9-сынып түлектері колледжде тегін оқи ма?

Кейінгі күндері әлеуметтік желілер мен сайттарда “9 сынып түлектері колледжде 100% тегін оқиды” деген ақпарат желдей есіп жүр. Әсіресе Instagram-да біраз бөлісіліп, көптеген парақшалар “жар” салуда. Расымен де 9 сынып түлектері тегін оқи ала ма әлде бұл кезекті манипуляция ма? Factcheck.kz. сайты ақпараттық ақ-қарасын анықтап көрді.

9 сынып түлектері колледжде 100% тегін оқиды

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Манипуляция

9 сынып түлектері расымен де колледждерде тегін оқуға мүмкіндіктері бар, алайда бұл барлық мамандыққа қатысты емес. Құжатқа сай, сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) беру ғана тегін. Сондай-ақ, 100%-тік тегін оқу 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады. Бұл ҚР Үкіметінің 2021 жылғы “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасын бекіту туралы № 726 қаулысы аясында жүзеге асуда.

Сонымен қатар, бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық білім бөлімінің басшысы Қайрат Жұманов та мәлімдеді.

Рет-ретімен түсіндіріп көрсек

Мемлекет басшысы Тоқаевтің 1 қыркүйектегі жолдауында сұранысқа ие мамандықтарға жүз пайыздық тегін білім беру туралы мәселе көтерілген. Сөзбе-сөз айтсақ төмендегідей:

Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет. Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев

Осыдан кейін 12 қазанда ҚР Үкіметінің тапсырмасымен “Білімді ұлт” сапалы білім беру” ұлттық жобасын бекіту туралы № 726 қаулысы қабылданды. Қаулы шеңберінде 9-сынып түлектері сұранысқа ие барлық мамандық бойынша ТжБК-мен жүз пайыздық тегін білім алмақ. Осы мамандықтарға сай, 2021 жылы – 60% түлектер, 2022 жылы – 70%, 2023 жылы – 80%, 2024 жылы – 90% және 2025 жылы – 100% түлектер толығымен тегін оқиды. Қаулының толық мәтінін төмендегі PDF-құжаттан біле аласыздар.

bilimdi-lt-sapaly-bilim-beru-ltty-zhobasy

Осы орайда “сұранысқа ие мамандықтар тізімі бар ма және оны кімдер жасақтайды?” деген сұрақ туындайды. Бұл ақпаратқа жауап алу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі ресми өкілінің пікірін сұрап көрдік. Ресми өкілдің айтуынша, қазіргі уақытта облыстарда комиссиялар өңірлік еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар тізбесін жасап, осы мамандықтар бойынша орын санын бекітеді. Ал жалпы Қазақстанда колледждерде тегін білім алуға 125 мың орын берілген.

Колледждерге құжаттарды қабылдау 20 маусымнан басталады. Әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжді таңдауға мүмкіндігі бар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz