29.01 | Жээнбеков сотқа шақыртылды, MediaNet және Factcheck.kz жабылуы мүмкін, Facebook саяси контентке шектеу қояды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Жээнбеков сотқа шақыртылды

Қырғызстанның бұрынғы президенті Сооронбай Жээнбеков бұрынғы вице-премьер Дуйшенбек Зилалиев ісі бойынша куәгер ретінде сотқа шақыртылды. Бұл туралы Зилалиевтің адвокаты Талайгул Токтакунова хабарлағанын Азаттық радиосы жазды.

“Зилалиевті ұстаған кезде “Оптима Банк” жәшігінен миллион доллар тәркіленгені жөнінде видео тараған. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) жүргізген тергеу кезінде Зилалиев бұл ақша оған тиесілі емес екенін – Сооронбай Жээнбековтің сайлау кампаниясына қажет ақша екенін айтқан. Бірақ Жээнбеков ол кезде президент болғандықтан тергеуге шақырылмаған. Ал ҰҚМК ақша Зилалиевке тиесілі деп істі сотқа берген. Қазір бұрынғы президенттің кез келген азамат секілді құқықтары мен міндеттері бар” деді адвокат.

Ақпаратқа қарағанда, Жээнбеков 3 ақпан күні сотқа баруы тиіс. Токтакунованың айтуынша, оны 28 қаңтарға шақырған, бірақ Жапаров инаугурациясына байланысты бұрынғы президент сотқа бара алмаған.

Зилалиев 2018 жылы 9 желтоқсанда “заңсыз байыды” деген күдікпен ұсталған. Арнайы қызмет оның үйінен және банк жәшігінен ақша тәркіленгені жайлы видео таратып, жылжымайтын мүліктерінің суреттерін жариялаған. Ал Зилалиев бұған дейін өзіне тергеу огандары қысым жасап, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа қарсы куәлік беруге мәжбүрлегенін айтқан.

Дуйшенбек Зилалиев 2017 жылы тамыз бен қараша айында Қырғызстан вице-премьері қызметін атқарды. Одан соң мемлекет мүлігі басқармасы жөніндегі қорды басқарды. Бірақ сол жылы отставкаға кетті. Бішкектің Первомай аудандық соты 2020 жылы қазан айында Зилалиевті 9 жылға бас бостандығынан айырған. Қазір Бішкек сотында оның апелляциялық шағымы қаралып жатыр.

MediaNet және Factcheck.kz сайты билік қысымынан жабылуы мүмкін

Қазақстанда MediaNet халықаралық журналистика орталығы мен Нобель сыйлығына ұсынылған IFCN мүшесі Factcheck.kz сайты жабылуы мүмкін. Сонымен бірге, айыппұл салынып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған үкіметтік емес ұйымдарда да бар, – деп хабарлады Factcheck.kz тілшісі.

Үкіметтік емес ұйымдарға айыппұл салынып, қызметінің мәжбүрлі түрде тоқтатылуы «азаматтық қоғамды дамытуға ден қойдық» деген мемлекет бағытына қайшы. Бұл қадам Қазақстанның халықаралық абыройына нұқсан келтіреді.

Қазіргі уақытта «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымдарының әрбіріне 400 АЕК (1 166 800 теңге) көлемінде айыппұл салынып, қызметіне үш айға шектеу қойылды. Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросына 800 АЕК (2 333 600 теңге) мөлшерінде айыппұл кесіліп, қызметі 3 айға тоқтады. “Еркіндік қанаты” ұйымына 100 АЕК (277 800 теңге) шамасында айыппұл салынған. Осылайша, төрт қана бейүкіметтік ұйымға кесілген айыппұл көлемі 5 миллион теңгеге жуықтады. Таяуда тәуелсіз ұйымдарға салынған айыппұл мөлшері ондаған миллион теңгеге жетуі мүмкін.

Солардың бірі — қызметі шектеліп, 5,5 миллион теңге айыппұл салыну қаупі төніп тұрған MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүргізетін Орталық Азиядағы фактілерді тексеру бойынша алғашқы ресурс Factcheck.kz сайты. Factcheck.kz те мүше саналатын халықаралық фактчекерлер желісінің Нобель сыйлығына ұсынылуы қазіргі ахуалға тағы бір қырынан қарауға мүмкіндік береді.

2020 жылдың қараша-желтоқсан айларында Қазақстандағы бірнеше бейүкіметтік ұйым салық органдарынан заңбұзушылықтар анықталғаны туралы хабарлама алған. Ұйымдарға әкімшілік кодекстің 460-1-бабы бойынша, яғни «Шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алу және олардың жұмсалуы туралы мәліметтерді беру тәртібін бұзды» деп айып тағылған. Салық органдары алда тағы бірнеше қоғамдық ұйымның ісін қарайды. Оның немен аяқталарын болжау қиын емес.

Facebook саяси контентке шектеу қояды

Facebook әлем бойынша ұсыныс жүйесі арқылы саяси топтарды жарнама жасауын тоқтатады. Сонымен бірге, қолданушылардың жаңалықтар лентасында саяси контентті азайтуы мүмкін. Бұл туралы The Guardian басылымы әлеуметтік желінің негізін қалаушы Марк Цукербергке сілтеме жасап хабарлады.

Адамдар платформада саясат пен саяси күрес ойларын толықтай жаулап алғанын қаламайды. Біз адамдарды біріктіретін күшке айналуға көбірек назар аударамыз.

Марк Цукерберг

Бұл мәлімдеме платформаның тоқсандық кірісі бойынша есеп беру кезінде айтылды.

Басылымның дерегінше, жуырда Массачусетс штатының демократ-сенаторы Эд Марки Facebook компаниясына хат жолдаған. Хатта «Facebook саяси топтарға әсер ететін ұсыныс жүйесі арқылы АҚШ демократиясы мен қоғамдық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіретіні» жазылған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz