Британ штаммы Ресейге жетті. Біз білетін және білмейтін нәрселер

Бұқаралық ақпарат құралдарында коронавирустың Ұлыбританияда пайда болған және бүкіл әлемге тарала бастаған жаңа және қауіпті штаммы туралы көптеген ақпарат пайда болып жатыр.

Ол алғаш рет желтоқсан айының ортасында анықталды, сол кезде Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаңа нұсқа бұрын белгілі болғаннан гөрі 70% жұқпалырақ болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бүгінгі күні ДДСҰ мәліметі бойынша COVID-19 жаңа штаммы 41 елде табылған.

Ол ТМД елдерінде әлі анықталған жоқ, бірақ бүкіл әлем елдері Ұлыбританиямен көлік байланысын жаба бастады. Елде күшейтілген қауіпсіздік шаралары, нақты айтқанда, карантиннің төртінші санаты енгізілді.

Factcheck.kz редакторлары коронавирустың жаңа штаммы туралы не белгілі екенін және оның қаншалықты аса қауіпті болуы мүмкін екенін анықтады.

Коронавирустың жаңа штаммында не өзгерді?

Коронавирус кез келген басқа вирус сияқты өмір сүрудің жаңа жағдайларына бейімделу және мүмкіндігінше ұзақ өмір сүру үшін мутацияға ұшырайды. Бұл туралы әлемнің жетекші мамандары бірнеше рет ескертті.

Вирус қазірдің өзінде көптеген өзгеріске ұшырап, пандемияны тудырған «стандартты» SARS-CoV-2-ден айтарлықтай ерекшеленеді. Англияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі жаңа нұсқаны VUI-202012/01 деп атады (яғни «2020 жылдың желтоқсан айындағы зерттеу нұсқасы»), ал әртүрлі штаммның өзара байланысының жалпы қабылданған классификациясы бойынша ол B.1.1.7 тармағына жатады.

Эндрю Рамбо бастаған биоинформатика тобының Virological сайтындағы интернет-басылымы қазір жаңа штаммда 17 өзгеріс бар екенін айтады. Олардың 14-і ақуыздар аминқышқылдары бірізділігінің нүктелік өзгеруін білдіреді, ал тағы үшеуі – делеция, яғни бірнеше аминқышқылдың тізбектен шығуы.

Дегенмен бұл олардың вирустың негізгі қасиеттеріне әсері бар дегенді білдірмейді. Бұл қосымша эксперименттерді қажет етеді – Virological-дағы мақала авторлары экспериментті мүмкіндігінше тезірек өткізуге шақырады.

Ол қайдан келді?

Алдын ала мәліметтер бойынша, жаңа штамм Ұлыбританиядағы пациентте пайда болды немесе коронавирус мутациясы бақыланбайтын басқа елден барды. Ғалымдардың айтуынша, штамм иммун жүйесі әлсіреген, вирусты жеңе алмайтын науқаста пайда болуы мүмкін. Сонымен бірге, оның организмі коронавирус мутациясына қолайлы ортаға айналды.

Дүниежүзіндегі вирус үлгілерінің генетикалық кодтарын бақылайтын Nextstrain жаңа штамм Дания мен Австралияға Ұлыбританиядан келді деп болжайды.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралы Оңтүстік Африкада мутацияланған коронавирустың анықталғаны туралы да жазды, әзірше ғалымдар кейбір жалпы сипаттамаға қарамастан Оңтүстік Африкадағы штамм британиялықпен байланысты емес екенін айтады.

Оның жұқпалырақ екені рас па?

18 желтоқсанда Жаңа респираторлық вирустардың қаупі туралы британдық сарапшылар кеңесі есеп жариялады (бұдан әрі – NERVTAG ​​- ред.). Онда қазіргі уақытта B.1.1.7 штаммының шынымен де жұқпалырақ екені туралы «орташа сенімділік» бар екені айтылады, яғни адамнан адамға оңай беріледі.

Мұндай қорытынды Ұлыбританияда басқаларға қарағанда бұл нұсқа 70% жылдамырақ таралатындықтан жасалды (және Ұлыбританияда таралу деңгейі күтілген 0,39-дан 0,93-ке дейін жоғарылады). Оған қоса, сарапшылардың айтуынша, өсім аурудың онсыз да жоғары деңгейінде жүріп жатыр. Бұл байқалып отырған өсу кездейсоқтыққа емес, вирустың өзіне тән қасиеттеріне байланысты деген болжам жасауға көбірек негіз береді.

Мұны Англияның бас санитар дәрігері Крис Уитти де растады. Ол жаңа штамм бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылдам берілетінін мәлімдеді.

Британ сарапшылар кеңесі отырысында дәрігер Мюге Чевик байқау кезінде коронавирус мутацияларының 4 мың түрі анықталғанын және вирустың қаншалықты тез таралатыны әлі дәлелденбегенін айтты. Қазір тек болжамға негіз бар, әлемнің нақты көрінісі әлі жүргізілмеген қосымша зерттеулерден кейін белгілі болады.

Сарапшылар жиналысынан бірнеше күн өткен соң, NERVTAG басшысы Питер Хорби жаңа мәліметтерге байланысты «орташа сенімділік» «жоғары» болғанын айтты. Қазір ғалымдарда жаңа вирустың штаммы әлдеқайда тез таралып жатыр дегенге сенімді себептер бар.

Сонымен бірге, британ сарапшылармен және билік органдарымен белсенді ынтымақтастықта болған ДДСҰ сарапшылары коронавирустың жаңа штаммы бұрынғыдан гөрі жұқпалы екенін хабарлайды.

Лондон Императорлық колледжі ғалымдарының кейінгі мәліметі бойынша, коронавирустың жаңа штаммын жұқтырғандар саны үш есе артты. Ал «ескі» штаммы бар адамдар, керісінше, үштен бірге азайды. Сонымен қатар, жаңа штамм бұрынғыдай 20 жасқа дейінгі адамдар арасында ғана емес, барлық жас тобында бірдей жылдам таралып жатыр.

Зардаптарды қандай?

Қазіргі уақытта жаңа штаммның ауырырақ салдары туралы ешқандай дәлел жоқ. NERVTAG есебі тек осы штаммен жұғу жағдайлары бойынша өлім-жітімнің болжалды көрсеткішін ұсынады (1000-ға жуық аурудан төрт өлім) және ол күтілетін мәндерге толық сәйкес келеді.

Дәл осы ақпаратты ДДСҰ растады. Ұйым мамандарында коронавирустың COVID-19 жаңа штаммының аурудың ауырлығын күшейтетіні туралы ешқандай дәлел жоқ.

Сонымен қатар, коронавирустың өзі тек катализатор екені және аурудың дамуына жанама әсер ететінін есте ұстаған жөн. Бұл жерде адамның иммун жүйесі әлдеқайда үлкен роль атқарады.

Дегенмен жаңа штамм одан да ауыр зардаптарды тудырмайтынына қарамастан, оның таралуы денсаулық сақтау жүйесі үшін әлі де үлкен проблема болып отыр, өйткені адамдар қаншалықты көп ауырса, соғұрлым ауруханалар мен медицина орталықтары толып кетеді.

Коронавирустың жаңа түрінен қорғанудың тың әдістері бар ма?

Қазір әлемде COVID-19-бен күресудің жаңа әдістері жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан қорғану жолдары бұрыннан жасалғанын және ауру өзгерсе де өзгермеуі керек екенін айтады.

«Біз өзімізді қалай қорғауды білеміз және ережелер вирус түріне қарамастан өзгермейді», – деді ДДСҰ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар бағдарламасы директоры Майкл Райан, ДДСҰ жаңа штаммдардың ашылуына оң көзқараспен қарайтынын айтып өтіп.

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың әлемде таралуын белсенді түрде бақылайды және вирустың алдын алу шаралары туралы ұсынымдарды үнемі жаңартып отырады. Ең тиімдісі: медицина маскасын тағу, қолды үнемі жуу және әлеуметтік арақашықтықты сақтау.

Мутацияланған коронавирусқа қарсы вакцина көмектесе ме?

NERVTAG сарапшылары есебінде жаңа штамм вакциналар жасалғаннан айтарлықтай ерекшеленбейтіні көрсетілген. Сапалы зерттеулер болмаған кезде, олар мұндай тұжырымды абайлап шығарады.

«Вирус вакцинадан қорғауға кедергі болатындай иммун реакциясын өзгертпейді деп үміттенеміз. Осы жаңа штаммның салдары әлі де пысықталып жатыр, оның Ұлыбританияда және бүкіл әлемде таралуын азайтуға тырысу орынды сияқты», – деді Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Мартин Хибберд.

Британ сарапшылар кеңесінің тағы бір мүшесі Бен Киллинги анықталған мутация қоздырғышты дамыған вакциналарға төзімді ететіндей маңызды емес деп санайды. Оның пікірінше, вирус бұрыннан бар вакцинаны толығымен қайта жасайтындай өзгерген жоқ.

ДДСҰ-ның сарапшылары дәл осы көзқарасты ұстанады. Коронавирустың жаңа штаммы табылған Ұлыбританиядан алынған кейінгі мәліметтерді талдаудан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның осы күнге дейін жасалған вакциналардың тиімділігіне әсер етпейтінін айтты.

«Кейінгі бірнеше айда вирустың көптеген жаңа штаммы пайда болды, олардың кейбірі COVID-19-дың одан әрі таралуына әсер етті, ал кейбірі әсер етпеді. Бірақ штаммдардың ешқайсы әлі де ауру ағымы ауырлығына әсер еткен жоқ, диагностикадан немесе вакциналардан «жасырынуды» үйренбеді», – деді ДДСҰ өкілі Майк Райан виртуалды баспасөз конференциясында.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz