Конспирологиялық теориялар мен вакцинацияға қарсы үгіт-насихаттан кім, қалай және қанша ақша тауып жатыр?

Қастандық теорияларын таратушылар мен вакцинацияға қарсы қозғалыс мүшелері пандемия кезіндегідей бұрын-соңды белсенді болған емес. Олардың мұндай белсенділігінің кесірінен әлем инфодемияның тұтқына айналды. Ал қоғам шектен тыс поляризацияға ұшырады. Біздің бүгінгі зерттеуіміз қастандық теориялары мен вакцинацияға қарсы насихатшылар, сондай-ақ 5G-ге қарсы күрес жетекшілері мен медицинадағы баламалы әдістерді қолдайтындар мұны еріккеннен әрі тегін істемейтінін көрсетеді.

Осыған қоса 2020 жыл қастандық теоретиктері саяси аренаға ұмтылып, өз ықпалын күшейтуге тырысқан жыл болды деп нық айтуға болады. Бұл жерде әңгіме тек Капитолийге шабуыл жасалған Джейк Анжелиге (өзін Q-Anon Шаман деп атайды) ғана қатысты емес, бұл мәселеге тіпті АҚШ Конгрессі мүшелерінің де қатысы бар.

Не болса да, алдымен екпеге қарсы үгіт-насихат пен қастандық теорияларын тарату кімге тиімді екенін және бұл істе кім қандай ақша тауып жатқанын анықтауға тырысайық.

Трафик және пайданың басқа да түрлері

2020 жылғы сәуірде қастандық теорияларын таратушыларға қарсы шаралар күшейтілді (кейбіреуінің аккаунттары жойылды), бұл мәжбүрлі әрекет еді, себебі конспирологтар көптеген жалған ақпарат тарата бастады. Алайда оған дейін екі тараптың да ұпайы тең еді: пандемия өршіген кезде конспирологиялық сипаттағы түрлі жаңалықтар әлеуметтік желілерге қосымша трафик әкелді. Бұл дегеніңіз миллиондаған доллар.

Ұлыбританиялық Press Gazette жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша, мысалы, әйгілі ұлыбританиялық қастандық теоретиктері Дэвид Айк пен Брайан Роуздың (London Real YouTube-арнасы) жазылушыларының белсенділігі арқасында Facebook пен YouTube жылына шамамен 40 миллион доллар табыс тапқан.

Сонымен қатар Брайн Роуздың айтуынша, ол соңғы үш жылдың ішінде өзінің Facebook-тегі жарнамалық аккаунтына ай сайын £50,000 (фунт стерлинг) жұмсап отырған. Алайда жарнамалық аккаунт 2020 жылғы сәуірде бұғатталған.

Дэвид Айктың бұғатталған парақшаларына қатысты статистика: YouTube-та 900 мың, Facebook-те 800 мың және Twitter-де 300 мың жазылушысы болған еді. Youtube-тағы London Real арнасында 2 миллионнан астам жазылушы бар (бұл арна және Facebook-тегі парақша бұғатталмаған). Instagram-да 1,2 млн жазылушы бар.

SimilarWeb дерегі бойынша, биылғы қаңтар-сәуір айларында Дэвид Айктың интернеттегі трафигінің 31%-ын (сайтқа 2 млн-нан рет өткен) әлеуметтік желілер (43% – Facebook, 38% – Twitter және 18% – Youtube) құраған. Қазір әлеуметтік желілер трафиктің тек 4,29%-ын береді, бірақ жағдай бәрібір жаман емес. Мәселен желтоқсан айында сайтқа өтушілер саны 2 миллионға жетіп қалды:

Дереккөз

Әлбетте мұндай жағдайда қастандық теоретигі кедей өмір сүрмейді, ол өзінің кітаптарын сату арқылы, сондай-ақ дәрістер оқып, подкасттар жасап ақша табады. Дәл сол дереккөз Айк пен оның серіктестері арасындағы сот ісіне қатысты материалдарға сілтеме жасай отырып, 2000 жылдардың басында қастандық теоретигі өзінің кітаптарын сатудан миллиондаған доллар тапқанын мәлімдейді. Парақшалары бұғатталмас бұрын ол YouTube-тағы жарнамалардан да ақша тапқан сияқты. Мысалы Press Gazette ұсынған деректер бойынша, Дэвид Айктың сайтына баннер қою бір айға £600, ал екі айға £1,000 тұрады. Дәл сол дереккөздің айтуынша, Брайан Роуз өзінің YouTube каналындағы жарнама арқылы жыл сайын 261,349 доллар табуы мүмкін.

Әрине қастандық теоретиктері бір-бірімен байланысты. Брайан Роуздың айтуынша, YouTube-тағы London Real арнасы 2020 жылы Дэвид Айктың контентінің жарнамасынан кем дегенде $5000 табыс тапқан. Сондай-ақ бұл арна Айкпен және басқа да қастандық теоретиктерімен сұхбаттар жүргізген. Олардың арасында екпеге қарсы қозғалыстың басты насихатшысы кіші Роберт Кеннеди де бар (біз ол туралы бұған дейін бірнеше рет жаздық). Айтпақшы, Press Gazette-тің хабарлауынша, осындай сұхбаттар London Real-ға көрермендерден 1,25 миллион доллардан астам қаражат жинауға көмектескен.

Қаражат стриминг платформасын жасауға жұмсалды. Ал жақында Роуз Лондон мэрі үшін болатын сайлауға қатысатынын мәлімдеп, оған қаржылай көмек керек екенін айтып, донат жинауға кірісті:

Брайан Роуздың ресурстарын мұқият тексермей, жай қарап шыққанның өзінде ол YouTube-тағы жарнама мен донаттардан бөлек, әртүрлі тренингтерден, іс-шаралардан, жарнамалардан, соның ішінде нативті жарнамадан (сайтта CBD және тіпті аяуаска туралы материалдар кездестіруге болады) ақша табатыны анық көрінеді.

Айтпақшы, әлемдегі интернет алпауыттары тағы бір әйгілі қастандық теоретигі және журналист Алекс Джонсқа 2018 жылы «соғыс жариялаған» еді. Алайда ол әлі күнге дейін өзінің интернет-ресурсында ББҚ (биологиялық белсенді қоспалар) мен футболкалар сияқты түрлі тауарлар сатып, қайырымдылыққа деп ақша жинайды.

Гомеопатияның сандық көрсеткіштері

Конспирологияға жақын тағы бір адамдар тобы бар, олар – гомеопатия мен натуропатия өкілдері, әсіресе дәлелді медицинаны жоққа шығаратындар. Мысалы Германияда рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерді сатудан түскен пайданың жартысына жуығы фитотерапиялық және гомеопатиялық дәрі-дәрмектердің үлесінде.

Германиядағы дәріханалардың фито және гомеопатиялық препараттардан түскен пайдасы
Германияның рецептсіз сатылатын дәрі-дәрмектерінің нарығы

Осыған қоса гомеопатиялық қызметтерден түсетін ақша бар, сондай-ақ олардың интернетте жұмыс істейтін өкілдері өздерінің сайттарында ББҚ мен басқа да дәрі-дәрмектерді белсенді сатады.

«Ресей дәрігерлерінің қауымдастығы»

Егер ағылшын тілінде сөйлейтін ортада екпеге қарсы басты лоббист әрі насихатшы болып кіші Роберт Кеннеди (сондай-ақ бірнеше жыл бойы өз идеяларын насихаттап жүрген Thinktwice Global Vaccine Institute және European Forum for Vaccine Vigilance ұйымдары) саналса, онда орыс тілді ортада «Ресей дәрігерлерінің қауымдастығы» деген фейк ұйым белсенді. Бұл қауымдастықтың «Ресейді қайта жаңғыртудың жалпы халықтық одағы» деген квази-патриоттық қозғалыс пен Ресейдің жаратылыстану ғылымдары академиясы (РЖҒА) деген жалған академиямен байланысы бар (бұл ұйымдардың өзара байланысы туралы бұған дейін жазғанбыз).

Қауымдастық кейде вакцинацияға қарсы белсенділермен және медицинадағы дәстүрлі емес бағытты ұстанатындармен бірге дөңгелек үстелдер ұйымдастырып тұрады.

Спикерлер әдетте бұрыннан белгілі мифологемаларды (әлемдік үкіметтің қастандығы туралы) және әңгімелерді (5G, кениялық діни қызметкерлер мен сіреспеге қарсы вакцина, тимеросал және т.б.) қозғайды.

«Ресей дәрігерлер қауымдастығын» YouTube-та насихаттайтын ең танымал арналардың бірі – «А если честно» арнасы. Оның экстремистік материалдар таратқаны үшін сот шешімімен жұмысын тоқтатқан «Воля» партиясымен байланысы бар. Қауымдастықтың ақпаратын саяси бағыттағы басқа да ресурстар таратады.

Пандемия жағдайында үгіт-насихат жұмыстарының күшейюі

Пандемия кезінде вакцинацияға қарсы насихатшылар бұрыннан айтып келе жатқан әңгімелеріне басты, оларда баяғыдан келе жатқан конспирологиялық «негіз» бар, міне соны қайталай берді. Былай қарағанда пандемия вакцинацияға қарсы адамдарға өздерін көрсетуге керемет «мүмкіндік» берді. Олар да бар күш-жігерін аямай, «темірді қызыған кезде соқ» деп барын салды. Мұның себептері түсінікті: адамдар әлемде болып жатқан оқиғалардан есеңгіреп қалады, не болып жатқаны түсініксіз, сондықтан мұндай пандемиялық стресс кезінде барлығын жаһандық қастандық теориясымен түсіндіру «ыңғайлы». Сол себепті осындай теориялардың «кәсіпқойлары» мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей жатыр. Өйткені қорыққан адам өзін-өзі тыныштандыру үшін кез келген ББҚ-ны сатып алуға дайын тұрады.

Вакцинацияға қарсылардың конспирологиялық насихатынан мысалдар келтірейік. Бұрын вакцинацияға қарсы адамдар ДДСҰ мен «Рокфеллер қорын» сіреспе вакциналары арқылы Африка (кейде Латын Америкасы мен Украина) халқын жасырын әрі зұлым түрде азайтуға ниетті деп айыптайтын. Ал қазір мұндай айып ДДСҰ-мен қатар Билл Гейтске айтылатын болды.

Бұл жерде вакцинацияға қарсы адамдардың ең басты мифі туралы айтпай кетпей болмас, ол – жер халқын «алты миллиардқа» дейін әдейі азайту. Осыған орай антиваксерлер және оларға қосылған «патриоттар» вакциналар туралы бұрын былай дейтін:

«Вакцинацияның мақсаты – жер шарының тұрғындарын физикалық тұрғыдан өлтіру ғана емес, ең бастысы – рухани тұрғыдан жою, яғни адам жанын өлтіру!» В. Д. Балашов, Орыс жалпыұлттық одағы (ОЖҰО).

Енді олар коронавирус, жасалып жатқан вакциналар, наночиптер және 5G-дің әсері туралы да солай айтып жатыр (біз бұған дейін бұл мәлімдемелердің бәрін талдап, жоққа шығардық):

«СOVID-19-дың артынан Билл Гейтстің көлеңкесі көрінеді… Коронавирусқа қарсы күрес аясында «ақша иелері» «нано-вакцина» дейтін троян атын шығарады… Көптеген… сарапшылардың айтуынша… вакциналар мен екпелерді бүкіл әлемде насихаттаумен айналысып жүргендердің шынайы мақсаттары мүлдем басқа. Ондағы мақсат екеу. Біріншіден, баю… Екіншіден, кісі өлтіру. «Ақша иелері» о дүниеге миллиардтаған адамды жіберуге тырысып жатыр», деп жазады экономика профессоры В. Катасонов

М. ғ. к. Александр Мац өзінің «Дәрігерлерге арналған вакцинацияға қарсы қозғалыс және оның БАҚ-тағы жалған мәлімдемелері туралы» мақаласында былай дейді: «Ресейдің вакцинацияға қарсы қозғалысы халықаралық қозғалыстың ажырамас бөлігі ретінде ортақ идеологияны қолдайды, олар ұсынған үгіт-насихат материалдарын пайдаланады және халықаралық байланыстарды кеңейту мен нығайтумен айналысады. Ол үшін семинарлар, интернет-хабарламалар ұйымдастырып, вакцинацияға қарсы ағылшын тіліндегі жаңа және классикалық әдебиетті орыс тіліне аударады…»

Осы жерде айта кететін жайт, дәл осы автордың мақалалары арқасында біз қазіргі кезде қатты қарқын алған вакцинацияға қарсы үгіт-насихат пен оның мәнін бағалау тәсілдерін қалыптастыра алдық.

Оның 2009 және 2013 жылдары жазған мақалаларында айтылған ойлар мен тұжырымдамалар қазір де өзекті. Атап айтқанда, ол вакцинацияға қарсы қозғалысты (оның негізгі қозғаушы күші – дәстүрлі емес медицина өкілдері және соның маңайындағылар) ұлтшылдар, жекелеген діни қызметкерлер, сондай-ақ квазипатриоттар қолдайды деп мәлімдейді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Ресей дәрігерлерінің қауымдастығының» насихатын «Ресейді қайта жаңғыртудың жалпы халықтық одағы» жүргізеді, ал олардың YouTube-тағы басты насихатшысы – «А если честно» арнасы (133 мың жазылушы).

Кейде осыған ұқсас тақырыптарды өзін ақпараттық агенттік деп атайтын «Аврора» (онда профессор В. Катасоновтың мақалалары жиі жарияланып тұрады) және delyagin.ru сайты көтеріп тұрады. Бір қызығы екі сайт бір платформада жұмыс істейді.

Олардың саяси тұрғыдағы бағыты – анти-либерализм. Сондай-ақ біздің болжам бойынша (бұл жерде біз фактчекинг негіздерінен сәл алыстап, тек өз ойымызды ұсынамыз) олардың түрлі конспирологиялық және қастандық теорияларын таратудағы мақсаты – Батыс елдеріне қарсы саясат жүргізу. Олардың дуалистік әлемінде «шайтан ордасы саналатын Батыс» «орыс әлеміне» қарсы. Тағы да, болжам ретінде айта кетейік, мұндай бағыттағы конспирология – вакцинацияға қарсы адамдар мен осындай саяси күштерді байланыстыратын жалғыз нәрсе.

Саяси экстремизм, емшілік, «А если честно» арнасы

Бір жұмыстың екіншісіне еш кедергісі жоқ екенінің жарқын мысалы емші, психолог, саясаткер және тоталитарлық сектаның белгілері бар ұйымның жетекшісі Светлана Лада-Русь (бұрынғы Пеунова) шығар. Оған қазір халықаралық іздеу жарияланған. Оның экстремистік үндеулер таратқаны үшін сот шешімімен таратылған «Воля» партиясындағы серіктесі Лилия Умарова 22 жылғы 2020 наурызда «Коронавирус: вирусқа әлде халық құқықтарына қарсы күрес?» деген дөңгелек үстелді жоғарыда айтқан «А если честно» арнасында өткізеді.

Пандемияға дейін паблик тек Светлана Лада-Русь пен оның партиялық серіктестерінің бастан кешіп жатқан ауыртпалықтары мен сот процестері туралы ақпарат берумен айналысқан. Алайда қазір барлық материалдар вакцинацияға қарсы үгіт-насихатқа арналған.

Айтпақшы, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы 22 наурыздағы видеоға назар аударады, содан кейін ол YouTube-тан алынып тасталады. Алайда оның қысқартылған нұсқасын Facebook-тан көруге болады. Бұл видео және бір кездері В.Путинге (ол кезде премьер-министр) және Д.Медведевке (ол кезде президент) Тергеу комитетіне арыз жазған емші Светлана Пеунова туралы толығырақ ақпаратты sensaciy.net сайтынан табуға болады.

Қысқаша айтқанда: Лада-Русь жақында ақырзаман болады және Жерге Нибиру планетасынан бөгде планеталықтар келеді деп болжам жасаған, президенттікке және басқа да көптеген жерлерге сайлауға түсуге тырысқан, ақыры алаяқтық, кейін (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып) денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген баптар бойынша күдікті болған. Емшінің құрбаны – оның ізбасары әрі емделушісі.

Заңнан қашып жүрсе де, Лада-Русь жұмысын белсенді жалғастырып жатыр: кітаптарын сатады, қаржылық көмек ұсына отырып «Алданған Ресей» видео-жобасын жүргізеді, онлайн-психолог қызметін ұсынады, «А если честно» арнасынан басқа YouTube-та өз арнасын және онлайн қоғамдық қабылдауларын жүргізеді. Сондай-ақ оның көптеген серіктестері ешқайда кеткен жоқ, олар өздерін жарнамалау үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланады.

Ғажайып құрылғылар

«А если честно» арнасындағы видеоларды зерттей отырып, біз «5G технологиясының өтірігіне» арналған материалдар арасынан «Нейтроник» деп аталатын құрылғыны жарнамалайтын видеоларға тап болдық.

Сілтеме арқылы сайтқа өтсеңіз, сізге құрылғыны сатып алуға және оны ары қарай тарату үшін серіктес болуға ұсыныс жасалады. Құрылғы әртүрлі ББҚ-ларды сататын «Маржан клубы» арқылы да сатылады. Төмендегі суреттен зиянды электр-магниттік сәулелерден қорғайтын «ғажайып құрылғылардың» түр-түрімен таныса аласыздар:

Біз «Нейтроникті» сататын ресурстың 2013 жылғы архив көшірмесін тауып алдық. Қазір құрылғы интернет-дүкен арқылы сатылып жатыр, сонымен қатар желіде ғажайып-жапсырма қағаздарға арналған сайт та бар. Мұнда бәрі қызық: жұмыс істеу принципі, ноу-хауды YouTube-та насихаттайтын адамдар және әрине оны жасап шығарған адам. Онда осыдай бастайық.

Метагалактикалық Кулибин

Ескі де, жаңа да сайтта «Нейтроникті» «Валкон» адам экологиясы орталығы» АКеҰ ғалымдар тобы жасап шығарғаны айтылған. Бір қызығы, «Валкон» тізілімде 2016 жылы сот шешімімен сенімділігі төмен деген себеппен жабылған ұйым ретінде көрсетілген. Құрылтайшылар қатарында Владимир Николаевич Тюняев пен Елена Павловна Фролова бар. Олар басқа да жұмыс істеп тұрған және жабылып қалған ұйымдардың жетекшісі/құрылтайшысы. Мысалы «Истра метагалактикалық орталығы» ғылыми-танымдық философиялық-ағартушылық қызмет орталығы» АКеҰ.

Қалай екен, Илон Маск?

Құрылғының сайттағы түсіндірмесі түсініксіз, оны «жасап шыққандар» неге екені белгісіз Максвелл мен Эйнштейнді еске алып, былай дейді: «Нейтроник тұрмыстық техникадан шығатын электромагниттік өрістің бағытын өзгерту арқылы құйынды электр өрісін бейтараптандырады». Құдды оған антенна жалғанғандай. Осыған қоса «өнертапқыштардың» айтуынша, құрылғы эритроциттердің жабысып қалуынан сақтайды және қалай екені белгісіз микроорганизмдерге әсер етеді.

Сонда кішкентай жылтыр жапсырма қағаз немесе шыны шар тәрізді «құрылғылар» 5G желісіндегі сәулелерден қалай қорғайды дейсіз ғой?» Оның жауабы әлі жоқ. Бірақ «Нейтроникті» роутерге қалай дұрыс жабыстыру керек» деген түсіндірме видео бар. Дегенмен құрылғы «жасаушылар» оның тиімділігін растайтын көптеген сертификатпен және клиникалық зерттеулермен, соның ішінде балама медицинада қолданылатын Фолль әдісімен танысуды ұсынады. Алайда CinicalTrials.gov және Pubmed.gov сайттарында 1150 рубль тұратын 5G-ге қарсы жапсырма қағаздары туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Бұл оқиғадағы ең қызықты ғажайып құрылғылардың бірі – денені химиялық қалдықтардан қорғауға арналған ББҚ-ның сан түрі.

Дәрі-дәрмектердің күлкілі атауларына назар аударыңыздаршы. Мысалы Плюкао таблеткалары

Өкінішке қарай, жалған Кулибиндер алдаудың кәдімгі әдісін қолданып отыр: олар алдымен қорқытады, кейін бәрін емдейтін сиқырлы дәрі ұсынады.

Баламалы медицина өкілдері

Пандемия кезінде «А если честно» арнасында жарияланған видеоларды тамашалай отырып, оның насихатымен баламалы медицинаның жеке өкілдері айналысатыны байқалады. Олардың мақсаты – адамдарды ресми медицинадан өздеріне қарай тарту.

Мысалы олардың арасында азаматтық белсенді, доктор Хамердің жаңа медицинасын жақтаушы Даниэль Стойка, медицина ғылымдарының кандидаты (арнаның мәліметі бойынша), хирург, остеопат Михаил Сватковский, инфекционист дәрігер, Новосибирск пен Мәскеудегі жеке клиникалардың жетекшісі Светлана Герасенко, өскемендік гомеопат Дина Бакина, сондай-ақ өздерін психолог, психосоматика маманы, вирусолог және т.б. деп атайтын адамдар бар. Әрине арнаның тұрақты мүшесі туралы айтпай кетуге болмас, ол – РЖҒА деген жалған академиның академигі Игорь Гундаров. Онда ара-тұра саяси қайраткер және экономист Михаил Делягин де («Аврора» ақпарат агенттігінің жарнамалық роликтерінің тұрақты қатысушысы) шығып тұрады. Сондай-ақ қастандық теорияларын таратушылардың арасында есімі елге танымал жұлдыздардың да бар болуы заңдылық болып кеткендей. Атап айтқанда олардың арасында Никита Джигурда бар. Бұл арнаның қожайыны туралы ақпаратты жоғарыдан оқып алуға болады.

Балама медицина өкілдерінің өз пайдасы үшін азаматтардың санасында балама (өзге) шындықты насихаттау құбылысы әлеуметтік психология мен криминалистика аясында терең зерттеуді қажет ететін сияқты. Батыста екпеге қарсы үгіт-насихатта адвокаттар мен заңгерлер аса белсенді қатысатынын атап өткен жөн, мысалы олардың арасында кіші Роберт Кеннеди бар. Біз бұған дейін оның вакцинацияға қарсы қызметі қалай қаржыланатыны туралы жазған едік.

Анықтама үшін: 1986 жылғы балалар вакцинациясынан болған залал туралы Заңға сәйкес, АҚШ-та вакцинадан келген залалды өтеудің ұлттық бағдарламасы (National Vaccine Injury Compensation Program, VICP) құрылды. Бағдарлама аясында (2019 жылғы наурыздағы деректер бойынша) төленген өтемақының жалпы сомасы – шамамен 4,3 миллиард доллар.

Жақын арада вакцинацияға қарсы ең белсенді адамдардың бірі Эндрю Уэйкфилд туралы материал шығады. Оқыңыздар.

Америкалық Q теориясы

Біз АҚШ халқының санасындағы QAnon сияқты құбылыс туралы жазған едік. Капитолийде болған атышулы оқиғалардан кейін Twitter QAnon идеяларының таратуға қатысы бар 70 мыңнан астам аккаунтты жойды. Естеріңізге сала кетейік, бұл таңқаларлық оқиға 2017 жылы 4chan-дағы хабарламалардан басталды. Сол кезде Q лақап атты пайдаланушы «жақын арада Хилари Клинтон тұтқындалады» деген сыңайда хабарлама қалдырады. Кейін Q педофил-сатанисттердің әлемдік қастандығы туралы жазады, сөйтіп оның ізбасарлары пайда бола бастады. Ал қастандық теорияларына әртүрлі деректер қосылып, олар әлеуметтік желілерде белсенді түрде тарай бастады.

Forbes авторы Сет Коэнді QAnon-ның көбейіп келе жатқан конспирологтары интернеттен күнделікті өмірге тез еніп жатқаны алаңдатады. Осы орайда қастандық теоретиктері, вакцинацияға қарсы адамдар сияқты пандемия мен адамдар күйзелісін өз мүддесіне пайдаланып жатыр.

Q Билл Гейтс пен 5G-ден басқа кез келген бизнестің де беделіне нұқсан келтіруге тырысуы мүмкін. Мысалы мұндай жағдай 2018 жылы адам саудасы үшін айыпталған мексикалық цемент компаниясы CEMEX-те болған. «Әлеуметтік желі әлемінде кез келген адам #QAnon хэштегін қолдана отырып, интернетте кез келген мәлімдеме жасай алады. Содан кейін ақпараттың қалай тарайтынын бақыласа болды», деп жазады Коэн.

QAnon-ның ақпараты әрдайым баспасөзде жоққа шығарылады, алайда қозғалыс барған сайын күшейіп, олар үлкен бір қастандық теориясын құрастырып жатқандай. Оның үстіне қозғалыс үлкен саясатқа араласуға әзір сияқты. Жақында республикалық партияның өкілі, Колорадо штатының конгрессмені Скотт Типтон саясатқа жақында ғана келген, мейрамхананың иесі Лорен Боберттен жеңіліп қалды. Лорен QAnon-ды қолдайтынын ашық мәлімдеген. Мұндай оқиғалар аз емес. Осыған ұқсас жағдайды Конгресс және тіпті Сенат депутаттарына үміткерлерден байқауға болады.

Қозғалыстың ықпалына әлеуметтік желі белсенділері де түскен (Қазнеттегі біздің инфлюэнсерлер тарапынан да осындай астыртын ой-пікірлерді байқаймыз). Миллиондаған жазылушылары бар америкалық блогерлер қастандық теорияларын коммерциялық өнімдер мен қызметтерді жарнамалайтын посттарға қосып отырады.

Айтпақшы, Media Matters for America коммерциялық емес ұйымының хабарлауынша, QAnon-ның кейбір жақтастарының артында қылмыстық (кісі өлтіру, ұрлау және т.б.) іс-әрекеттермен көзге түскендер бар.

Қорытынды

  • Вакцинацияға қарсы үгіт-насихат пен QAnon теориясына ең көп қызығушылықты балама медицина өкілдері, сондай-ақ квазипатриоттық және ультра оңшыл саяси күштер танытады. Оларды ортақ қастандық мифологема біріктіреді.
  • Үгіт-насихат барысында расталмаған қызметтер мен тауарлар жарнамаланады. Сондай-ақ насихатшылар көптеген ізбасарлардың есебінен YouTube-тағы жарнамадан ақша тауып жатыр (әлеуметтік желілерден де құр алақан емес, пайдаға кенеліп жатыр).
  • Оларды қолдайтын адамдар көбейген сайын пайда да артып жатыр.
  • Конспирологиялық қозғалыстың ішінде көзқарасы мен өмірбаяны (экстремизмге дейін) күмәнді адамдар, сондай-ақ тоталитарлық сектаның айқын белгілері бар ұйымдардың өкілдері бар.
  • Бұл қозғалыстан пайда тауып жатқан адамдар пандемия мен инфодемияны бизнес мүмкіндік ретінде пайдаланып жатыр.
Павел Банников
Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане». Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy