Эстониядағы балабақшаларда сексуал сауат туралы кітап пайда болған ба?

2023 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желі қолданушылары бір кітапта жалаңаш жұптардың сүйіскені, жыныстық қатынасқа түскені бейнеленген иллюстрациялардың суретін таратты. “Бұл кітап Эстониядағы мектепке дейінгі мекемелерде оқуға міндетті болды” деген болжам айтылды. Eesti Päevaleht және “Проверено” фактчекерлері деректі тексерді.

Вирустық фотода эстон тіліндегі жазулар мен сүйісіп жатқан адамдардың иллюстрациясы бар. Ондағы үш жұптың екеуі жалаңаш, жыныс мүшелері де көрініп тұр.

“Эстониядағы балабақшаларға арналған жаңа оқу құралдары”, – деп жазды осы фотоны жариялаған Telegram арнасының бір қолданушысы. Мұндай ақпарат Facebook-та да тарады.

Эстониядағы балабақшаларда сексуал сауат туралы кітап пайда болған ба?

Иллюстрациялар бейнеленген кітап — норвег суретшісі және балалар жазушысы Анна Фрискенің “Қалай балалы болуға болады?” деген еңбегі. Ол биылғы тамызда эстон тіліне аударылды.

Таллинндегі Rahva Ramaat кітап дүкенінің уеб-сайтындағы сипаттама бойынша, автор бұл кітапта балалардың нәрестелер туралы көптеген сұрағына жауап береді: бала анасының ішіне қалай түседі, кім бала туа алады, олар қалай пайда болады және тағы басқа сұрақтар. Сол дүкеннің уеб-сайтында кітаптың беттері, соның ішінде вирустық фотоның фрагменті көрсетіледі.

Алайда бұл кітапты Эстониядағы балабақшаның бағдарламасына қосқаны туралы ақпарат жалған. Фактчекерлер Эстонияның Білім және зерттеулер министрлігінің мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Майла Раяметске хабарласып, мән-жайды сұрады. Ол жергілікті балабақшалардағы мемлекеттік оқу бағдарламасында Фискенің кітабы жоқ екенін мәлімдеді.

«Алайда оқу бағдарламасында балалардың жалпы дағдыларын дамыту қарастырылған, оны мектепке дейінгі мекемелер қолдауға тиіс. Балалардың орынсыз жыныстық мінез-құлықты тани алуын қамтамасыз ету үшін жасына сай денсаулық мәселелерін шешу ата-ананың да, барлық білім беру қызметкерінің де міндеті. Күтушілер мен балабақша тәрбиешілері баланың қауіпсіздігіне және жыныстық мінез-құлқына қатысты мәселелерді белсенді түрде анықтай алуы және олар туралы хабарлауға батыл болуы керек. Балалардың өздерін ықтимал жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғауға санасын дайындау қажет», – деді Раяметс.

Эстониялық фактчекерлер Таллиндегі үш балабақшамен байланысып, олардың өз жұмысында норвег жазушысының шығармасын пайдаланып-пайдаланбайтынын анықтауға тырысты. Олар пайдаланбайтынын, мекемесінде мұндай кітап жоқ екенін айтқан.

Factcheck.kz