Кейінгі 2 жылда интернет тарифінің бағасы 90%-ке өскен бе?

3 сәуірде өткен мәжілістің жалпы отырысында мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев 2 жылдың ішінде тарифтер 90%-ке өскен деген мәлімдеме жасады. Factcheck.kz редакциясы депутат айтқан деректерді тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 3:29:24)

Мәлімдеме: Мәселен ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылдың қорытындысы бойынша 57%-ке, 2021-2022 жылдары тарифтердің орташа өсуі 13 тен 37%-ке дейін болған. Яғни бар-жоғы 2 жылдың ішінде тарифтер 90%-ке өскен.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Шындық

ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіні 2023 жылы ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 7,7%-тен 57,3%-ке дейін өскенін растайды. 2021-2022 жылдар кезеңінде тарифтердің орта есеппен 13%-тен 37%-ке өсуі де шындық.

ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылы ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірі көтергені туралы ақпарат жарияланды. Агенттіктің дерегіне сәйкес Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша «Кселл» АҚ, «МТ–С» ЖШС (Tele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты тергеп-тексеру басталған.

Мәлімдеме: Speedtest жаһандық рейтиңі бойынша, мобилді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 142 елдің арасында 67-орында тұр екен.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Соңғы деректер бойынша 2024 жылдың ақпан айындағы Speedtest жаһандық рейтиңіде Қазақстан 70-орынға жайғасқан.

Мәлімдеме: Әлі де интернет жетпеген ауылдар бар. 2023 жылдың есебі бойынша 6290 ауыл болса, соның шамамен 1,5 мың ауылында мобилдік интернет мүлдем жоқ. Ал 902 ауылда тек 1 ғана мобилді оператор бар.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегінше Қазақстанда 6256 ауыл бар. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауабына сәйкес 4886 ауыл мобильді интернетке қосылған. Демек, 1370 ауылда әлі күнге дейін мобильді интернет жоқ. 1071 ауыл 1 ғана мобильді оператор желісіне қосылған.

Factcheck.kz