Қазақстандағы автокөліктердің орташа жасы 12-ден 21-ге өсті ме?

28 наурызда өткен сенаттың жалпы отырысында сенат депутаты Бекбол Орынбасаров кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы енгізілгенге дейін, Қазақстанның жеңіл көлік паркі жыл сайын орта есеппен 280 мың көлікпен толықтырылып отырды деген дерек келтірді. Осы және депутат айтқан өзге де мәлімдемелерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 56:49:00)

Мәлімдеме: Кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы енгізілгенге дейін, Қазақстанның жеңіл көлік паркі жыл сайын орта есеппен 280 мың көлікпен толықтырылып отырды.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Шындыққа жақын

Кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Ұлттық статистика дерегіне сәйкес 2003 жылмен 2015 жылдар аралығында орта есеппен 246 мың жеңіл көлік толықтырылып отырды.

Мәлімдеме: Мәселен, 2005 жылы жеңіл автокөліктер саны 1,2 миллион бірлік болса, 10 жылда ол 4 миллион автомобильге дейін өсті. Осы кезеңде көліктердің орташа жасы – 18 жылдан 12 жылға дейін жақсарды.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2005 жылы қазақстанда 1,4 млн жеңіл көлік болған. 10 жыл өткенде, яғни 2015 жылы 3,8 млнға жеткен. 2005 жылғы көліктердің жасы туралы дерек ІІМ-де де, көлік министрлігінде де, ұлттық статистика бюросында да жоқ. Ресми органдардың хабарлауынша ол кезде статистика жүргізілмеген. 2015 жылы жеңіл көліктердің орташа жасы 14 болған.

Ескерту: Ұлттық статистика бюросы көліктердің орташа жасы туралы дерек ұсынбайды. Тек көліктердің қанша проценті қанша жаста екендігі туралы ақпарат береді. Біз берілген ақпаратты “деректерге негізделген орташа есептеу” формуласы арқылы шығардық.

Мәлімдеме: Осы шаралардың салдары жеңіл автокөліктердің паркін 4 млн-нан 3.7 млн-ға дейін төмендетті…

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Жалған

2015 жылы, яғни кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы енгізілмегенге дейін Қазақстанда 3 856 520 жеңіл көлік болған. 2024 жылдың 1 қаңтарында бұл көрсеткіш 4 690 898-ге жеткен. Көліктер саны төмендемеген.

Мәлімдеме: …автокөліктердің орташа жасы 12 жастан 21 жасқа дейін өсті.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Шындыққа жақын

2015 жылдан бастап жеңіл көліктердің орташа жасы 14-ден 18,4-ге дейін өскен.

Мәлімдеме: Жалпы 2022 жылдың басында 10 жастан асқан автокөліктердің үлесі 63 пайызды құрады.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Жалған

2022 жылы Қазақстанда тіркелген 3 909 559 жеңіл автокөліктің 815 968-і (20,9%) 10 жастан асқан. Сондай-ақ, 20 жастан асқан 1 945 197 (49.8%) жеңіл көлік бар.

Мәлімдеме: 2022 жылғы жағдай бойынша салыстырма ретінде өзге ел автокөліктерінің орта жастарын алып қарайтын болсақ Ресей – 14, ЕО бойынша – 11,8, АҚШ – 12,2, Беларусь – 12,3, Қазақстан – 22 жасты құрайды.

Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров

Үкім: Шындыққа жақын

2022 жылы Қазақстандағы жеңіл көліктердің орташа жасы 19,5 болған. 2022 жылы Ресейдегі жеңіл көліктердің орташа жасы 14, АҚШ-тағы жеңіл көліктердің орташа жасы 12,2, ЕО-тағы жеңіл көліктердің орташа жасы 12 болған, Ал Беларусь Республикасында жеңіл көліктердің орташа жасы туралы есеп жүргізілмеген.

Толығырақ:

2022 жылдың 19 қаңтарында Әлия Назарбаеваға тиесілі «ӨКМ операторы» утилалым жинау мәртебесінен айырылып, әрі қарай «Жасыл даму» АҚ орындайтыны туралы қаулы қабылданған. 2024 жылдың басында 70-ге жуық жүргізуші утилалымды алып тастауды талап етіп Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің алдына жиналған еді. Сондай-ақ 22 мың адам Қазақстандағы утилалымды алып тастау туралы петицияға қол қойған. Кейінгі кездері бұл тақырып БАҚ беттерінде кеңінен талқыланып жүр. Дегенмен, министрлік “Қазақстанда утилалым арзандамайды” деп мәлімдеме жасады. Қазақстандағы қазіргі утилалым бағасы туралы төмендегі материалдан оқи аласыз.

Factcheck.kz