2023 жылы 20 тамызда Х желісіне көк лаваның суреті жарияланды. Фото Эфиопияда түсірілген деседі. Жазба 180 мыңнан астам қаралым жинады. Snopes фактчекерлері суретті және оған қатысты ақпаратты тексеріп көрді.

Бір қызығы, сурет шынайы, оны ешкім өңдемеген. Бірақ оған қатысты ақпарат жалған. Суретте жанартау лавасы емес, жанартау белсенділігінен пайда болған күкірт диоксидінің жанған сәті бейнеленген. Оған қоса коллаждағы екі суреттің бірі (оң жақтағы) Индонезияда, бірі (сол жақтағы) шынымен Эфиопияда түсірілген. Сол жақтағы фотода жанартау емес, гидротермиялық учаске бейнеленген.
Гидротермиялық учаскелер – жылу жүйесі жанартаудыкі сияқты, бірақ ондағы процесс жер асты суларын жылытумен байланысты.
Кері іздеу нәтижесі суретті 2014 жылы француз фотографы және кинорежиссер Оливье Грюневальд түсіргенін анықтады. Данакил ойпатында орналасқан Даллол гидротермиялық нысанының суреті алғаш рет 2014 жылғы 21 мамырда New Scientist журналына жарияланған. Ал Индонезиядағы Кава Иджен жанартауының фотосы National Geographic журналына 2023 жылғы 30 қаңтарда шықты.
«Бұл көк жалын күкірт диоксидінің жанғанынан пайда болды», – деді автор Оливье Грюневальд фактчекерлердің электрон поштасына жолдаған хатында.
АҚШ-тағы Геологиялық қызметтің жанартау қалдықтарына қатысты жобасының геолог-зерттеушісі Питер Келли Snopes басылымына күкірт бар заттардың табиғи шөгінділері салдарынан бу жанатынын, содан көгілдір жалын пайда болатынын айтты. Мұнда H2S (күкірт сутегісі) және SO2 (күкірт диоксиді) газдары туралы айтылып жатыр.
Келлидің айтуынша, H2S және SO2 температураға байланысты сұйық не қатты бола алатын табиғи күкіртті түзеді. Мысалы, 110 градус Цельсийден жоғары температурада табиғи күкірт сұйық болады және 160 градус Цельсийде жалынды ұстап тұру үшін қажет буды шығара алады. Зерттеушінің сөзінше, табиғи күкірт 230 градус Цельсийден жоғары температурада ауамен араласқанда «өздігінен тұтануы» мүмкін.
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған фотоға қатысты сипаттама қате.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.