Фейк | “Cұмдық! Халықты жаппай чиптеу басталды!”

Әлеуметтік желіде Байқоңыр қаласының медицина қызметкерлеріне вакцина салып, салдарынан ауырып, бірінің құрысып, дірілдеп жатқаны бейнеленген видео тарады. Видеоның қаншалықты шындыққа жанасатынын Factcheck.kz анықтап көрді.

“Байқоңырда сыныптас құрбыларым бар еді, дәрігер, медбике болып жұмыс істейді. Оларға вакцинация бастапты. Бір сыныптасыма кеше салған екен. Бірініші күні сүйектері сырқырап, орнынан тұра алмай жатып қалыпты. Наркомандар сияқты, аяқ-қолымды баса алмай қалдым дейді. “Ертеңіне сүйектерім ауырғаны басылып, орнымнан тұра алмай, көзім жұбылып, ұйықтай беремін” деді. Кеше тағы бір қызға вакцина салған екен, аяқ-қолы тырысып, дірілдеп, жедел жәрдем қызметі инфекциялық ауруханаға алып кетіпті”, – дейді видеодағы әйел даусы. [қаз қалпында – ред.]

Желіде тараған видео

Үкім: Фейк

Желіде тараған видео Байқоңырда емес 2015 жылы Жаңаөзенде түсірілген. Бұдан бөлек, коронавирус вакцинасын салдыртқан жағдайдың өзінде, кері әсері мұндай болмайды.

2015 жылы Жаңаөзенде қызылшаға қарсы вакцина үлкен дау тудырды. Сол кезде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасын басқарған Руслан Бектібаевтың айтуынша, Маңғыстау облысында вакцинациядан кейін ауруханаға 117 бала жатқызылған. Олардың арасында жан сақтау бөлімінде жатқандар бар.

Коронавирус вакцинасының кері әсері қандай?

Егер инъекция салған жеріңіз қызарып, ауыртпалық танытып, көгерсе қалыпты жағдай болып есептеледі. Алғашқы үш күннен кейін өзіңізді әлсіз сезініп, басыңыз, буындарыңыз ауырып немесе ыстығыңыз көтерілуі мүмкін. Бұл жағдай вакцинаның әсер етіп жатқанын көрсетеді. Кейбір жағдайларда аллергиялық шок секілді кері әсерін туғызуы мүмкін. Бірақ, вакциналардың қауіпті екені анықталса Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA), АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі сертификат бермес еді.

Вакцинаға байланысты төмендегі материалдарды оқуға кеңес береміз:

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz