Шетелдік инвестициялар бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр ма?

23 маусымда өткен Үкімет отырысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров шетелдік инвестициялар туралы бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz Айдаров мәлімдемесі қаншалықты рас, тексеріп көрді.

Тайм-код: 12:22

Шетелдік инвестициялар ағыны бойынша Қазақстан 46% үлесімен Орталық Азияда бұрынғыша көш бастап тұр.

Алмас Айдаров

Үкім: Шындық

Алмас Айдаров мұнда тікелей шетелдік инвестицияға қатысты (ТШИ) деректі келтіріп отыр. 2021 жылы Ұлттық банк мәліметінше Қазақстанға тартылған ТШИ көлемі $3,172 млрд құрады. БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) World Investment Report баяндамасына сәйкес, өткен жылы Орталық Азиядағы таза ТШИ көлемі шамамен $7 млрд құрады. Яғни, аймаққа тартылатын ТШИ ағынының 45,3%-і Қазақстанға тиесілі.

Егер ТШИ-ның жалпы ағыны туралы айтатын болсақ, онда Қазақстанның Орталық Азиядағы үлесі 50%-тен де көп болуы мүмкін. Ұлттық банктің мәліметі бойынша 2021 жылы Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны $23,7 миллиардқа жетті. Төменде Орталық Азия елдерін жеке-жеке қарастырайық.

Жоғарыда келтірілген сандарды ескере отырып, жалпы ТШИ ағыны бойынша Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы үлесі 50%-тен жоғары деп болжауға болады.

Шетелдік инвестициялар бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр ма?
Азияға тартылатын ТШИ ағыны, 2020-2021 жж., миллиард доллар | Дереккөз: UNCTAD

Соңғы 5 жыл ішінде біздің еліміз жыл сайын $20 млрд-тан астам қаржы тартады. Жаһандық пандемия салдарынан 2020 жылғы ерекше жағдайға байланысты инвестициялар ағымы 35%-ға азайды. 2021 жылы инвестициялық ағындар қалпына келіп, Қазақстан $23,7 млрд долларды тарта отырып, 37,7% болатын өсім көрсетті.

Алмас Айдаров

Үкім: Шындық

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылды қоспағанда, соңғы 5 жылда Қазақстан жыл сайын 20 миллиард доллардан астам ТШИ тартты. Сонымен қатар, ЮНКТАД дерегіне сәйкес, COVID-19 пандемиясының салдарынан әлемде инвестиция ағыны 2020 жылы 35%-ке азайғаны рас. Ал 2021 жылы Қазақстан ТШИ-ға $23,7 млрд тартты, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға жоғары.

Барлық негізгі салалар бойынша өсім байқалды: тау-кен өнеркәсібі – 18,3%, өңдеу өнеркәсібі – 65,4%, сауда – 46,7% , қаржы және сақтандыру қызметі – 57,2%, құрылыс – 37,8%-ке өсті. Бұл ретте, инвестициялардың төмендеуі білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау сияқты салаларда байқалды.

Алмас Айдаров

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, тау-кен өнеркәсібі — 18,3%, өңдеу өнеркәсібі — 65,4%, сауда (дәлірек айтсақ, «көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу» — ред.) — 46,7% , қаржы және сақтандыру қызметі — 57,2%, құрылыс — 37,8%-ке өсті. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, өнер, ойын-сауықтар және демалыс санаты бойынша инвестиция көлемі 2020 жылғы 23,2 млн доллардан 8,9 млн долларға; сумен жабдықтау – 42,8 млн доллардан 10,9 млн долларға төмендеген.

Спикердің өзі және біз алдыңғы мәлімдемені тексеру барысында атап өткеніміздей, бұл өсім 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға байланысты. Яғни, ТШИ ағыны пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды деген қорытынды жасауға болады.

Оқи отырыңыз:

30 мамырда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты политолог Данияр Ашимбаевтың телеграм арнасында жарияланды. Назарбаев елімізге шетелден тартылған инвестиция, жалпы ішкі өнімге қатысты және ел экономикасын Орта Азия елдерімен салыстырып, бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz келтірілген деректерді тексеріп көрді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz