АИТВ туралы көп тараған мифтер

АИТВ-ның тарауына қарсы күрестегі күрделі кедергілердің бірі АИТВ жұқтырған адамды стигматизациялау болып қала береді (1, 2, 3). Кемсітудің жағымсыз әсерлерінен басқа, АИТВ инфекциясы бап адамдар «ішкі стигмадан» зардап шегеді, бұл дегеніміз — адам өзі көрген стигманы өзіне қабылдап, өзі туралы жағымсыз пікір қалыптастырады. Ішкі кемсітушілік, қорқыныш, ұят, үмітсіздікті ұялатады және оқшау өмір сүруге әкеледі. Стигматизациядан қорқудың салдарынан адамдар АИТВ-ға тест тапсырудан бас тартуы мүмкін, ал АИТВ жұқтырғандар емнен қашуы мүмкін.

АИТВ жұқтырған адамдар туралы теріс пікірдің қалыптасуына адамның иммун тапшылығы вирусының табиғаты туралы қалыптасқан қате түсініктер мен мифтер әсер етеді. Мазмұнына қарамастан, барлық мифтің ортақ бір қасиеті бар – олар АИТВ туралы білімнің жеткіліксіз болуы және осы ауруға шалдыққан адамдарды қолдаудың заманауи әдістерін білмеуіне байланысты пайда болады.

Кең тараған теріс пікірді жоққа шығару үшін Factcheck.kz редакциясы АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) Алматыдағы кеңсесіне АИТВ туралы жиі тараған мифтерге түсініктеме беруді сұрап хабарласты.

№1 миф: АИТВ жоқ – мұның бәрі фармацевтикалық компаниялардың қастандығы.

Үкім: Жалған

АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) өмірде бар. Инфекцияны қоздырғыш алғаш рет 1983 жылы Франция мен АҚШ-тың екі тәуелсіз зертханасында анықталды. Эпидемия туралы, артынан АИТВ індеті туралы әңгіме сол жылы шықты.

Бұл қауіпті теріс пікірді жақтаушыларын АИТВ-диссидент деп атайды. Олардың кейбіреулері АИТВ-статусы оң, өз диагнозын жоққа шығарып, емделуден бас тартады (1, 2). АИТВ диссиденттерінің тағы бір үлкен тобы АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналары. Теріске шығару психиканың қорғаныс реакциясы. Адамдар ауыр диагнозды қабылдай алмаған кезде, оларға қастандық теорияларына сену және өздерін және жақындарын сау деп санау оңайырақ.

Бүгінгі таңда медициналық қоғамдастықта АИТВ қоғамдық және жеке денсаулық үшін күрделі мәселе ретінде қарастырылады. Біріккен Ұлттар Ұйымының АИТВ/ЖИТС бойынша Біріккен бағдарламасы (ЮНЭЙДС) 2022 жылы әлемде АИТВ-мен өмір сүретін 39 миллион адам тіркелген, оның 1,3 миллионы енді жұқтырғандар және 630 000 адам АИТВ-мен байланысты себептерден қайтыс болды деп есептейді.

АИТВ-ның алдын алу, тестілеу және емдеу саласы айтарлықтай жақсарғанына қарамастан, вирустың дүниежүзі бойынша адамдар мен қауымдастықтарға жұғуы тоқтаған жоқ. Кейінгі бірнеше онжылдықта АИТВ-инфекциясын алдын алу мен емдеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Антиретровирустық терапия (АРТ) АИТВ жұқтырудың алдын алуда өте тиімді және адам жұқтырған жағдайда инфекцияны бақылауға көмектеседі.

№2 миф: ЖИТС пен АИТВ – бірдей.

Үкім: Жалған

АИТВ – АИТВ-инфекциясын тудыратын вирус*. ЖИТС – жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы, яғни АИТВ-инфекциясының асқынған кезеңі. Егер адам АИТВ-ны жұқтырса, бұл оның ЖИТС-пен аурады дегенді білдірмейді. АИТВ жұқтырған кезден бастап ЖИТС кезеңінің дамуына дейін 10-15 жыл өтуі мүмкін, ал терапия арқылы бұл кезеңнің басталуын толығымен болдырмауға болады.

АИТВ туралы көп тараған мифтерАИТВ туралы көп тараған мифтер
Сол жақта: дені сау донордан алынған Т-лимфоциттің электронды микроскоппен түсірілген суреті. Оң жақта: АИТВ жұқтырған Т-лимфоциттің суреті. Дереккөз: VeryWellHealth/NIAID

Адамның иммун тапшылығы вирусы бөтен патогендерді тануға жауап беретін ағзадағы негізгі иммундық жасушаның бірі CD4 жасушасына (немесе CD4 Т-лимфоциті жасушаларына) шабуыл жасап, оны жояды. CD4 жасушаларының болмауы дененің инфекциялармен, аурулармен және ісіктің кейбір түрлерімен күресуін қиындатады. Ем қабылдамаса, АИТВ иммундық жүйені біртіндеп бұзады, бұл денсаулықты нашарлатып, ЖИТС-ке асқынады.

Организмдегі иммундық CD4 жасушалары азайғанда (200 жасуша/мм3-тен аз) ЖИТС кезеңі басталады. Бұл жағдайда иммундық жүйе сау адамның денесі оңай жеңе алатын инфекцияларға төтеп беретін қабілетін жоғалтады. ЖИТС-тің алғашқы тіркелген осындай жағдайлары дәрігерлердің назарын аударды, 1981 жылы Америка Құрама Штаттарында бірнеше жас жігіт әдетте сау адамның өкпесінде кездесетін, иммун жүйесі оңай асқындырмай басып тастайтын, пневмоцист саңырауқұлақтары қоздыратын пневмониямен ауруханаға жүгінген. Дегенмен, иммуны тапшы адамдар үшін пневмоцисттің өзі денсаулыққа аса қауіпті.

АИТВ-ны дер кезінде анықтау және тиісті ем қолдану арқылы иммундық жүйені қалпына келтіруге болады.

*«АИТВ» аббревиатурасы вирустың өзіне де, АИТВ инфекциясына да қатысты қолданылуы мүмкін.

№3 миф: Егер симптомдар болмаса, онда АИТВ инфекциясы жоқ.

Үкім: Манипуляция

Бастапқыда АИТВ белгілері мүлде болмауы мүмкін. Кейбір адамда инфекция жұқтырғаннан кейін бірнеше жыл бойы симптом байқалмауы мүмкін. Сондықтан АИТВ-ға жүйелі түрде тест тапсыру өте маңызды.

Көптеген адам инфекциядан кейін 2-4 апта ішінде тұмауға ұқсас белгілерді сезеді. АИТВ болуы мүмкін белгілерге мыналарда кіреді:

  • түнде терлеу;
  • бұлшықет ауыруы;
  • тамақ ауруы;
  • шаршау;
  • ісінген лимфа түйіндері;
  • ауыз қуысының жаралары.

Симптомдар бірнеше күн немесе бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Бұл белгілердің болуы адамның АИТВ бар екенін білдірмейді. Антиретровирустық ем қабылдамайтын адамдарда АИТВ-инфекциясының аса ауыр белгілері ЖИТС-ке асқынбайынша көп жыл бойы байқалмауы мүмкін. Адамның АИТВ жұқтырғанын анықтаудың жалғыз жолы – тест.

Қазақстан Республикасының заңына сәйкес АИТВ-инфекциясын анықтау және емдеу өз еркімен 18 жастан асқан азаматтарға қолжетімді. Нәтижесі құпия ақпарат. 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар арасында АИТВ-инфекциясы анықталса, нәтижесі ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.

№4 мифАИТВөлімнің үкімі.

Үкім: Манипуляция

Қазіргі уақытта АИТВ-ға қарсы вакцина немесе ауруды толығымен емдейтін дәрі болмаса да, антиретровирустық терапияның (АРТ) пайда болуымен АИТВ өлімнің үкімі емес. Адам жұқтырғаннан кейін, вирус өмір бойы ағзада қалады, бірақ дұрыс ем арқылы оны бақылауға болады, ал терапия адамдарға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік береді. Тиімді ем алған АИТВ жұқтырған адамдар ұзақ, салауатты өмір кешіп, жыныстық серіктерін қорғай алады, өйткені қандағы вирустың деңгейі анықталмайды, яғни оның қанда болуы зертханалық зерттеулер арқылы көрінбейді немесе өте төмен болады.

Антиретровирустық терапия күн сайын қабылданатын таблеткалардағы дәрілердің комбинациясы. Ыңғайлы болу үшін препараттар жиі бір таблеткаға немесе капсулаға біріктіріледі. Әлемде екі ай сайын инъекция арқылы енгізілетін ұзақ әсер ететін жаңа препараттар қолданыла бастады. Бұл препараттар Қазақстанда әлі жоқ.

АИТВ жұқтырғандардың барлығына АРТ ұсынылады. Терапия вирустың көбеюіне жол бермейді, бұл вирустық жүктемені – қанның бір текше миллиметріндегі вирустың мөлшерін азайтады. Ағзада АИТВ аз болса, иммундық жүйе инфекциямен жақсы күреседі. Бұл өз кезегінде АИТВ-инфекциясының ЖИТС-ке асқынуына және АИТВ-ның басқа адамдарға жұғуына жол бермейді. Зерттеулер вирустық жүктемесі төмен, яғни <200 көшірме/мм3 кезінде АИТВ жыныстық жолмен берілмейтінін сенімді түрде көрсетті. Бұл кейде U=U принципі деп аталады – «Анықталмайтын [вирустық жүктеме] = берілмейтін [ауру]». Бұл АИТВ-ға жүйелі түрде тестілеуден өтудің және егер жұқтырған болса, емдеуді мүмкіндігінше тезірек бастау және жалғастыру үшін дәрігермен кеңесу маңыздылығының басты себебі.

Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталықтарында антиретровирустық терапияны, сондай-ақ зертханалық диагностика мен мамандардың кеңесін тегін ала алады. МӘМС жарнасы қажет емес.

№5 миф: Есірткі қолданатындар немесе секс-қызметін пайдаланатындар ғана АИТВ жұқтыруы мүмкін.

Үкім: Жалған

Инъекциялық препараттарды салу кезінде ине, шприц және ерітінділерді ортақ пайдалану сияқты қорғалмаған жыныстық қатынас АИТВ-инфекциясының қауіпті факторы (1, 2). Алайда, өкінішке орай, АИТВ-ны жұқтыру қаупі мінез-құлықпен немесе белгілі бір әлеуметтік топта болумен шектелмейді. АИТВ өмір салтына, жыныстық бағдарына, нәсіліне, тегіне, жынысына немесе жасына қарамастан кез келген адамға әсер етуі мүмкін.

АИТВ бір адамнан екінші адамға дененің белгілі бір сұйықтықтары алмасуы арқылы берілуі мүмкін. Оларға қан, шәует, ұрық алдындағы сұйықтық, вагинальды сұйықтық, тік ішек сұйықтығы және емшек сүті жатады.

АИТВ жұғуы мүмкін:

  • вагинальды немесе анальды жыныстық қатынас кезінде;
  • есірткі инесін ортақ пайдалану кезінде;
  • татуировка жасағанда немесе ВИЧ-инфекциясы бар адамның қаны қалған инені пайдалану;
  • жүктілік және емізу кезінде.

Психикалық белсенді заттарды пайдалану бұл қауіптерге жанама түрде ықпал етуі мүмкін, себебі алкоголь мен есірткі адамдардың инфекция қаупі туралы хабардарлығын төмендетіп, контрацептив пайдаланбауы мүмкін.

АИТВ адам ағзасынан тыс (мысалы, әлдененің үстінде) ұзақ өмір сүрмейді және адамнан тыс көбейе алмайды, демек — АИТВ-ы жұқпайды:

  • АИТВ жұқтырған адаммен қол алысу немесе құшақтау;
  • АИТВ жұқтырған адам пайдаланған ыдыс-аяқ, дәретхана орындықтары немесе есік тұтқалары сияқты заттармен жанасу арқылы;
  • ауа немесе су арқылы;
  • маса, кене немесе басқа жәндіктер арқылы.

№6 миф: АИТВ инфекциясын алдын алуға көмектесетін дәрілер жоқ

Үкім: Жалған

Ондай дәрілер бар. Жыныстық қатынас немесе инъекциялық есірткі қолдану арқылы АИТВ жұқтыру мүмкіндігін азайтатын дәрілер бар. Егер дәрігердің нұсқауы бойынша және АИТВ-мен ауыратын адаммен байланыспастан бұрын қабылданса, ол дәрілер АИТВ-ны алдын алуда өте тиімді.

Зерттеулер көрсеткендей, ол дәрілерді дәрігердің нұсқауымен дұрыс ішкен кезде жыныстық қатынас арқылы АИТВ жұқтыру қаупін шамамен 99%-ке азайтады. Жаднамадан сіз қатынас алдындағы профилактика туралы, оның тиімділігі және басқа препараттармен үйлесімділігі туралы толық ақпаратты таба аласыз.

Есірткіні инъекция арқылы салатын адамдар арасында ол дәрілер қаншалықты тиімді екендігі туралы ақпарат аз болса да, дәрігер нұсқауымен қабылдаған кезде АИТВ жұқтыру қаупін кем дегенде 74%-ке төмендететіні белгілі. Қазіргі уақытта инъекция арқылы есірткі қолданатын адамдарға ол дәрінің акцинасын салу ұсынылмайды. Ол дәріні бет албат ішу оның тиімділігін азайтады.

Алдын ала ішетін дәрілер тек АИТВ жұқтырмағандарға тағайындалады, сондықтан оны ішуді бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп, АИТВ-ға тестілеуден өту керек. Егер сіз мүшеқапсыз қауіпті жыныстық қатынас, бірнеше жыныстық серік болуы, инъекция арқылы есірткі қолдану немесе инені ортақ пайдалану сияқты қауіпті ортадан болсаңыз, ол дәрі туралы медицина қызметкерімен кеңесу ұсынылады.

Алдын алу дәрісі АИТВ-инфекциясынан қорғауда өте тиімді, дегенмен, АИТВ-инфекциясын алдын алудың кез келген басқа әдісі сияқты, ол вирустан 100% қорғауға кепілдік бермейді. Сонымен қатар, ол дәрілер басқа жыныстық жолмен берілетін аурулардан қорғамайды немесе күтпеген жүктіліктің алдын алмайды.

№7 миф: Егер жүкті әйелде ВИЧ инфекциясы болса, нәресте де вирусты жұқтырады.

Үкім: Жартылай шындық

АИТВ шын мәнінде анадан балаға жүктілік, босану немесе емізу кезінде берілуі мүмкін, бірақ жұқтыру ықтималдығына көптеген факторлар әсер етеді. Дегенмен, АИТВ-ның алдын алу мен емдеудегі жетістіктердің арқасында ондай жағдай сирек кездеседі. Вирустың анадан балаға берілу ықтималдығын антиретровирустық терапиямен, сондай-ақ сақтық шараларымен және босану кезінде дұрыс медициналық көмекпен 1-2%-ке дейін төмендетуге болады.

АИТВ жұқтырған әйел жүктілік және босану кезінде дәрігер тағайындаған АРТ препараттарын қабылдаса және туғаннан кейін 4-6 апта ішінде нәрестеге дәрігердің нұсқауы бойынша АИТВ препараттарын берсе, вирустың берілу қаупі 1%-тен аз болуы мүмкін.

Жүктілік кезінде тағайындалған антиретровирустық терапия препараттары ана мен бала үшін қауіпсіз. ЖИТС орталығында дәрігер тағайындаған жағдайда сіз терапияны тегін ала аласыз.

Жүкті әйелдерге АИТВ-ға тестілеуді ұсыну және егер АИТВ жұқтырған болса, емдеуді (АРТ) мүмкіндігінше тезірек бастап, жалғастыру маңызды. Бұл вирустың балаға берілмеуіне, сондай-ақ ананың өз денсаулығын жақсартуға көмектеседі.

Жүкті әйелде АИТВ-ны анықтау жүктілікті тоқтатуға емес, антиретровирустық терапияны бастауға көрсеткіш болып саналады.

№8 миф: Контрацептика АИТВ-дан 100% қорғайды.

Үкім: Жартылай шындық

Жоғарыда айтылғандай, АИТВ-ның алдын алудың ешбір әдісі 100% қорғауға кепілдік бермейді. Дегенмен, контрацептив дұрыс қолданылғанда, АИТВ-ның және гонорея мен хламидиоз сияқты кейбір басқа жыныстық жолмен берілетін аурулардың (ЖЖБИ) алдын алудың жоғары тиімді құралы бола алады.

Сондай-ақ, бүгінгі күні мүшеқап АИТВ-ны алдын алудың ең арзан және қол жетімді әдісі.

Мүшеқап анальды немесе қынаптық сияқты жоғары қауіпті жыныстық қатынас арқылы және қауіпі төмен оралды секс және жыныстық ойыншықтарды ортақ пайдалану сияқты жыныстық қатынас арқылы АИТВ инфекциясын алдын алуға көмектеседі.

Инфекцияны жұқтыру немесе жұғу қаупі болса, мүшеқапты жыныстық қатынасқа түскен сайын қолдану ұсынылады.

Мүшеқап адам папилломавирусы, жыныстық ұшық және мерез сияқты терідегі жаралар немесе жарақат арқылы берілуі мүмкін ЖЖБИ-ден азырақ қорғайды.

9 миф: АИТВ-жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратын адамдар медицина, білім беру, қоғамдық тамақтану және т.б. салада жұмыс істеуге құқығы жоқ.

Үкім: Жалған

Қазақстанда білім беру және қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істейтін АИТВ індетін жұқтырған адамдарға жұмыс істеуге шектеу жоқ. Биологиялық материалдармен (қанмен) жұмыс істейтін мамандықтарды қоспағанда, АИТВ-мен ауыратын медицина қызметкерлері де жұмысын жалғастыра алады. Мұндай мамандар басқа жұмысқа ауыстырылады.

АИТВ жұқтырған адамдардың құқығы мен міндеттері Қазақстанның басқа азаматтарымен бірдей. Заң аурудың сипатына байланысты кемсітудің кез келген түріне тыйым салады, бұл АИТВ және ЖИТС-қа да қатысты.

Контекст

Денсаулық сақтау министрінің былтырғы есебіне сәйкес, 2022 жылдың аяғында Қазақстанда 30 558-ден астам АИТВ жұқтырған адам болса, оның 3 877-сі сол жылы анықталған. АИТВ жұқтырғандардың 82%-і ең белсенді – 18-49 жаста. АИТВ-инфекциясын жұқтырғандардың барлығы өз жағдайы туралы біле бермейтінін ескерсек, нақты саны одан да көп болуы мүмкін.

АҚШ Президентінің АИТВ/ЖИТС-пен күресу жөніндегі Төтенше жоспарының (PEPFAR) бір бөлігі ретінде – кез келген елдің бір аурумен күресу бойынша тарихтағы ең үлкен міндеттемесі – CDC Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп АИТВ-инфекциясы жағдайларын азайту және АИТВ/ЖИТС пандемиясымен күресті жеделдетіп, мыңдаған аурудың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz