Фактчек | Аймағамбетов әлемдік рейтиңдер туралы

Сәуірдің 19-і өткен Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық рейтиңдерден мысал мен бірнеше дерек келтірген. Factcheck.kz министр сөзі қаншалықты рас екенін тексерді.

Министр сөзі (тайм-код: 41:58)

Мәлімдеме: Колледждер бойынша WorldSkills чемпионатының қортындысын қарасақ, Қазақстан 60-тан астам қатысушы ел арасында, бұның алдындағы 50-орыннан 14-орынға дейін көтеріліп отыр, көріп отырғандай, жақсы динамика бар.

Асхат Аймағамбетов

Үкім: Шындық және манипуляция

Несі рас: 2014 жылы Қазақстан WorldSkills-қа мүше болып, 2015 жылы алғашқы сайысына қатысты. Жинаған толық балл саны бойынша, еліміз 55 мемлекеттің ішінде 50-орынға жайғасқан. 2019 жылы WorldSkills сайысында тура сол көрсеткіш бойынша 60 ел ішінде 14-орынға тоқтаған.

Бұл жетістікке қалай жеттік? 2015 жылы Қазақстан атынан 6, 2019 жылы 31 адам қатысқан. 6 адамның ұпайын қосқаннан, 31 адамның ұпайын қосса көбірек шығатыны түсінікті. Айта кету керек, дәл сол жылы Сингапур атынан 29 адам қатысса да, ортақ балл саны бойынша бізден бір саты жоғары орналасқан.

Несі манипуляция: WorldSkills-тің абсолют баллдан бөлек, орташа балл бойынша рейтиңі бар, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 2015 жылы да, 2019 жылы да 50-орыннан қозғалмаған. Медаль саны бойынша да, Қазақстан 2015 жылы ештеңе ұтпай 45-орында болса, 2019 жылы “үздік жетістіктер үшін” деген 1 медаль алып, сол 45-орында қалған.

Мәлімдеме: Ал енді QS халықаралық рейтингісінде 2016 жылы 8 ғана [Қазақстаннан – ред.] университет болса, бүгінде оған 14 жоғары оқу орны еніп отыр.

Асхат Аймағамбетов

Үкім: Шындыққа жақын

QS World University Rankings-тің дерегіне сай, рейтиңде 2016 жылы 9 университет болған, 2022 жылғы көрсеткішке сәйкес, оның саны 14-ке өскен. Қазақстандық университеттер ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші болып 175-орынға жайғасқан, ал ең кейінгі орында (рейтиңдегі орны — 1201+) С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универсиситеті тұр.

QS нені зерттейді?

Шындығында QS тізімінде кейінгі орында болудың өзі үлкен мақтаныш. Ал әлемнің ең мықты 250 оқу орнының тізіміне ену тіпті тамаша.

QS рейтиңді мына талаптарды ескере отырып жасайды:

  • Академиялық бедел;
  • Қызметкерлердің көпшілік арасындағы белсенділігі;
  • Оқытушылар мен студенттер санының сәйкес келуі;
  • Жұмыс берушілердің пікірі;
  • Негізгі білім беру бағдарламаларындағы шетелдік профессорлар мен шетелдік студенттердің пайызы.

Мәлімдеме: 3 жоғары оқу орны беделді Times Higher Education рейтингісіне кіріп отыр.

Асхат Аймағамбетов

Үкім: Шындық

Times Higher Education World University Rankings-тің ақпаратына сай, расымен қазақстандық 3 университет, нақтырақ айтсақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ және Сәтбаев университеті әлемдік рейтиңге енген. Үшеуінің де орны — “1201+”. Бұдан басқа, қазақстандық Абай атындағы ҚазҰПУ-да рейтиңге деректерін ұсынған, алайда критерийлерге сай келмей, “баяндамашы” статусын алған.

Оқи отырыңыз…

  • Еске сала кетейік, бұған дейін US News & World Report компаниясы білімге қатысты рейтиң жүргізгенін, Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 71-орында тұрғанын жаздық. Алайда рейтиң білім деңгейін емес, азаматтардың осы мемлекеттерде оқуға қол жетімділігі мен білім алу мүмкіндігін бағалайды.
  • Одан бөлек, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге кеткен 32 209 адамның 8584-і ЖОО тәмамдаған, 5259-ы техникалық маман, 1628 педагогикалық білімі бар болса, 901-і медицина мамандары.
  • 9-сынып түлектері колледждерде тегін оқуға мүмкіндігі бар, алайда бұл барлық мамандыққа қатысты емес: сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) беру ғана тегін. Сондай-ақ, 100%-тік тегін оқу 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz