Психиатр Софья Доринскаяның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мәлімдемелеріндегі жалған және манипуляция

Пандемия басталғалы бері орыс тілді ақпарат кеңістігінде түрлі дәрігерлер мен профессорлардың күмәнді мәлімдемелері толып кетті. FactCheck.kz редакциясы бұған дейін Люк Монтанье, Александр Редько, Павел Воробьев  мәлімдемелеріндегі жалған мен манипуляцияны егжей-тегжейлі талдаған болатын. 2021 жылдың  көктемінде қазақстандықтар ресейлік психиатр-дәрігер Софья Доринскаяның негізсіз мәлімдемелеріне назар аударды. Біздің StopFake.kz-тегі әріптестеріміз оның «вакцинация салдарынан әр елде COVID-19 жұқтырғандар көбейіп кетті» деген мәлімдемесін жоққа шығарған еді. Біз оның кейінгі видеодағы пікірлерін талдап көрдік.

Мәлімдеме: «Екпе» иммунитеті дегеніміз – ағза… ағзаның қорғанысы болады, бірақ кенеттен барлық табиғи кедергілерді бұзып өтіп, оның қанына қауіпті агенттің қандай да бір бөлігі түседі. Осы жері өте қауіпті. Эпидемия салдарынан адамның иммунитетіне күш түскенімен қоймай, иммунитет толығымен қирап қалуы мүмкін.

Үкім: Манипуляция

Мәлімдеме авторы иммунитеттің «қирауы» туралы екі жерде қате тұжырым жасады:

  1. Антигендер «дәл қанға» енгізілгенде қауіпті боп кетпейді. FactCheck.kz редакциясы биолог Әсел Мұсабековамен бірге адамның ағзасы теріге оралған қан құйылған қап емес екенін түсіндірген.

Көбіне вакцина бұлшықет ішіне енгізіледі. Бұл жағдайда препарат «сіңіп кету» үшін алдымен ерігіш күйге өтуі керек, содан кейін жүйелі қан айналымына түспес бұрын бірқатар кедергілерді жеңуі керек. Вакцина компоненттерінің бір бөлігі инъекция орнында қалады, екінші бөлігі иммундық жүйенің жасушаларына түсіп, тек үшінші бөлігі алдымен лимфаға, содан кейін қанға енеді.

Препарат жүйелі әрекет ету үшін қанға түсіп қана қоймай, түрлі ағза мен тінге түсіп, ағзаға таралуы керек. Бұл процесс тамырдың тосқауылдары, жасуша мембраналары, гематоэнцефалды және плацентарлы тосқауылдар сияқты табиғи кедергілермен реттеледі.

  • Вакциналардағы антиген саны ағзаға күнделікті өмірде шабуылдайтын қауіпті агенттердің санынан салыстырмалы түрде аз (тек эпидемия кезінде ғана емес!)

Бұрын жазғанымыздай күн сайын адам ағзасына қоршаған ортадан 6 мыңға дейін түрлі антигендер шабуыл жасайды. Ағза оған үйренген және иммунитетке одан күш түспейді. Заманауи вакциналар туралы айтар болсақ, АҚШ-та, мысалы, егер екпе күнтізбесіндегі барлық вакцинаны қатар қоятын болса бар болғаны 173 антиген жиналатынын есептеген.

Коронавирусқа қарсы жаңа вакциналарда антигеннің өзі емес, антигенді түзуге арналған бағдарлама бар. Дегенмен препаратта COVID-19-дың әлсіз немесе әсерсіздендірілген (инактивтелген) түрі болған күннің өзінде олардың саны иммунитетке күш түсіру үшін жеткіліксіз.

Мәлімдеме: «Екпе» иммунитетінде тұрақтылық болмайды

Үкім: Манипуляция

Кейбір екпелерден кейінгі қорғаныс өмір бойына немесе өте ұзақ уақытқа дейін сақталады (төменде мысалдар келтірілген). Адам қаншалықты ертерек екпе алса, вакцина түзген қорғаныс соншалық мықты әрі ұзағырақ болады. Жас кезде иммун жүйесі жақсырақ үйренеді және алған сабақты өмір бойына есте сақтайды. Қазақстандағы Ұлттық екпе күнтізбесі ересектерге әр он жыл сайын дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина алып тұруға кеңес береді.

  • Қызылша: ДДСҰ мәліметі бойынша, дұрыс енгізілген қызылшаға қарсы вакцинаның бір дозасы, антидене түзіп, көптеген дені сау  адамдарды өмір бойы қорғай алады
  • Қызамық: вакцинадан туындаған иммунитет  барлық адамда өмір бойы сақталады, бірақ антидене деңгейі белгісіз мөлшерге дейін төмендеуі мүмкін.
  • Полиомиелит: ДДСҰ мәліметі бойынша, вакцинадан кейін пайда болған антидене мөлшері уақыт өте келе азайғанымен, полиемиелитке қарсы иммунитет өмір бойына сақталатын тәрізді.
  • В вирусты гепатиті: обсервациялық зерттеулер инфекцияның пайда болуының алдын алатын вакцинаның алғашқы курсы, яғни сәби кезде алған вакцина 22 жыл бойы тиімді болғанын көрсетті.
  • Туберкулез: сәбилерге алғашқы БЦЖ вакцинасы салынғаннан кейінгі қорғаныс 15-20 жылға созылуы мүмкін. Солтүстік Африканың солтүстігінде зерттеу жүргізген кезде дүниеге келген кезде БЦЖ вакцинасы егілген адамдардың қорғанысы 50-60 жылдан кейін де туберкулездің барлық салдарынан қорғаған.
  • Көкжөтел: алғашқы егу курсынан және бір бустерлік дозадан кейін қорғау ұзақтығы, бағалау бойынша, 6-12 жылға жеткен. Бұл табиғи ауру нәтижесінде пайда болған иммунитетпен бірдей.

Мәлімдеме: Фантастикалық мутациясы бар (коронавирус тәрізді) тұмауға қарсы екпенің де әсері жоқ

Үкім: Жалған

Тұмауға қарсы вакцина – тұмаудың алдын алуға және ауыр асқынулар мен тіпті өлім қаупін азайтуға арналған адамзаттың ең жақсы құралы, дейді ДДСҰ. Орташа есеппен вакцина дені сау ересек адамдардың 40-60%-ның инфекция жұқтыруының алдын алады.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, тұмауға қарсы вакцинация ер адамдардың 82%-ның, балалардың 74%-ның ауруханаға түсіп қалу қаупін төмендетеді. Сондай-ақ, 2017 жылғы зерттеу алғаш рет вакцинаның тұмаумен ауырған балалардың өлім санын айтарлықтай азайтатынын дәлелдеді.

Айта кетейік, тұмауға қарсы вакцинацияның тиімділігі жылдан жылға өзгеріп отырады (АҚШ-тың мысалы): бұл жерде объективті (айналымдағы вирус түрлері вакцина компоненттеріне қаншалықты сәйкес келетініне байланысты) және субъективті (вакцина алған адамның жасы, денсаулығы, вакцина алғанына қанша уақыт болғаны) факторлар рөл ойнайды.

Мәлімдеме: Толық вакцинацияланған Израильде [үндістандық мутация салдарынан] COVID-19-дың жаңа толқыны басталды

Үкім: Манипуляция

Тұрғындарының 60%-ы вакцинацияның толық курсынан өткен Израильде дельта-нұсқаның таралуына байланысты коронавирус жұқтырғандар саны артып кетті, оның ішінде вакцина алғандар да бар. Алайда, алдыңғы «толқындармен» салыстырғанда аурудың көбеюі салдарынан коронавирустың ауыр жағдайлары мен өлім-жітім де көбейеді деген сөз емес (толығырақ төмендегі кестелерде).

Психиатр Софья Доринскаяның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мәлімдемелеріндегі жалған және манипуляция
Психиатр Софья Доринскаяның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мәлімдемелеріндегі жалған және манипуляция

Израиль ғалымдарының айтуынша, бұған дейінгі «толқындарда» елдегі коронавирус жұқтырған адамдардың 2,5%-ы инфекцияның күрделі түрімен ауырған. Қазіргі уақытта, олардың мәліметі бойынша, бұл көрсеткіш  0,5%-ға дейін төмендеді (деректер ұсынылған ғылыми жұмыс әлі жарияланған жоқ).

Мәлімдеме: [Коронавирустың алдын алу үшін] тікелей иммунитетке қатысатын витаминдерді міндетті түрде ішу керек

Үкім: Жалған

Қазіргі уақытта дәрумен қоспаларын пайдалану COVID-19 жұқтырудың алдын алады деп есептеу үшін сенімді ғылыми негіз жоқ. Әзірге сарапшылар тек бір обсервациялық зерттеудің нәтижелерін пайдаланады. Оның авторлары пандемия кезінде дәрумендер мен ББҚ пайдаланған 445 мың адамның субъективті есептерін талдаған.

Әсер басқалармен қатар дәрумендер кешенін пайдаланған әйелдерде тіркелген. С витамині коронавирустың алдын алуда адамдар үшін тиімді екені мүлдем байқалмады. Зерттеушілер осы бақылаулардың деректерін растау үшін рандомизацияланған, бақыланатын клиникалық зерттеулер жасауды талап етеді. Мұндай күйде олар қандай да бір терапевтік ұсыныстарға негіз бола алмайды.

Мәлімдеме: Біздің иммунитетіміз… антидене тәрізді – бұл ақуыз, жасушалар да ақуыздан тұрады. Егер сіз жануарлардың ақуызын жемесеңіз, ет жемесеңіз сізде ағзаның өзіне қажетті жеке ақуызды тез жасап алуы үшін қолжетімді ақуыз жоқ деген сөз <…> Ет, ет, ет, күніне 3,4,5,6 рет. Қанша қаласаңыз да!

Үкім: Жартылай шындық

Ақуыз расымен адам денесіндегі негізгі құрылым материалы, бірақ олар өздігінен иммунитетті «нығайтпайды». Иммун жүйесінің 70-80% жасушасы ішекте болады. Осы жерде қарапайым ереже бар: адамның ішек микрофлорасы әртүрлі болған сайын дені сау болады.

Психиатр Софья Доринскаяның COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы мәлімдемелеріндегі жалған және манипуляция

Егер адамның тамақтану рационында ет көп болса, кейбір жақсы бактериялар мен әртүрлілік көрсеткіші төмендеп кетуі мүмкін. Тамақтану кезінде «кемпірқосақ» тәсілі бойынша жеміс-жидек пен көкөністі жиі пайдалану арқылы мұндай жағдайды болдырмауға болады.

Қатерлі ісікті зерттейтін халықаралық қор қызыл етті пайдаланатын сау адамдарға аптасына үш порциямен шектелуге кеңес береді (бұл жалпы 350-500 г дайын ет) . Қызыл етті көп пайдалану тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігін және 2-типті қант диабетіне шалдығу қаупін арттыруы мүмкін.

Мәлімдеме: Англия мәлімдеді… Олар коронавирус – бактериялық қару дегенді алға тартып отыр.  Олар Ухань қаласындағы зертханада коронавирусқа бірнеше оң зарядталған аминқышқылдары енгізілгенін дәлелдеді. Адам денесінің жасушасында теріс заряд болатындықтан, оң зарядталған аминқышқылдары 100% инфекцияға шалдығуды қамтамасыз етеді.

Үкім: Жалған

Британ үкіметі ресми түрде мұндай мәлімдеме жасаған емес. Мұндай теорияны британдық профессор Ангус Далглиш пен норвег вирусологы Биргер Соренсен айтты. Оған қоса олардың мақаласын беделді ғылыми басылым емес (тіпті препринт жүйесі емес), норвег медиасы жариялады. Ғылыми орта теориялық қорытындыдан бөлек вирустағы жасанды енгізілгендермен күресе алатын жеке вакцина жасап шығарғанын мәлімдеген ғалымдардың нұсқасын сынға алды.

Қазіргі күні ғылыми ортада SARS-CoV-2-нің қайдан шыққаны туралы бірауызды пәтуа жоқ. Оған қоса, бірнеше ай бойы зерттеу жүргізген ДДСҰ сарапшылары 2021 жылдың басында коронавирустың жасанды жолмен пайда болуы екіталай екенін атап өтті. Бұған қарсы пікір айтушылардың әзірге нақты дәлелі жоқ.

Factcheck.kz