Isolate Truth Fund: КВИ-ды жоққа шығарушылардың вирусологтарға қарсы науқаны

Міне бірнеше айдан бері әлеуметтік желілерде Isolate Truth Fund деп аталатын ұйымнан ақпарат тарап жатыр. Олардың айтуынша коронавирустың бар екенін дәлелдей алған кез келген адам 1,5 миллион еуро алады.

Instagram-да шыққан хабарламаға мысал

Бастапқыда бұл хабарлама ғалымдарға арналған еді, бірақ кейін ақпарат белсенді түрде тарай бастаған соң пайдаланушылар фактчекерлерді тегтей бастады. Мұны жоғарыдағы суреттен көруге болады.

Әрине біз бұл мақаланы аталмыш дауға араласу үшін жазып отырған жоқпыз. Себебі вирустың бар екені 2020 жылдың басында ғылыми түрде дәлелденген.

Алайда хабарлама желіде кең тарала бастағандықтан, біз Isolate Truth Fund деген қайдан шыққанын және бұл қастандық теориясының артында кім тұрғанын анықтауды жөн санадық.

Толығырақ тоқталайық: Самуэль Эккерт деген кім?

Isolate Truth Fund негізін қалаушы – Самуэль Эккерт (суретші Самуэль Эккертпен шатастырып алмаңыз). Ол – кәсіпкер әрі жетінші күндегі Адвентисттер шіркеуінің бұрынғы уағызшысы. Бұл шіркеу SARS-CoV-2 вирусы бар екенін жоққа шығарып, пандемиялық шектеулерге және вакцинацияға қарсы.

Самуэль Эккерт

Эккерт өте танымал адам. Оның Telegram-каналында 128 мың жазылушы (осы мақала жазылып жатқан кездегі дерек) бар және бұл Германиядағы ең танымал каналдардың бірі саналады. Сонымен қатар ол Youtube, Odysee, DLive және Twitch арқылы хабар таратады. Оның Twitter мен Instagram-да аккаунттары және өз сайты бар. Пандемия кезінде Эккерт аталған платформалар арқылы әртүрлі жалған ақпарат таратты. Онда, көбінесе, жоғарыда айтылғандай, вирустың жоқ екені айтылды.

Осыған қоса Эккерттің Corona Fakten жобасына да қатысы бар болуы мүмкін, бұл жоба да жалған ақпарат таратумен айналысады. Жобаның Telegram-каналында 94 мыңға жуық жазылушысы бар. Corona Fakten мақалалары мен каналдың сілтемелері біз айтқан белсендінің сайтында тұр.

Эккерт өз ықпалын жастар арасында да кеңейтіп жатыр, ол олар үшін SE Youngsters деп аталатын жеке жабық топ құрып алған. Оның сайтында 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы өтініш түрі бар. Топтағы инсайдерлердің бірінен сұхбат алған BBC журналистері ол жерде де QAnon сияқты әртүрлі қастандық теориялары таралатынын білді.

Сондай-ақ Эккерт Querdenken деп аталатын үлкен қозғалыстың мүшесі. Бұл қозғалыс ара-тұра Германияда локдаундарға және басқа да эпидемиологиялық шараларға қарсы наразылық акцияларын ұйымдастырып тұрады. Қозғалыс арасында әртүрлі адамдар бар: ол жерден ультраоңшылдарды да, вакцинацияға қарсыларды да, спиритуалисттерді де және шектеулерге наразыларды да табуға болады. Querdenken қозғалысының Telegram-да 63,5 мың жазылушысы бар.

Isolate Truth Fund қалай пайда болды?

Isolate Truth Fund ұйымының тарихы 2020 жылғы 4 желтоқсаннан басталады. Ол кезде әйгілі неміс вирусологы Кристиан Дростен Twitter әлеуметтік желісінде Эккерт сайтындағы «вирус әлі бөлініп алынбаған» деген мақаласына ретвтит жасап, былай деп жазады:

«Сұмдық. Авторлардың (мақала авторларының – ред.) тәжірибесі фортепианода екінші ай оқып жатқан студенттің қара пернетақталарды қолданғаны үшін концерт пианистін сынға алумен тең. Енді былай жалғасуы мүмкін емес».

Дростен жасаған твиттің скриншоты

Сол кезде өзіне ғалымдардың назарын аударта алмай жүрген Эккерт қуанғаны соншалық Дростеннің твитіне былай деп жауап береді: «Құрметті Дростен мырза, біз сізбен бұл туралы сөйлесуге қуана келісер едік! Бізге хабарласыңыз!».

Осы орайда тағы бір танымал германиялық конспиролог Оливер Янич твиттерде Дростенді белгілеп, «олар (ғалымдар – ред.) COVID-19-ды тудыратын вирусты бөле алмайтындығына 10 мың еуро бәс тігетінін» жазады.

Янич жасаған твиттің скриншоты

Яничтен кейін Эккерт тағы бір твит жариялап, онда ол тағы 10 мың еуро қосатынын жазады. Ал Telegram-каналында «Ал ойын басталсын» деген тақырыппен пост жариялайды.

Дростен ештеңе деп жауап бермегеннен кейін келесі күні, яғни 5 желтоқсанда Самуэль Эккерт тағы бір твит жазып, тақырыпты жалғастыра түседі де, былай деп жазады: «Біз рас айтамыз. Мен Кристиан Дростенге қосымша 10 мың еуро ұсынамын. Профессор Дростен SARS-CoV-2 және оның геномын бөліп алу процесін ғылыми түрде дәлелдей алатын мақаладан үзінді ұсына алмайды».

Эккерт өзінің Telegram-каналында PayPal арқылы жазылушыларға да ақша (250 швейцариялық франктан) аударуға шақырып, егер ғалым жауап бермесе, барлық ақшаны қайтаруға уәде береді. Былай айтқанда бұл краудфандинг науқанына айналады және оны Эккерт Christian Drosten Isolate Fund деп атайды.

19 күн ішінде PayPal-да 154 мың швейцарлық франк (шамамен 170 мың АҚШ доллары) жиналды. 23 желтоқсанда Эккерт доктор Эндрю Кауфманмен болатын тікелей эфирін жарнамалай отырып, қорға 200 мың доллар жиналғанын айтады. Айтпақшы Кауфман бізге бұрыннан таныс: ол да Эккерт сияқты өткен жылдан бастап вирус әлі бөлініп алынбаған деп мәлімдеп келеді. Ал қаңтарда біз оның қатысуымен болған «Әлем дәрігерлері COVID-19 вакцинасына қарсы» атты видеоны тексерген едік.

2021 жылғы 13 қаңтарда Эккерт жиналған ақша жазылушыларға қайтарылатынын хабарлайды (себебі Дростен, шамасы, жауап бермейді). Сонымен қатар Эккерт өзінің сайтына сілтеме жасай отырып, жаңа қор құрылғанын айтады. «Көп ақша, көп профессорлар, көп уақыт» деп жазды белсенді.

Шынында да, бір күн бұрын, яғни 12 қаңтарда, Самуэль Эккерттің сайтында Isolate Truth Fund деген парақша пайда болған. Оның пайда болған күнін парақшаның бастапқы коды арқылы анықтауға болады.

Парақшаның 14 қаңтарда archive.org сайты арқылы жасалған архивтік суреті ол кезде қорда ақша жоқ екенін көрсетеді. Дегенмен сайт парақшасының бетінде көрсетілген профессорлардың кез келгені (ол жерде төртеуі тұр) вирустың бар екенін дәлелдесе, онда қорда жиналған ақшаны және қосымша 225 мың еуроны алады деп жазылған.

Мысалы кейінгі архивтік суреттерден 4 ақпанда жазылушылардан 9750 еуро және Эккерт командасынан 225 мың евро жиналғанын көруге болады. 23 ақпанда жазылушылардан түскен ақша 11250 еуроға дейін өскен. Ал 10 сәуірге қарай бұл көрсеткіш кенеттен өзгеріп, 1 миллион еуроны көрсетіп тұр.

Осыдан кейін парақшада жазылушылардан жиналған 11 мың еуро оларға қайтарылатыны, ал көрсетіліп тұрған 1 миллион еуроны тек Эккерт командасы ұсынатыны туралы хабарлама пайда болды. Сәуірдің соңына қарай бұл сома 1,5 миллион еуроға дейін өседі. Эккерт бұл 500 мың еуроны берген Gross Freiheit TV блогының жүргізушісі Йенс Бокенфельдке алғыс айтады. Қазіргі кезде, яғни осы мақала жазылып жатқан сәтте сыйақы әлі де 1,5 миллион еуро болып тұр.

Сәуірде парақшаның дизайны мен хабарламасы өзгереді: Эккерттің айтуынша «барлық вирусологтар SARS-CoV-2 сияқты ауру тудыратын вирустардың бар екенін айтқан кезде өзін де, қоғамды да алдайды».

Осы тұста айта кетейік, Эккерт пен оның командасы коронавирусты бөліп алуға қатысты дәлелге ақша ұсынған алғашқы адамдар емес. Мысалы 2020 жылғы наурызда тағы бір германиялық конспиролог Ханс Толзин коронавирустың тыныс алу органдарының ауруын тудыратынын дәлелдейтіндерге 100 мың еуро ұсынған еді. Бұл парақша әлі де бар, бірақ Толзин Эккерт сияқты қанағаттанарлық жауап алмағанға ұқсайды.

Мәселенің қаржылық жағы

Самуэль Эккерттің Эндрю Кауфман, Бодо Шиффман және Хейко Шенингпен сияқты аса танымал конспирологтармен бірге жұмыс істейтінін ескерсек, оған 1,5 миллион еуро жинау қиын болмағанын түсінуге болады. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, бұл ақшаның үштен бір бөлігі тек бір адамнан, яғни Бокенфельдтен түсті.

Бұл ретте Эккерттің өзі кедей адам емес және бірнеше жолмен ақша табатынын ескерген жөн. Ол Швейцарияда орналасқан IT-консалтинг, блокчейн және машиналық оқыту саласындағы үш компанияның негізін қалаушы және жетекшісі (Эккерт екі елде тұрып, жұмыс істейді).

Сонымен қатар белсенді өзін Patreon, PayPal және банк аударымдары арқылы қолдауға шақырады. Адамдардан биткоиндер де қабылданады. Эккерт әлеуметтік желіде де қолдау сұрауды ұмытпайды. Мысалы өзінің Youtube-каналындағы әр видеосының астында сондай сілтеме бар. Сондай-ақ ол Twitch және DLive платформаларында стрим жасай отырып, жазылушылардан донат алып отырады.

Сонымен қатар оның сайты арқылы жетінші күндегі Адвентисттер шіркеуінің негізін қалаушылардың бірі Эллен Уайттың Эккерттің жеке қолы қойылған «Ұлы күрес» кітабына тапсырыс беуге болады. Бір қызығы, Германияда орналасқан Шіркеудің өзі 2020 жылғы күзде Эккерттің пандемия мен оған байланысты шектеулерге қатысты көзқарасын қолдамайтыны туралы арнайы мәлімдеме жасайды. Ал шіркеудің Баден Вюртембергтегі өңірлік басшылығы оған, тіпті, сол аймақтағы шіркеулерге келуге тыйым салды.

Сондай-ақ сайтта Эккертті қандай да бір іс-шараға спикер ретінде шақыруға мүмкіндік бар екені жазылған, әрине, тегін емес.

Вирусты бөліп алу туралы не деуге болады?

Бар қызық мынада, вирус баяғыда бөлініп алынған (ғылыми мақалалардың мысалдары мына және мына жерде, геномды ретке келтіру: мына жерде). Factcheck.kz мұндай мәлімдемлерді бұған дейін тексерген еді, олар мына және мына жерде. Біздің тұжырымдамалар ғалымдардың сараптамасына негізделген. Ғалымдар Эккерттің түрлі мәлімдемелеріне қарамастан, вирустың бөлініп алуына қатысты жеткілікті дәлелдемелер ұсынған.

Мысалы әлеуметтік желідегі әртүрлі коронавирусты жоққа шығарушыларға кейде австралиялық вирусолог және ғылымды насихаттаушы Ян Маккей жауап беріп отырады. Ол өзінің блогында осы дәлелдерге қатысты егжей-тегжейлі мақала жазған еді. Біз сонымен танысуға кеңес береміз.

Бұрын 19-nCoV деп аталатын АҚШ-тағы COVID-2019-дың алғашқы жағдайындағы изоляттың электронды микроскоптағы суреті. Вирустың сфералық бөлшектері көк түспен боялған (Дереккөз: Қоғамдық денсаулық сақтаудың сурет кітапханасы)

Эккерт пен оның әріптестерінің негізгі мәлімдемесі бойынша: вирусологтар электронды микроскоптан вирустарды емес, өлі жасушалардың типтік құрылымдарын көреді. Олардың айтуынша ғалымдар пробиркалардағы жасушаларды байқамай өлтіріп алады да, вирустың бар екеніне және бөлініп алынғанына дәлел деп санайды.

Алайда бұл олардың вирустың қалай бөлініп алынатынын мүлдем түсінбейтіндігін көрсетеді. Factcheck.kz-ке пікір білдірген молекулалық биология және вирусология ғылымдарының докторы Әсел Мұсабекова жасушалардың не үшін пайдаланылатынын түсіндіріп, вирусты бөліп алудың бір-екі стандартты әдісі туралы қысқаша айтып берді.

Вирусты бөліп алу үшін клиникалық үлгі (вирусы бар делінген) жасушалық ортаға салынады. Себебі вирустың өсуі үшін жасушалар қажет. Осы ретте әртүрлі вирустар әртүрлі жасушаларда өседі, сондықтан ең маңыздысы – коронавирус өсетіндей жасуша желісін таңдау. Мысалы кейбір протоколдарда иммун тапшылығы бар желілер қолданылады, себебі вирус ондай жағдайда кедергісіз көбейе алады да, вирус концентрациясы бөліп алу үшін жеткілікті болады. Мұндай жасушалар табылғаннан кейін оны бөліп алу әдісін таңдау керек. Бір әдіс бойынша: вирус жұқтырған жасушалар мен вирус өскен ортаны сүзгіден өткізеді, осылайша вирусты жасушалардан бөліп алуға болады. Басқа жолы – ультрацентрифугадан өткізу. Атауы айтып тұрғандай, бұл процесте арнайы мықты ультрацентрифуга аппараттары қолданылады. Олардың көмегімен жасуша органеллалары мен вирустар фракцияларға бөлінеді. Нәтижесінде бөлінген вирус арнайы ерітіндіде бөлек кішкене түтікке (эппендорф) салынады және оны -80C° температурада ұзақ уақыт сақтауға болады.

Әсел Мұсабекованың айтуынша, бұл жағдайда вирустар мен өлі жасушаларды немесе олардың құрылымдарын (апоптоз) шатастыру мүмкін емес, өйткені микроскоп астында олар мүлдем басқаша көрінеді.

С гепатиті вирусының созылмалы инфекциясы кезінде апоптотикалық гепатоцит (ацидофильді дене, меңзермен белгіленген) (Дереккөз: Тим Кендалл, Эдинбург Университеті 2018 CC BY-SA)

Алайда Эккерт және оның командасы қолда бар дәлелдерді елемейді және әлі күнге дейін бірде-бір вирусолог вирустың бар екеніне нақты дәлел келтірмеді деп санайды. Ал ғалымдардың ақшалай сыйақы алу үшін ол сияқты белсенділермен қарым-қатынас орнатуға асықпайтындығын оның жақтастары «SARS-CoV-2-нің жалған екендігінің айқын белгісі» ретінде қабылдайды.

Самуэль Эккерт өз аудиториясымен де, вирусологтармен де манипуляция жасауға тырысып жатыр. Ғалымдар ақша үшін конспирологпен бәстеспейді, өйткені оған еш себеп жоқ (ашық дереккөздерде дәлелдердің болуын ескерсек), сонымен қатар мұндай адамдармен бәстесу беделге де қауіпті. Эккерт мұны түсіне ме, жоқ па белгісіз, алайда мұндай жағдай оның айтқандарын адамдар арасында таратуға көмектесетіні анық. Ол өз қателігін мойындауға дайын екені екіталай, себебі бұл оның соңғы жылда ұйымдастырған барлық қоғамдық жұмысының идеясын бұзуы мүмкін.

Біз сізге Германияның пандемия кезінде қалайша инфодемияның орталығына айналып кеткені туралы Opendemocracy порталының мақаласын оқуға кеңес береміз.

Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.