Фактчек | Назарбаев: Қазақстан экономикасы Орта Азия елдерінің экономикасынан 2 есе көп

30 мамырда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты политолог Данияр Ашимбаевтың телеграм арнасында жарияланды. Назарбаев елімізге шетелден тартылған инвестиция, жалпы ішкі өнімге қатысты және ел экономикасын Орта Азия елдерімен салыстырып, бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz келтірілген деректерді тексеріп көрді.

Қазақстан саяси да, экономикалық та халықаралық процестердің толыққанды қатысушысына айналды. Тәуелсіздік жылдары елімізге 360 млрд. доллардан астам тікелей шетелден инвестиция тартылды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбаты делінген мәтіннен.

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық банк дерегінше, 1993 және 2020 жыл аралығында шетелден тікелей тартылған инвестиция — 351 млрд доллар. 2021 жылдың соңында жарияланған ақпаратына сүйенсек, шетелден тартылған инвестиция 23,6 млрд доллар. Екі деректі қосқанның өзінде 370 мдрд доллардан асады. Яғни, Назарбаев келтірген деректен де көп.

1991 жылдан бері Қазақстанға ең көп инвестицияға тартылған елдер: Нидерланды — 101, 1 млрд, АҚШ — 46,2 млрд, Швейцария — 28,5 млрд, Қытай — 20,4 млрд, Франция — 17,2 млрд және Ресей — 16,6 млрд доллар.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, Қазақстанның ЖІӨ 1993 жылғы 5,15 млрд. доллардан 2020 жылы 164,79 млрд. долларға дейін 32 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,7 мың долларға дейін 28 есе өсті.

Экс-президент Назарбаев.

Үкім: Шындыққа жақын

Расымен Халықаралық валюта қорының мәліметінше, 1993 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5,15 млрд долларды құрады. Ал 2020 жылы Назарбаев айтқаннан да көп — 171,08 млрд доллар. Ал өсім көрсеткіші 28 есе емес, 33 есе артқан.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 1993 жылы 304,85 доллар болса, ал 2020 жылы тағы да Назарбаев айтқаннан да көп — 9,06 мың доллар.

Қазақстан экономикасының көлемі Орта Азия елдерінің барлығын қосқанның өзінде 2 есе үлкен. Біз аймақ бойынша экономикалық лидер ретінде танылғанбыз.

Н. Назарбаев

Үкім: Манипуляция

Ескерту: Орта Азия (Средняя Азия) — Кеңес Одағынан қалған атау. Орта Азия елдері деп Қырғыз, Тәжік, Түрікмен және Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын атаған. Ал Орталық Азия (Центральная Азия) деген атауды 1993 жылы саммитте Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның басшысы бекіткен. Дүниежүзілік банк мәліметіне сүйеніп, Орталық Азия елдері Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан екенін ескертейік.

Біз сарапшы, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбеттен ЖІӨ арқылы экономикалық деңгейімізді өлшеу қаншалықты орынды екенін сұрадық. Оның айтуынша, экономикалық даму деңгейін салыстыру бойынша ЖІӨ жағдайды толық көрсетпейді. Бірақ ең қолжетімдісі осы екенін айтты.

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 190,81 млрд долларды құраған. Ал Орталық Азиядағы (Қазақстанды қоспағанда) елдердің жалпы ішкі өнімін қосқанда 149,64 млрд долларды құрады. Егер ЖІӨ арқылы есептесек, Қазақстанның экономикасы жоғары деп айтуға болады. Алайда бұл статистика Назарбаевтың екі есе үлкен деген сөзін растамайды.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банктің дерегін қарадық. Дүниежүзілік банк сайтында ЖІӨ-ге қатысты 2020 жылға дейінгі деректер келтірілген. Алайда Түркіменстанға қатысты 2019 жылға дейінгі дерек бар. Сондықтан Қазақстанның ЖІӨ-сін Орталық Азиядағы басқа елдермен салыстыру үшін 2019 жылғы деректі қолдандық.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2019 жылы 181,67 млрд долларды құраған. Осы статистикаға сүйеніп, Қазақстаннан бөлек Орталық Азиядағы елдердің жалпы ішкі өнімі 122,31 млрд доллар екенін нақты айтуға болады. Қорытындылай келе тағы да Назарбаевтың еке есе деген мәлімдемесі расталмады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz