НПО, терроризм, экстремизм мен революциялар | Байланыс бар ма?

Қазақстан Үкіметі 22 шілдеде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің (АҚДМ) құзыретін кеңейтетін қаулы қабылдады. Министрлік енді “ел аумағында шетелдік онлайн-платформаның немесе лездік хабар алмасу сервисінің қызметін шектеуге” құқылы. Қаулы біз бірнеше рет жазған “Сарым-Закиева түзетулерінен” кейін қабылданған. Сарапшылар бұл түзетулер балалардың кибербуллиіңін сылтауратып, ой еркіндігі мен сөз бостандығына қауіп төндіреді деп алаңдаған.

Алайда қаулыда кибербуллиңге еш қатысы жоқ, кейін қосылып кеткен тармақша бар. Оған сай, енді министрлік “терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау тұрғысынан коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне талдау және мониториң жүргізеді“.

Factcheck.kz коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) терроризмді қаржыландыруы (ТҚ) мүмкін деген күдік қайдан шыққанын, жалпы үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдарға сенімсіздік таныту түбінде не жатқанын, министрліктің мұндай құзіретінің салдары қазақстандықтарға қалай әсер ететінін талдайды.

Бәрі неден басталды?

2021 жылы қыркүйекте Қазақстанның Қаржылық мониториң агенттігі “Терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын тарату тәуекелдерін ұлттық бағалау” атты есеп жариялады. Баяндама авторларының пікіріне сай, КЕҰ-ны терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдалану (тәуекелі), ең алдымен, қолма-қол ақша қаражатын жинақтау және беру мүмкіндігімен байланысты.

КЕҰ қызметінде қайырымдылық жинаудың жеткіліксіз бақыланатын әдістері жиі қолданылады: ақша қаражатын кассаға немесе КЕҰ-ның есеп айырысу шотына салу, банк карталарын, мобильді қосымшаларды қолдана отырып, жинақ қораптарға қайырымдылық жасау, делдалдар арқылы қайырымдылық жасау, мұнда делдал ретінде еріктілер мен шетелдік серіктестер сияқты уақытша тартылған қызметкерлер әрекет етуі мүмкін, ал олардың сенімділігі көбінесе тексерілмейді.

Баяндамадан үзінді

Factcheck.kz бұған қатысты белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен сөйлесті. Оның сөзінше, 2022 жылдың күзінде Қазақстан мен FATF (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) арасында “өзара бағалау” процесі өтеді. FATF құрамында ондаған ел бар, Қазақстан да солардың қатарына қосылғысы келеді. FATF-қа мүше болуды қалайтын елдер ұйымның 40 ұсынысын орындауы қажет. Құқық қорғаушы сөзінше, жоғарыда жазған Қаржылық мониториң агенттігінің есебі осы ұсыныстарға сай (оның ішінде КЕҰ-ға қатысты 8-ұсынысқа сәйкес) дайындалып жатыр.

НПО, терроризм, экстремизм мен революциялар | Байланыс бар ма?
Евгений Жовтис, сурет: bureau.kz

Алайда FATF-тың 8-ұсынысына түрлі елдегі азаматтық қоғам секторының өкілдері ҮЕҰ-ға қысым үшін пайдаланылуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген. FATF осыны ескеріп, 8-ұсынысқа арнайы түсіндірме ескерту жазған. Ескертуде нақты ТҚ қауіпі бар ұйымдар көрсетілген. FATF ұсынысына сай, мемлекет осы ұйымдардың ішінен қауіпті бағамдау әдісін пайдалана отырып қай ұйымның қаншалықты ТҚ-ға қауіпі бар екенін анықтауы қажет.

Евгений Жовтис сөзінше, АҚДМ-ның деректерді жинау құзіреті саяси мүдде үшін пайдаланылуы мүмкін бе, жоқ па деген сауалға нақты жауап беру қиын, бірақ қырағы болу керек. Себебі бұл құзіретті шектен тыс пайдалану болмай ма, деректер қалай жиналады деген маңызды сауалдар бар. Қазақстандағы парламентте, не жергілікті басқару органдарында оппозицияның жоқтығынан, ал тіркелмеген әлеуметтік бірлестіктер жұмысына тыйым салынғандықтан билік үкіметтік емес ұйымдар мен КЕҰ-ны қауіп ретінде қарастырады. Сол үшін де биліктің ҮЕҰ туралы деректерді жинауы әрқашанда қауіпті. Мысалы, 2020 жылы Біріккен ұлттар ұйымының құқық қорғаушылары Сербияның терроризмді қаржыландырудың алдын алуға арналған қадағалау тетіктері үкіметтік емес ұйымдар мен журналистерді бақылау үшін қолданылып жатқанына алаңдаушылығын білдірген.

Бұл заңның негізсіз қолданылуы азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушыларға қауіп төндіреді, олардың қызметін шектейді және билікке айтылған кез келген сынды тұншықтырады.

БҰҰ құқық қорғаушылары

Оның үстіне Қазақстанда терроризм туралы заңдармен (және ережелермен) қатар халықаралық құқықта нақты анықтамасы жоқ “экстремизм” термині пайдаланылады. Қазірдің өзінде экстремистік деп танылған қозғалыстар бар. Мұны ескерсек, бұл айтарлықтай маңызды мәселе.

Қазақстанда Коммерциялық емес ұйымдар дегеніміз —  негiзгi мақсаты кiрiс түсiру емес және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн заңды тұлға.

Демек, де-факто, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың барлығын КЕҰ-ға жатқызуға болады. Тек, сұрақ бұл мониториң арқылы кім кімге өктемдік жасай алатынында.

ҮЕҰ мен экстремизм арасында байланыс бар ма?

Коммерциалық емес ұйымдарға, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдарға күдікпен қараудың, авторитар мемлеткеттерде экстремизм терминін пайдаланудың негізін түсіну үшін совет одағы құлағаннан кейінгі бірқатар постсоветтік елдердегі процестерге мән беру қажет.

Оксфорд сөздігіне сай, экстремизм — адамдардың көбіне шектен шыққан және дұрыс емес, ақылға қонымсыз көрінетін саяси не діни идея немесе іс-әрекет.

Ал Қазақстанда экстремизм түсінігінің аясы тым кең, оның ішіне Конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, <…>, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғанысына нұқсан келтіру, билікті күштеп басып алу немесе билікті күштеп ұстап тұру, <…>, қарулы көтеріліс ұйымдастыру және оған қатысу, әлеуметтік, таптық араздықты қоздыру (саяси экстремизм) кіреді. Евгений Жовтис сөзінше экстремизмнің құқықтық негізі нақты көрсетілмеген, сондықтан кез-келген әрекетті экстремизм ретінде қарастыруға болады“.

Экстремизмді мұндай кең мағынада пайдалану ресейлік пропаганда (мында, мында және мында) мен авторитар елдер басшыларының жеке мүддесімен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, ресейлік медиа постсоветтік елдедегі революцияларға үкіметтік емес ұйымдардың қатысы бар екені туралы жиі жазады. Кремлшіл медиа сөзіне сенсек, “Мәскеуге дос режимдерді құлатуға Соростың қатысы бар-мыс”.

Жордж Сорос — америкалық трейдер, қаржыгер, инвестор және филантроп. Ол ашық қоғам теориясының жақтаушысы және «Сорос қоры» деп аталатын ұйымдар желісін құрушы.

Ресейлік “ғалымдар” да осы пропагандалық риториканы жақтап, күмәнді материалдар жариялайды. Мысалы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жұмыс істейтін тарих ғылымдарының кандидаты Александр Наумов “Түсті революциялардағы» үкіметтік емес ұйымдардың рөлі” атты мақаласында Сербиядағы, Грузиядағы, Украинадағы, Қырғызстандағы, Мысыр мен Тунистегі революцияларға Батыстың құралына айналған үкіметтік емес ұйымдар ықпал еткенін жазған.

А. Наумовтың сөзінше, ҮЕҰ-дардың Грузиядағы мақсаты айқын болған-мыс. Олар “елді тұрақсыздандырып, Грузия үкіметін құлату және ұзақ уақыт бойы жалпы жекешелендіруге бейімделген Ресейге қарсы режим орнатуды” көздеген. Ол 2003 жылы Грузия президенті Эдуарда Шеварднадзенің биліктен кетуін ҮЕҰ-мен байланыстырады.

Одан бөлек, автор “бірнеше жыл бойы Қырғызстанның ішкі істер және қорғаныс министрліктерінде, Ұлттық қауіпсіздік қызметінде және Ұлттық гвардияда ынтымақтастық түрінде шетелдік арнайы қызметтердің өкілдері жұмыс істегенін” де жазған. Ал қырғызстандық құқық қорғаушыларының санасына “біз өз халқымызға қару қолданбаймыз” деген догма сіңірлген-мыс. А. Наумов, де-факто, “негізді күш қолдануды” ақтайды [А. Наумов әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш қолдануды негізді деп санайды-авт.].

Шетелдің қаржыландыруы туралы риториканы биліктен айырылғысы келмейтін адамдар да пайдаланатынын, тарататынын ескеру қажет. Мысалы, 2005 жылы Қырғызстан президенттігінен кеткен Асқар Ақаев та оппозицияны “шетелдік капиталмен қаржыландырылады және лас саяси технологияларды қолданады” деп айыптаған. Дәл осындай риториканы 2010 жылы биліктен қуылған Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев те айтты, Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қырғынына жауапкершілікті “террористерге” артты. Ал Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Нүкістегі халық толқуын “сыртқы күштер жылдар бойы дайындаған” деді. Бірақ мұндай мәлімдемелер мен материалдарда нақты дәлел көрсетілмейтінін, ал саяси элита осылай мәлімдегенде нақты бір елді не ұйымды атамайтынын ескеру қажет.

Революцияға не әсер етеді?

Егер сырттан жау іздемей, шын жағдайға объектив қарасақ, революцияларға не әсер етеді? Жауабы қаншалықты қарапайым болса, соншалықты маңызды.

Қырғызстанда болған 2005 жылғы революцияға Асқар Ақаевтың авторитар билігі, 2005 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы парламент сайлауының әділетсіз өтуі, елдегі ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай әсер еткен. 2003 жылы Грузияда болған төңкеріске де осыған ұқсас факторлар болған: елді жайлаған коррупция, сол кездегі президент Эдуарда Шеварднадзе билігіне халықтың көңілі толмауы, 2003 жылғы парламент сайлауының әділетсіз өтуі және т.б. әлеуметтік-экономикалық себептер.

Қазақстандағы қаңтар қырғыны да сұйытылған табиғи газ бағасын түсіру талаптарынан басталып, арты саяси, экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешу туралы талаптарға ұласты. Қазақстандағы экономиканың тұралауы, әлеуметтік теңсіздік пен шенеуніктер арасын жайлаған жемқорлық, елдегі автократия мен адам құқықтарының жаппай тапталуы халық толқуының себепкері болған.

Терроризмді қаржыландыру мен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес асылында қандай болуы қажет? Евгений Жовтис сөзінше, бұл күрес ешкімді алаламайтындай болуы керек. Яғни, КЕҰ-ны арнайы бөліп-жарып қарастыру, осы ұйымдарды ғана ерекше бақылауға алу қате. ҮЕҰ, КЕҰ, ЖШС, АҚ не жеке тұлға тарапынан терроризмді қаржыландыру қауіпімен күрес теңдей жүргізілуі қажет. Құқық қорғаушы неліктен КЕҰ-ға мониториң жүргізетін жеке ведомство болуы керек дейді. “Бұл тұста КЕҰ-лар коммерциялық ұйымдардан несімен ерекшеленеді?” деген сауал қояды.

“Коммерциялық емес ұйымды бақылаудың қай әдісі дұрыс қай әдісі бұрыс екенін түсінуіміз үшін демократиялық өзгерістер қажет. Ол дегеніміз билікті бөлу, билікті тежеу жүйесінің болуы, тәуелсіз медиа, қуатты азаматтық қоғам, саяси оппозиция және т.с.с.”,-дейді Евгений Жовтис.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz