Қазақстан және пандемия: экономика қалай өзгерді?

ҚР премьер министрінің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 20-маусымда өткен парламент палаталарының бірлескен отырысындағы баяндамасында Қазақстанның пандемиядан кейінгі экономикалық жағдайы жайында сөз қозғады. Министрдің мәлімдемесін ескере отырып, Қазақстанның пандемияға дейінгі және кейінгі экономикалық жағдайына талдау жасадық. Қазақстан экономикасының кейінгі 5 жылдағы әл-ауқаты қандай? Бірге қарастырайық.

Тайм-код: 22:49

Пандемиядан кейін экономиканың біршама жанданғаны рас па?

Мәлімдеме: ЖІӨ [2022 жылы – ред.] 3,3%-ке өсті.

Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылғы Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) нақты көлем индексі 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ке өскен.

ЖІӨ-нің нақты көлем индексі (НКИ) экономикада нақты кезеңдегі тауарлар мен қызметтер өндірісі көлемінің өзгерісін сипаттайды.

Мәлімдеме: Пандемиядан кейін экономиканың біршама жандануы байқалды.

Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

Үкім: Шындыққа жақын

Шынымен де пандемиядан кейін ел экономикасында біршама өсімнің бары рас. Десе де, көрсеткіштер әлі де пандемияға дейінгі кезеңге жеткен жоқ. Сондықтан да “экономиканы толық қалпына келді” не “пандемияға дейінгі көрсеткішке жеттік” деуге әлі ерте. Мәселен, пандемияға дейінгі 2019 жылы ЖІӨ-нің НКИ-і 104,5% болса, 2021 жылы 104,3%, ал 2022 жылы 103,3%-ке жетті.

Қазақстан және пандемия: экономика қалай өзгерді?

Мәлімдеме: Өңдеу өнеркәсібі – 3,4%, құрылыс – 9,4%, көлік 3.9%, ауыл шаруашылығы 9,1%-ке өсті. 

Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

Үкім: Шындық

Шынымен де, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ең жоғарғы көрсеткіш құрылыс саласында – 9,4% болған. Кейінгі орында ауыл, орман және балық шаруашылығы – 9,1%. Көлік және жинақтау – 3,9%, өңдеу өнеркәсібі салалары 3,4%-ті құраған. Одан өзге, таза салықтар есебінен ЖІӨ 7,9%-ке өскен. 

Бюджеттің түбі көрінді

Мәлімдеме: Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге шаққанда 2.3% құрады. 

Ерұлан Жамаубаев, Қаржы министрі

Үкім: Шындыққа жақын

Дегенмен, ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасының “2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР үкіметінің есебіне қорытынды” құжатында келтірілген мәліметтер бойынша, республикалық бюджеттің тапшылығы – 2390,8 млрд теңге не ЖІӨ-ге шаққанда 2,3% болған.

Covid-19 пандемиясына дейін де ЖІӨ-ге шаққандағы бюджет тапшылығы 1%-ке артып келген, бірақ пандемия әсерінен 2020 жылы серпін болып, бірден 1,4%-ке өсті. Бұл – кейінгі 5 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Содан бері бюджет тапшылығы жылына небәрі 0,1%-ке түсіп келеді.

Қосымша: ҚР Жоғары аудиторлық палатасының болжамына сәйкес, бюджет тапшылығының 3,3% параметрлері жағдайында 2030 жылға қарай Үкіметтің қарызы ЖІӨ-ге шаққанда 49%-ке дейін ұлғайту қаупі бар, өйткені оның өсу қарқыны ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқынынан едәуір озып кетті (соңғы 15 жылда үкіметтік борыштың өсу қарқыны орта есеппен 28%, ЖІӨ – 15%).

Инфляция өскенімен әлеуметтік көрсеткіштер өспеді…

Қазақстан және пандемия: экономика қалай өзгерді?

Инфляция өсімі 2022 жылы рекордтық көрсеткішке – 20,3%-ке жетті. Пандемия кезіндегі инфляция 7,5% болса, 2021 жылы 8,4%-ке өсті. ҚР Жоғары аудиторлық палатасының қорытындысына сәйкес, 2022 жылғы инфляцияның нақты қалыптасқан қарқыны 2020 жылғы болжамнан 4 есе жоғары болған. Бірақ әлеуметтік көрсеткіштер жеткілікті деңгейде өспегенін байқаймыз. Мәселен, 2022 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 10%-ке, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 5,8%-ке өскен.

Кейінгі 5 жылдағы ең жоғары инфляция өсімі азық-түлік секторында болды. 2022 жылғы көрсеткіш бойынша азық-түлік тауарларының инфляциясы 25,3%-ке жетті. Азық-түлік емес тауарлар да қалыс қалған жоқ. Кейінгі 5 жылда 13%-ке, ал ақылы қызметтер 10%-ке өскен. Пандемияға дейін қызмет көрсету секторындағы инфляция небәрі 0,7% болатын.

Инфляцияның қаншалықты өскенін төмендегі инфограмнан көре аласыздар.

Пандемияға қарамастан орташа жалақының өсу қарқыны тоқтамады, кейінгі 5 жылда орташа жалақы жыл сайын кемінде 7%-ке өсіп отырған. Дегенмен орташа айлық жалақы шынайы жағдайды нақты көрсетпеуі мүмкін. Халықтың табыс көрсеткішін дұрысырақ сипаттау үшін медиандық жалақыны да ескеру керек. Медиандық жалақыға пандемияның әсері болмай тұрып-ақ, 2019 жылы шамамен 36%-ке құлдырады. 2020 жылы қайтадан 27%-ке артқанымен, ақшалай көрсеткіші жағынан өткен жылды басып оза алмады. 

Естеріңізде болса, 2022 жылы АО “Қазпошта” қызметкерлері жалақыларын көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Қызметкерлер бағаның жаппай өсуі жағдайында 100 000 теңге жалақымен өмір сүріп жатқандарын айтты. Оқиғадан 2 жыл бұрын (2020 жылы) қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов Facebook желісіндегі парақшасында Қазпошта директорының шамамен 1,2 млн тг жалақы алатыны жайында жазған.

Орташа жалақы– бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы есептелген жалақы қорының сомасын қызметкерлердің нақты санына және есепті кезеңдегі айлар санына бөлу арқылы анықталатын көрсеткіш.

Медиандық жалақы – есептелген жалақы мөлшері бойынша қызметкерлер санын бөлу қатарының ортасында тұрған және оны тең екі бөлікке бөлетін төмен және жоғары медиандық жалақымен жалақы мөлшері.

Жұмыссыздық деңгейі төмен, жұмыссыз халық неге көп?

Пандемия кезінде жұмыссыздық деңгейі ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, дейінгі және кейінгі кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған. Мысалы, жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы да, 2022 жылы да 4,9% болды. Тек 2019 жылы 0,1%-ке кеміген.

Қазақстан және пандемия: экономика қалай өзгерді?

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, жыл сайын жұмыссыздық деңгейімен күресуге қыруар қаржы бөлінеді. Мәселен, 2017-2021 жылдар аралығында жұмсалған жалпы қаржы көлемі 596,5 млрд теңгеден асып жығылды. Дегенмен, бұл сомалардың жұмыссыздық деңгейіне қаншалықты әсер еткенін анықтау қиын. Себебі, көрсеткіш тұрақты – 4,9%. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі деректерді салыстырғанда, өзгергені – бюджеттен бөлінген қаржының сомасы.

Осы тұста  мемлекеттегі жұмыссыздық деңгейінің шынайылығына байланысты GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист-сарапшы Мақсат Халықтың пікірін сұрастырдық:

Елімізде жылдар бойы жұмыссыздық көрсеткіші 5%-тен аспайды. Шындығын айтқанда, өзге де дереккөздерге сүйенсек, жұмыссыздық көрсеткішінің өсіп келе жатқанын байқаймыз. Мысалы KPMG компаниясының есебінде жұмыссыздық деңгейі едәуір жоғары болды. Тиісті профильдік министрлік өкілдерінің айтуынша, көрсеткіш “Жұмыспен қамту орталықтарында” нақты тіркелген азаматтардың саны бойынша есептеледі.

Мақсат Халық, экономист

Мақсат Халық атаған KPMG компаниясының дерегіне көз жүгірткен едік. Компанияның басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев 2022 жылдың 25 ақпанында Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мынадай екі мәлімдемені келтірген:

  • Нақты жұмыссыздық деңгейі ресми көрсеткіштен 4,9%-тен жоғары және 10-20%-ке жетуі мүмкін.
  • Қазақстан экономикасының қазіргі құрылымы барлық жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға, сондай-ақ лайықты жалақы төлеуге мүмкіндік бермейді. 

Жұмыссыздық деңгейін нақты анықтайтын арнайы дереккөздің жоқтығына байланысты жұмыссыз адамдар санын да кесіп айту қиын. Ресми көрсеткіштер бойынша, пандемия кезінде Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі туындамаған. Ал бейресми деректерде пандемия жұмыссыздық дейгейіне әжептеуір әсер еткені жайында бірнеше материалдар жарық көрген (1, 2, 3, 4). 

Материалды дайындаған: Шынар Төлеухан

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz