Михаил Козачков 3,5 жылға шартты түрде сотталды

Алматы гарнизонының әскери соты журналист Михаил Козачковты 3,5 жылға шартты түрде соттады. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады. Ақпаратты журналистің адвокаты Елена Жигаленок растады.

Козачковке Қылмыстық кодекстің 147-бабы – “Жеке өмiрге қол сұғу, дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнаманы бұзу”, 274-бабы – “Жалған ақпарат тарату” бойынша айып тағылды.

Айта кетейік, 2022 жылғы 18 желтоқсанда Қаржы мониториң агенттігі қазақстандық журналист Михаил Козачковты ұстады. Ол Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының рейдерлік басып алу бойынша қылмыстық ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Медиа қауымдастық пен құқыққорғаушылар ұстау кезінде журналистің бірқатар құқығы бұзылғанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Осыдан кейін бас прокуратура Козачковқа қатысты істі тергеуге кірісті.

18 ақпанда Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты журналист Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырған.

Козачков алғашында адвокаты арқылы айыптарды жоққа шығарып, өзін кәсіби қызметі үшін қудалап отырғанын мәлімдеген. Ал 18 ақпанда “ақпарат жинағанда және жеке деректерді жариялағанда заң бұзғанын” мойындап, Facebook парақшасында пост жариялады.

Factcheck.kz