Ресейде алғаш рет фейк туралы қылмыстық іс әскерилерге қарсы қозғалды

Ресейде алғаш рет әскерилердің өзіне қарсы әскер туралы жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Азаттық Радиосы “Агора” құқық қорғау ұйымының басшысы Павел Чиковке сілтеп хабарлады.

Айыпталушылар Илья Карпенко мен Валерий Котовичтің істерін әскери гарнизон соты қарастырады. Қазірг Валерий Котовичтің қамауға алынғаны белгілі, алайда одан басқа нақты мәліметтер жария етілмеген.

Павел Чиковтың айтуынша, Ресей әскерінің әрекеті туралы жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің жаңа бабы бойынша айыпталғандар мен сотталғандардың жалпы саны жүзге жеткен. Кейінгі аптаның өзінде осындай жеті қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушының көбі фейкке қатысты баптың ең ауыр, яғни екінші бөлігі бойынша жазасын өтеп жатыр. Оған сәйкес, сотталушы 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Қазір 28 адам түрмеде отыр. 

Айта кетейік, Украина аумағына жаппай әскери басып кіру басталғаннан кейін Ресей билігі қылмыстық және әкімшілік кодекстерге Ресей әскерінің әрекетін қаралау және ол туралы жалған ақпарат таратуға қатысты бірнеше жаңа бап қосты. Заңнама 2022 жылғы 4 наурыздан бастап күшіне енді.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 24 ақпаннан бері Ресейде 138 мыңнан астам тәуелсіз медиа мен интернет-ресурс бұғатталды, соғысқа қарсы шыққан 16 мыңнан астам адам ұсталған.

Factcheck.kz