COVID-19 ағзада 7 ай сақтала ма?

27 желтоқсанда stan.kz сайты коронавирус жүрек пен миға ену арқылы жеті айдан астам уақыт бойы сақталатыны анықталғанын жазды. Мақалада коронавирустың ауыр және жеңіл түрлерінен қайтыс болған науқастардың ағзасынан табылған инфекция жүрек пен миға ену арқылы жеті айдан астам уақыт бойы сақталатыны айтылған. Factcheck.kz сайты бұл ақпаратты тексерді.

COVID-19 ағзада 7 ай сақтала ма?

Үкім: Манипуляция

Research Square сайтында жарияланған бұл мақала препринт болғандықтан, оны сенімді дерек дей алмаймыз. Біз бұған дейін де бірнеше препринт зерттеу туралы жазғанбыз.

Препринт ақпарат — академиялық журналда жарияланбаған және сараптамалық бағалаудан өтпеген ғылыми мақала. Препринт ғылыми ортада кәсіби пікірталас тудыру мақсатында жарияланады. Мақалада қорытынды теория жүзінде ғана немесе алдын ала жасалады.

Зерттеу туралы толығырақ

Ұлттық денсаулық институттары (NIH) клиникалық орталығының мамандары жүргізген зерттеу нәтижесі Research Square порталына жарияланған және препринт екені айтылып, Nature Portfolio Journal журналының талқылауында екені көрсетілген.

Зерттеуде СOVID-19-дан қайтыс болған 44 науқасқа жасалған толық аутопсия нәтижесінде коронавирус тыныс алу жолдары мен өкпеде ғана емес, мида, миокардта, кеуде қуысының лимфа түйіндерде, тілде, шеткергі нервтерде, көз тінінде табылғаны және ол 230 күннен астам уақыт ағзада сақталатыны анықталған. Бұл деректер SARS-CoV-2 жүйелі инфекцияны тудыратынын және ағзада бірнеше ай бойы сақталуы мүмкін екенін дәлелдейді деп көрсетеді зерттеу авторлары.

Материалды дайындаған: Гүлнұр Бітіс

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz