Сот Украина азаматы Близнюктің қамау жазасын айыппұлмен алмастырды

Сот Украина азаматы Златослава Близнюктің қамау жазасын айыппұлмен алмастырып, өзін босату туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Азаттық Радиосы хабарлады.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан соты Украина азаматы Златослава Близнюкті “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыптап, он күнге қамап, елден шығару туралы шешім шығарған. Кейін Близнюк адвокаты шешімді апелляцияға берген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Украина азаматының елден шығарылуына қарсылық білдірген. Оның ішінде “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры, Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюросы, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры, Ар.Рух.Хақ ҚҚ, Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі, ҮЕҰ азаптауға қарсы коалициясы, “Либерти” ҚҚ бар.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Тамара Калееваның сөзінше, Близнюк Қазақстанда ықтиярхатпен 2017 жылдан бері тұрып жатыр. Ол өзінің Instagram парақшасында Украинаны қолдау митиңі туралы жазба жариялап, биліктің оған рұқсат етпегенін білгеннен кейін жазбаны өшірген. Осыған байланысты полиция хаттама толтырған.

Бастапқыда Астана соты “қылмыс құрамы жоқ болғандықтан” әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі тоқтатқан. Кейін полиция жаңа хаттама толтырған. Оған сай, сот 1 мамырда Близнюкті 10 күнге қамауға алып, Украина азаматын депортациялау туралы шешім шығарған. Құқық қорғаушы Калееваның сөзінше, мұнда сот “бір құқық бұзушылығы үшін адамды екі рет әкімшілік жазаға тартуға болмайды” деген норманы ескермеген.

1 мамырда Қазақстанның бірқатар қалаларында Қазақстанның ЕАЭО және ҰҚШҰ-дан шығуын және Украинадағы соғысты тоқтатуын талап ететін митиң өтетіні туралы хабарланған. Азаттық радиосының жазуынша, сол күні Алматыда полиция бірнеше адамды ұстаған, ал бірқатар қалаларда қауіпсіздік шаралары күшейтеліп, Шымкент пен Ақтөбе белсенділері “полиция үйден шығармай отыр” деп шағымданған.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz