Қазақстан “білім деңгейі жоғары” елдер рейтиңіне енді ме?

Соңғы күндері “Қазақстан білім деңгейі жоғары елдер рейтиңіне енді” деген ақпаратты біраз қазақстандық медиа бөлісіп жатыр. Рейтиңді US News & World Report компаниясы жасаған, “тізімде” 78 ел бар, ал Қазақстан 71-орында тұр. Бұл қандай рейтиң, Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Қазақстан “білім деігейі жоғары” елдер рейтиңіне енді

БАҚ

Үкім: Шындық және Манипуляция

Шындығы мынада: US News & World Report компаниясы расымен “білім деңгейі жоғары” елдер рейтиңін жүргізген, Қазақстан 78 мемлекеттің ішінде 71-орында тұр.

Манипуляциясы мынада: Бұл медиа-компания рейтиңіне әлемнің барлық елдері немесе БҰҰ-на қарасты мемлекеттер кірмейді. Бірақ бұл маңызды емес. Мәселе мынада, рейтиң білім деңгейін емес, азаматтардың осы мемлекеттерде оқуға қол жетімділігі мен білім алу мүмкіндігін бағалайды.

2021 жылы білім беру рейтиңі 3 атрибут бойынша әлемдік сауалнамаға негізделе отырып жасалған. Олар: мемлекеттің дамыған білім беру жүйесінің болуы, азаматтары (мемлекеттің) университеттерге түсуді қарастыруы және мемлекеттің сапалы білім бере алуы. Одан бөлек бұл компания жалпы “үздік” елдер рейтиңін де жасайды. Бұл рейтиңге Қазақстан 72-орынға жайғасқан.

US News & World Report методикасы қалай жасалған?

Бұл медиа-компания зерттеуін VMLY&R Ғаламдық Маркетиңдік коммуникациялар компаниясының бөлімшесі BAV Group пен Пенсильвания университетінің Уортон мектебімен бірігіп жасаған. Өздерінің методологиясына сай 78 мемлекетті 4 критерий бойынша таңдап, сол елдер арасында ғана әртүрлі рейтиң жасайды, соның бірі осы жоғарыдағы “білім беруге” қатысты рейтиң. Бұл жобаны осымен 6-шы жыл жүргізіп отыр. Ал жалпы 78 елді таңдау критерийлері мыналар:

  • Дүниежүзілік Банктың 2018 немесе 2019 жылдағы ЖІӨ бойынша Топ-100 ел;
  • Дүниежүзілік Банктың 2018 немесе 2019 жылдағы тікелей инвестициялар ағыны бойынша Топ-100 ел;
  • Дүниежүзілік Банктың 2018 немесе 2019 жылдағы Халықаралық туризмнен түсетін кірістер бойынша Топ-100 ел;
  • БҰҰ “адам дамуының индексі” есебі бойынша 150 жетекші ел.

Таңдалған 78 мемлекетті 76 атрибут бойынша (әр атрибут 10 баллмен бағаланады) 17 мыңнан астам адам арасынан сауалнама жүргізу арқылы әртүрлі рейтиң жүргізген. Сауалнамаға жалпы саны Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия, Еуропа, Африка және Таяу Шығыс аймақтарының 36 елінен 17 326 адам қатысқан.

Контекст

  • БҰҰ “Білім беру” индексі бойынша, Қазақстан 2019 жылы (соңғы дерек) 0,830 балл жинаған.
  • Әлем елдері білім деңгейінің индексі (Education Index) – ересек халықтың сауат индексі мен білім алатын оқушылардың жиынтық үлесінің индексі ретінде есептелетін БҰҰ “Даму бағдарламасының” біріккен көрсеткіші.
  • ЮНИСЕФ-тің дерегінше, 2019 жылы Қазақстандағы ЖІӨ-нің білім беруге арналған мемлекеттік шығыстарының проценттік үлесі – 12,3%-ке жеткен.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz