-19-дан қалай ақша тауып отыр?

Қазір дәрігер әрі белсенді ол – “Хотце денсаулық сақтау орталықтары” желісі иесі. Онда ол аллергия, қатерлі ісік, гормон терапиясы және әрине, COVID-19-дың алдын алудың дәстүрлі емес әдістерін ұсынады. Пандемия кезінде Хотце өзінің авторлық витаминдер жиынтығын белсенді түрде насихаттады, ол оны коронавирустан қорғайды және әсіресе, балаларға пайдалы екенін айтты. Одай бір пакет 125 доллар тұрады.

Құжаттама: ықпалды консерватор Стивен Хотце антиғылыми теорияларды тарату арқылы қалай ақша тауып жүр?

Әлеуметтік желілерде ғана емес, теледидарда да таралған мұндай маркетинг нәтижесінде FDA Стивен Хотцеге Федералды азық-түлік заңын бұза отырып, коронавирус инфекциясын жеңілдететін қасиеттері бар екені расталмаған дәрі-дәрмектерді насихаттауды тоқтатуды талап етіп, ресми ескерту жариялады.

Хотце өнімдері ғылыми қауымдастықтың қатал сынына ұшырап отырғаны бір бұл емес.  2018 жылы Калифорниядағы экологиялық топ Хотце пен оның компаниясын сотқа беріп, «My Hotze Pak Skinny Pak» және «Bodyworks Plus by Dr.Hoze» деген атаулары бар тағам қоспаларын тұтынғандарға белгісіз мөлшердегі қорғасынның әсері болды деп айыптады. Іс әлі жалғасып жатыр.

Вакцинация туралы жалған ақпарат

Фактчекерлер Хотце вакцинасы туралы жалған мәлімдемелерді жоққа шығарды. Дегенмен, өкінішке қарай, барлық оқырман ағылшын тілін білмейді, сондықтан біз дәрігердің айтқандары ғылыми мәліметтерге қаншалық сәйкес келетінін тексердік.

Пікір: «COVID-19 вакцинасы – бұл вакцина емес, синтетикалық рибонуклеин қышқылының (мРНҚ) қауіпті экспериментал гендік терапиясы, ол алдыңғы вакциналарға қарағанда мүлдем басқаша әрекет етеді»

Стивен Хотце

Үкім: Манипуляция

МРНҚ-ға негізделген вакцина – басқа вакциналарды жасау тәсілінен мүлдем өзгеше озық технология. Дегенмен бұл тәжірибелік гендік терапия емес. Оны енгізген кезде адам генетикалық материал алады, бұл дегеніміз — вирус ақуызын кодтайтын мРНҚ. Бұл ауру тудырмай, иммун жүйесіне нақты вирус қандай екені туралы алдын ала түсінік береді. Шын мәнінде, препарат ағзаны вирус туралы ақпаратқа «үйретеді», ал дененің геномына әсер етпейді.

CDC мРНҰ технологиясымен жасалған вакциналар біздің жасушаларымызға (мРНҚ) COVID-19 тудыратын вирустың бетінде кездесетін «тікенді ақуыз» жасау туралы нұсқаулар береді деп түсіндірді. Нұсқаулар иммун жасушаларына енген кезде жасушалар ақуыз жасау үшін осы нұсқауларды қолданады. Ақуыз жасала сала жасушалар мРНҚ-ны бұзады да, одан құтылады.

Содан кейін жасуша беткі бөлігінде ақуыздың бір бөлігін көрсетеді. Біздің иммун жүйеміз ақуыздың бөтен екенін түсінеді де, COVID-19 табиғи инфекциясы кезіндегідей иммун жауабын дайындап, антиденелер шығарады.

Айова университетінің педиатрия, микробиология және ішкі медицина профессоры, доктор Пол МакКрей де вакцинаның әр түрлі формада болуы мүмкін екенін айтты: белсенді емес (өлі) вирус ретінде, экспрессияланған ақуыз ретінде, осы ақуызды өндіруіне түрткі болатын ДНҚ немесе РНҚ векторында және тағы басқа. Екпе салынғаннан кейін вирус инфекциясын болдырмайтын немесе аурудың ауырлығын азайту үшін вирус жұқтыратын жасушаларды өлтіретін антиденелер мен Т-жасушалар өндірісі ынталандырылады.

Сонымен қатар, бірқатар америкалық иммунолог пікірі бойынша, мРНҚ-сы бар вакциналар вакцина емес дегені жалған. Өйткені өндірілген ақуыз басқа вакциналардағымен бірдей. Айырмашылық мынада: мРНҚ вакцинасын енгізу арқылы организмде әлдеқайда көп ақуыз түзіледі, сондықтан бұл вакциналар тиімдірек әсер етеді.

Пікір: «COVID-19 вакцинасы адамға иммунитет бермейді. Ол аурудың таралуына қарсы да шыға алмайды»

Стивен Хотце

Үкім: Жалған

COVID-19-ға қарсы вакцина ауру таралуына жол бермейтінін және иммунитет қалыптастыратынын бүкіл әлем ғалымдары бірнеше рет дәлелдеді. Мұны көптеген зерттеу мен жүз мыңдаған адамдардың клиникалық сынағы дәлелдейді. Сонымен қатар, ДДСҰ, CDC немесе EMA сияқты халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары вакцинация коронавирус пандемиясын тоқтатудың жалғыз сенімді әдісі екенін бірнеше рет дәлелдеп келеді.

Дүниежүзі ғалымдары вакцина мен екпеден кейінгі жанама әсерлерді зерттеп жатқанына қарамастан, қазіргі дәрі-дәрмектер COVID-19-ға қарсы әртүрлі дәрежедегі тиімділікпен иммунитет қалыптастырады деп сеніммен айтуға болады. CDC тек COVID-19-ға қарсы вакцинация алу және өзін және басқаларды қорғау үшін халықаралық нұсқауларды орындау COVID-19-дан ең жақсы қорғану болатынын айтты.

Nature журналында жарияланған кейінгі зерттеу COVID-19-ға қарсы вакциналардың көптеген клиникалық сынағы инфекцияның таралуын тежей алатынын көрсетті деп мәлімдеді. Вакциналар барлық адамды қорғай алмаған күннің өзінде, олар халық арасындағы вирус таралуын айтарлықтай төмендетіп, ауру ағымын жеңілдете алады.

ДДСҰ вирус таралуының тізбегі үзілуі үшін адамдардың 65-70%-інде иммунитет қалыптасуы керек деп санайды. Миллиардтаған адамды вакцинациялау COVID-19 қоздырғышын таратуды тоқтатуға және топтық иммунитет қалыптастыруға көмектеседі. Вакцинацияларды кең көлемде қамту және қолданыстағы профилактикалық шараларды сақтау ғана халықты ұжымдық қорғау кілті бола алады.

Корнелл университетінің микробиология және иммунология кафедрасы доценті Синтия Лейфер бүкіл әлемде бірнеше түрлі COVID-19 вакциналарының 300 миллион дозасы бар екенін айтады. Вакцинацияланғандар инфекциядан едәуір қорғалған және вирус жұқтырып алса, инфекциядан ауыру немесе оны тарату ықтималдығы аз.

Дегенмен бірде-бір вакцина коронавирустан 100% қорғамайтынын есте ұстаған жөн. Денсаулық сақтау мамандары вакцина алғаннан кейін де көпшілік ішінде немесе егілмеген адамдар арасында сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.

Пікір: «Бұл вакциналар жануарларға жасалған зерттеулер мен ұзақмерзімді адами зерттеулер жарияланбаса да, мақұлданды. Олар тексерілмеген, мақұлданбаған және сіздің денсаулығыңызға COVID-19-дан кем қауіп төндірмейді».

Стивен Хотце

Үкім: Жалған

COVID-19-ға қарсы вакциналар бүкіл әлемде рұқсат етілген және кең таралған мРНҚ технологиясы қолданылып жасалған алғашқы вакциналар болғанымен, вакциналарға арналған мРНҚ технологиясын қолдану бойынша зерттеулер 1990-жылдар басында басталып, жануарларға жасалған перспективалы сынақтарды қамтыды. Мұны ғылыми дәлелдер растайды.

Шындығында, зерттеушілер ондаған жылдар бойы мРНҚ вакциналарын зерттеп, олармен жұмыс істеді. Оларға деген қызығушылық артты, өйткені оларды қолжетімді материалдардан әзірлеуге болады. Бұған дейін мРНҚ вакциналары тұмауға, Зика вирусына, құтыруға және цитомегаловирусқа (CMV) қарсы зерттелген.

Пандемияға дейін Nature журналында 2018 жылғы 12 қаңтарда жарияланған зерттеуде «мРНҚ вакциналары тұмау вирусының, Зика вирусының, құтыру вирусының және басқаларының жануарлар модельдерінде мақсатты жұқпалы ауруларға қарсы, әсіресе кейінгі жылдары күшті иммунитет туғызды» делінген.

CDC мәліметінше, COVID-19-ға қарсы мРНҚ вакциналары адам емес приматтарда және адамдарда сыналып, қауіпсіз және тиімді екені дәлелденді.

Оған қоса, FDA барлық вакцина үшін дәрі-дәрмектер сай келуі керек жоғары қауіпсіздік стандарттарына ие. Вакцина ресми түрде мақұлданып, адамдарға егіле бастағаннан кейін FDA мен АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы ықтимал проблемалар мен ауыр жанама әсерлерді бақылауды жалғастырып жатыр.

АҚШ денсаулық сақтау органдары жағымсыз әсерлер туралы есептерді кез келген адам есеп жібере алатын «Вакциналардың жанама әсерлері туралы хабарлау жүйесі» (VAERS) деп аталатын платформада қадағалайды. Сонымен, CDC мәліметі бойынша, олар осы уақытқа дейін жанама әсерлер туралы 48 мыңнан астам хабарлама алған және олардың 85-90%-і әлсіздік, қызу және инъекция орнының ауырсынуы сияқты жеңіл белгілер болған.

Мұндай мониторингінің көрнекті мысалдарының бірі – жақында Johnson & Johnson вакцинасын еккен алты пациенттің қаны ұйығаны анықталғаннан кейін вакцина өндірісін тоқтатты. AstraZeneca препаратына қатысты да осындай жағдай болды, оны еккеннен соң 62 адамда тромбоз жағдайы тіркелген.

Пікір: «Әлем бойынша жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, ивермектин мен гидроксихлорохинді қолдану COVID-19 инфекциясын қауіпсіз түрде алдын алады және емдейді».

Стивен Хотце

Үкім: Жалған

Онда да ескі өтірік. Әлемдік ғылыми қоғамдастық вакцинадан басқа қазіргі уақытта COVID-19-дың алдын алатын мақұлданған немесе белгілі бір дәрі жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бұл дәрі-дәрмектер ресми расталмаған. Гидроксихлорохинді АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп жарнамалаған еді, бірақ көптеген зерттеу оның COVID-19-ды емдемек түгілі, жағымсыз әсер етуі мүмкін екенін көрсетті.

A&M Техас медициналық колледжінің клиникалық практика кафедрасының доценті Джексон МакКайт бұл дәрі-дәрмектерді коронавируспен күресуге қабілетсіз деп санайды. Оның айтуынша, олардың ешқайсы FDA немесе ДДСҰ-да ресми түрде мақұлданбаған.

Сонымен қатар, көптеген зерттеу гидроксихлорохиннің жанама әсерлері бар екенін, олардың пайдасынан гөрі зияны көп екенін көрсетті.

2 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «COVID-19-дың алдын алу үшін гидроксохлорохинді қолданбауға кеңес беретінін» мәлімдеді.

FDA де COVID-19-дың алдын алу үшін ивермектинді қолдану ұсынылмайтынын хабарлады. Ведомство өкілдері ивермектинмен өзін-өзі емдемекші болған пациенттерге медициналық көмек қажет болғанын және олардың жедел ауруханаға түскені туралы көптеген хабарлама түскенін айтып өтті. Сонымен қатар, препарат басқа дәрі-дәрмектермен теріс әрекет етіп, онсыз да ауыр жағдайды асқындыруы мүмкін.

Бұрын гидроксихлорохинді АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп пен оның бразилиялық әріптесі Джаир Болсонаро белсенді түрде насихаттаған. Дегенмен фактчекерлер осы препараттың пайдалы қасиеттері туралы пікірді жоққа шығарды.

Пікір: «Бұл вирустың бүкіл қоғамға таралуына жол берейік, осылайша біз эксперименттік ген терапиясынан гөрі әлдеқайда қауіпсіз және тиімді ұжымдық иммунитет қалыптастыра аламыз».

Стивен Хотце

Үкім: Жалған және манипуляция

COVID-19 ішкі ағзалардың зақымдалуы немесе қан ұюы сияқты ауыр және ұзақмерзімді асқынулар тудыруы мүмкін. Бұл салдарлар қант диабеті, қатерлі ісік аурулары немесе созылмалы тыныс алу жолдары аурулары бар адамдарды өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, вирустың еркін айналымы ұжым иммунитетін қалыптастыруға ықпал етпейді, денсаулық сақтау жүйесіне ауырлық түсіреді.

Денсаулық сақтау саласы мамандары ұжымдық иммунитетті ауруды қоздыратын вирустың әсерінен емес, вакцинация арқылы алу керек деп бірнеше рет хабарлады. ДДСҰ вакциналардың артықшылығы олардың ауруды тудырмайтынында емес, организмді онымен күресуге үйрететінінде екенін мәлімдеді. Коронавирус инфекциясы иммунитеті әлсіз адамдарда өлімге әкелуі жағдайында бұл әдіс әлдеқайда қауіпсіз.

Бұл, әсіресе кейінгі жағдайларға, яғни ғалымдар COVID-19 белгілері онымен ауырған адамдарда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін екенін анықтаған уақта маңызды болып тұр. Бұл құбылыс «ковидтан кейінгі синдром» деген лақап атқа ие болды. Жақында ДДСҰ Халықаралық аурулар жіктеуішіне (ХАЖ-10) «ковидтан кейінгі синдромды» енгізді.

Қытай ғалымдары ауруханада емделген COVID-19 жұқтырған пациенттердің, шамамен үштен екісі коронавируспен ауырғаннан 6 ай өткеннен кейін де ауру салдарының бір немесе бірнеше түрінен зардап шегуі мүмкін екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері The Lancet журналында жарияланды.

Талдау пациенттердің көбі ауруханадан шыққан соң да вирустың кейбір әсерімен өмір сүре бергенін және шығарылғаннан кейін, әсіресе ауру өте ауыр болса, одан әрі тексеру керек екенін баса көрсетті. Ғалымдар 2020 жылғы 7 қаңтар мен 29 мамыр аралығында Уханьдағы Цзинь Ин-Тань ауруханасынан шыққан 1 733 науқасты тексерді.

Оған қоса, әлемдік тәжірибе вирустың халық арасында еркін таралуы мен шектеу шараларының болмауы ұжымдық иммунитетті ерте қалыптасрыуға ықпал етпейтінін, керісінше жағдайды одан әрі шиеленістіретінін көрсетті.

Еске салайық, былтыр Швеция халықтың ұжымдық иммунитеті табиғи түрде қалыптасуы үшін шектеу шараларынан бас тарту туралы шешім қабылдаған еді. Дегенмен бұл ой сәтсіздікке ұшырады. Вирджиния университетінің медицина мектебі шілде айында жариялаған зерттеу қауіпсіздік шараларын сақтамау Швецияда COVID-19-дан болған өлімнің күрт өсуіне жеткізгенін анықтады. Нәтижесінде елде ұжым иммунитеті қалыптаспады, ал денсаулық сақтау жүйесі ұзақ уақыт бойы вирус жұқтырғандарды емдеп үлгере алмай кетті.

Factcheck.kz