«АҚШ Жоғарғы соты азаматтарға қауіп төндіретіндіктен вакцинациядан бас тартты»: танымал фейк қайдан пайда болды?

2 наурызда Украинадағы Facebook қолданушысы өте даулы пост жариялады, ол қазір қазақстандықтар арасында мессенджерлерде белсенді түрде таралып жатыр. Постты оқырмандар сұрауы бойынша тексердік.

Автор АҚШ Жоғарғы соты жалпыға арналған вакцинацияны тоқтатты деп мәлімдеді, себебі Билл Гейтс, АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі бас маманы Энтони Фаучи және ірі фармацевтика компаниялары кейінгі 32 жылдағы барлық вакцинаның азаматтар денсаулығына қауіпсіз болғанын дәлелдей алмай, сотта жеңіліп қалды. Оларды сотқа «сенатор  кіші Роберт Кеннеди» бастаған ғалымдар тобы тартыпты-мыс.

Оған қоса, постта мРНҚ вакциналарының соңғы буыны адамның генетикалық материалына араласып, жеке генетикалық материалды өзгертеді деп болжайды. Автордың айтуынша, осылайша адам геномының құрылымы өзгереді, демек COVID-19 вакцинасын гендік қару деуге болады.

Неліктен олай емес екенін баяндаймыз.

Үкім: Жалған және манипуляция

Бұл посттағы ақпарат — ескі фейктер қоспасы, оларды ғылыми сарапшылар да, фактчекерлер де, соның ішінде біздің басылым да бірнеше рет жоққа шығарды. Іс жүзінде Жоғарғы сот АҚШ-тағы вакцинацияларды жойған жоқ. Кеннеди ісі 2018 жылы қаралды, оның қорытындысы (және істің өзі) тек қазіргі оқиғаларға ғана емес, вакциналарды бақылау сапасына да тіпті жанама түрде байланысты емес. Сондай-ақ, COVID-19 вакциналары адам жасушаларының генетикалық құрылымы өзгеруіне әсер етпейді.

Бұған дейін біздің басылым жоғарыда айтылған барлық тұжырымды жоққа шығарды, бірақ бұл фейк ақпарат кеңістігінде белсенді түрде көбейе бергендіктен, бұл жерде не дұрыс емес екенін еске түсіру қажет деп санаймыз.

Әуелі АҚШ-тың Жоғарғы сотындағы Роберт Кеннеди ісін талдайық.

Адвокат Кіші Роберт Кеннеди — АҚШ-тағы вакциналарға қарсы қозғалыс жетекшісі және вакцинация бағдарламасы беделін түсіру үшін бірнеше рет ғылымға қарсы мәлімдемелер жасады. Айтпақшы, Кеннеди сенатор емес, ешқашан ол қызметте болған емес.

Оның сотқа арызданғаны рас, кейінірек 2018 жылы твиттерде өзінің ұйымы HHS-ке (АҚШ денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету департаменті) қарсы «істі жеңіп алды» деп жазды. Дегенмен ол қандай іс екенін және сот шешімі қандай болғанын қарастырған жөн.

Сот ісі бойынша, Кеннеди вакцина сапасын бақылау туралы есептер ұсынуды талап етті, оны Денсаулық сақтау министрлігі рәсімге сәйкес басқа министрліктерге жіберген еді. Жауапта мұндай құжаттар табылмағаны айтылады. Министрлік ешқандай хат-хабар табылмағанын мойындады, бұл мәліметтерді жіберуде немқұрайлық болғанын және белгіленген тәртіпке сай келмегенін көрсетеді, бірақ басқа ешнәрсені білдірмейді.

Кейін әлеуметтік желілерде бұл ақпарат бұрмаланды, вакциналардың қауіпсіздігі туралы зерттеулер болмаған жалған мәліметтер жасау үшін қолданылды. Іс жүзінде, көптеген фармацевтика компаниясы, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар COVID-19-ға қарсы вакциналарды ғана емес, барлық қолданыстағы вакцина сапасы мен қауіпсіздігін үнемі қадағалап отырады.

Мысалы, үкіметтің вакциналардың қауіпсіздігі туралы веб-сайты; АҚШ денсаулық сақтау және халыққа қызмет көрсету министрлігі сайтында вакциналар туралы бөлім де бар; CDC сайтындағы зерттеу туралы ақпарат (үнемі жаңартылып отырады, жыл сайынғы мониторинг есептерін табуға болады, кем дегенде, 1997 жылғы мәліметтер бар), мұнда 2011 жылы FDA зерттеу есебі немесе 2008 жылы шыққан зерттеу бар.

Вакцинациядан кейін адам геномын өзгерту туралы не айтуға болады?

Мұндай мәліметті әртүрлі фактчекинг және медициналық ресурс бірнеше рет жоққа шығарды. Адам организміне қалыптамалық немесе ақпараты бар РНҚ-ны енгізу оның ДНҚ-сына еш әсер етпейді. Бірқатар вакцина жасалған кезде мРНҚ немесе ДНҚ платформалары мүлдем қолданылмағанын еске салайық.

CDC сайтында мРНҚ вакциналары біздің жасушаларымызға (мРНК) COVID-19 қоздырғышын тудыратын вирус бетіндегі «тікенді ақуыз» жасауды тапсыратыны айтылған. Нұсқау иммун жасушаларға жеткенде оларды жасушалар ақуыз жасау үшін пайдаланады. Ақуыз жасалғаннан кейін жасушалар мРНҚ-ны ыдыратып, одан құтылады.

Содан кейін жасуша бетінде ақуыздың бір бөлігін көрсетеді. Иммун жүйеміз ақуыздың бөтен екенін анықтап, COVID-19 табиғи инфекциясы кезіндегідей иммун жауабын жасай бастайды да, антиденелер шығарады.

Осылайша, организмдегі жалғыз өзгеріс — вирус инфекциясының алдын алатын немесе ауру ауырлығын төмендететін антиденелер мен Т-жасушаларын өндіруді ынталандыру.

Қорытынды

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде таралған пост — COVID-19 вакцинациялау бағдарламасы беделін түсіру үшін бір хабарламаға біріктірілген ескі фейктер жиынтығы. Бұл — ескі фейк модификациясы жаңасын жасауға қалай әкелетіні туралы нақты мысал.

АҚШ-тың Жоғарғы соты вакцинациялардан бас тартпады, адвокат Роберт Кеннеди ісі бұған ешқалдай әсер еткен жоқ, ал қазіргі вакциналар адам геномын қайта жасауға қабілетті емес.