Депутаттардың Қазақстанның сыртқы қарызына алаңдауы қаншалықты орынды?

Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты мәселе депутаттық сауалдарда жиі айтылып, жергілікті БАҚ-та кең таратылады. Атап айтқанда, халық арасында «Қазақстанның сыртқы қарызының көптігі сонша, әрбір қазақстандық шетелдік несие берушілерге, шамамен, 9 мың АҚШ долларын қарыз» деген пікір бар.

Іс жүзінде бәрі олай емес. Біз бұл туралы бұрын жазған едік. Сыртқы қарыздың көп бөлігі Үкімет кепілдік бермейтін және азаматтардың мойнына жүк болып түспейтін фирмааралық қарыздарға тиесілі. Ал халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде екенін растайды.

Дегенмен сыртқы қарызға қатысты мәселе Парламент қабырғасында үнемі талқыланады. Наурыз айының соңында Мәжілістің кезекті жалпы отырысында «Ақ жол» партиясының депутаты Андрей Линник «кәсіпорындардың қарызы есепке алынбайды» деген дәйектер экономика тұрғысынан сауатсыз» деп мәлімдеді. Осыдан кейін депутат мысалға МЖӘ (мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, – ред.) аясында қолға алынған екі жобаны келтіреді. Онда кәсіпорындар ЕҚДБ-дан несие алып, елордада бірнеше қымбат мектеп салып, Семейде қоқысты қайта өңдейтін полигон салған. Енді бұл қарызды салық төлеушілер өз қалтасынан төлейді.

Депутаттардың Қазақстанның сыртқы қарызына алаңдауы қаншалықты орынды?
Андрей Линник

Осылайша депутат Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты мәселені кезекті рет көтеріп, дабыл қағып жатыр.

Осыған орай Factcheck.kz осы тақырыпқа қайта оралып, барлығы Линник мырза айтқандай жаман ба, жоқ па және Қазақстан азаматтарына елдің сыртқы қарызы туралы алаңдауы керек пе, жоқ па екенін анықатуды жөн санады.

Қысқаша қорытынды

Айта кетейік, мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы ресми мәліметтерден жоғары болуы мүмкін. Себебі мемлекет кейде банк сияқты жеке тұлғаны «құтқармақ» болып, оның қарызын өз мойнына алады. Дегенмен бұл барлық сыртқы қарыз бюджеттен төленеді деген сөз емес. Фирмааралық қарыз ешқайда кетпейді. Сондықтан 9 мың АҚШ доллары туралы алаңдаушылық орынсыз.

Толығырақ тоқталайық

2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы – 160,7 млрд АҚШ доллары. Бұл елдің ЖІӨ-нің 90,7%-ы. Оның 101,3 млрд доллары – жеке сектордың қарызы. ҚР Ұлттық Банкінің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, бұл қарыздың басым бөлігі шетел компанияларың қатысы бар 3 ірі жобаға тиесілі, олар – Қашаған, ТШО және Қарашығанақ.

Мемлекеттік сыртқы қарыз 13,2 млрд АҚШ доллары болса, квазимемлекеттік сектордың қарызы – 20,1 млрд АҚШ доллары. Айта кетейік, мемлекеттік қарызды кең ауқымда қарайтын болсақ, оған мемлекеттік қарыз, квазимемлекеттік сектордың қарыздары және кепілдіктермен немесе мемлекет кепілдігімен қамтамасыз етілген қарыздар кіреді. Яғни Қазақстанның мемлекеттік қарызы – 33,3 млрд доллар (ЖІӨ-нің 18,8%-ы). Өскенбаевтың айтуынша, халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай қарыз қауіпсіз деңгейге жатады.

Дегенмен біз бұл тақырыпқа қайта оралдық, мақсатымыз – бәрі біз ойлағандай анық па жоқ па екенін нақтылау. Сарапшылардың пікірінше, бұл күрделі мәселе, сондықтан бұл жерде бәрі анық болмауы мүмкін. Мәселен экономист және Economist.kz жобасының негізін қалаушы Қасымхан Қапаров мемлекеттік қарыз тақырыбына арналған мақаласында «көрінбейтін мемлекеттік қарыз» туралы айтады.

Сарапшының айтуынша, квазимемлекеттік сектордың қарызынан бөлек, жеке банктер мен компаниялардың сыртқы қарызының бір бөлігін де (оның фирмааралық қарызға қатыс жоқ – ред.) мемлекет қамтамасыз етуі мүмкін.

«Мысалы мұндай кәсіпорындарға ХВҚ (Халықаралық валюта қоры) ұсынымдары бойынша мемлекеттен қарыз түрінде көмек алатын ірі банктерді, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкінен (ҚДБ), «Даму» қорынан немесе «ҚазАгро» холдингінен қомақты қаражат алған қарыз алушыларды жатқызуға болады», деп түсіндіреді Қапаров.

Factcheck.kz өтініші бойынша пікір білдірген тәуелсіз зерттеуші және экономист Данияр Молдокановтың айтуынша, мемлекет білгісіз бір себеппен қарызын төлей алмай, банкротқа сәл қалған бизнесті құтқарады. Бірақ біз мемлекет нақты қандай кәсіпорындарды құтқарып, қайсысын сақтамайтынын алдын ала біле алмаймыз.

Қазақстандықтар мемлекеттің жеке банктерді қалай құтқарғанына куә. Тіпті бұл бірнеше рет болды. Осы тақырыпқа байланысты қызықты сараптамалық мақала былтыр Forbes.kz сайтында жарияланды. Материалдағы мәлімет бойынша, 20 жыл ішінде банк секторына, шамамен, 5 трлн теңге құйылған.

МЖӘ-ге келетін болсақ, бұл мемлекет пен жеке бизнес арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық, ол бойынша олар қаржылық жүктемені өзара бөліседі. Ал Қазақстанда МЖӘ жобаларын іске асыру барсында көп мәселе кездеседі. Мысалы 2019 жылғы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев МЖӘ жобалары құнының 90%-дан астамы мемлекеттің міндеттемесінде екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл МЖӘ-нің бастапқы идеясын жоққа шығарады.

Дегенмен МЖӘ-нің табиғатын ескерсек, бастапқыда шығындардың бір бөлігі бюджеттен алынатыны түсінікті. Бұл Андрей Линник мысал ретінде келтірген екі қымбат жобаға да қатысты. Алайда бұл жобалар шынымен де сондай шығындарды қажет ете ме, әлде ол жерде қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемасы бар ма? Өкінішке қарай, бұл туралы қазір нақты бірдеңе айту мүмкін емес. Мұнымен тиісті органдар айналысуы тиіс.

Данияр Молдокановтың айтуынша, егер, расымен, ол жерде сыбайлас жемқорлық схемалары болса, онда жобалар қанша өркендеп, пайда мен игілік әкелсе де, қоғам мен салық төлеушілер балама шығындардан айырылады. Басқаша айтқанда, сол нәтижеге аз шығынмен жетіп, артық ақшаны басқа қоғамдық игіліктерге жұмсауға болушы еді. Оның орнына артық пайда, жақсы болса, айналымда, жаман болса, оффшорлық аймақтарға кетіп жатыр.

Сыртқы қарыз мәселесіне қайта оралайық. Жоғарыда аталған барлық жағдайды ескере отырып, бүкіл сыртқы қарыз ел азаматтарының мойнына артылады деп айтуға бола ма? Не болса да, жоқ. Мемлекет барлық кәсіпорындардың қарыздарына жауапты емес, ал еліміздің сыртқы қарызының көп бөлігін дәл осы фирмааралық қарыздар құрайды.

«Қарызды халыққа бөліп көрсету дұрыс әлде бұрыс екенін айту қиын. Бұл, әрине, сіздің көзқарасыңызға байланысты. Егер екі елді салыстырғыңыз келсе, онда бұл көрсеткіш жағдайды жақсы көрсетуі мүмкін. Алайда әр азамат осындай ақша қарыз деп айту – дұрыс емес», дейді Молдоканов.

Айта кетейік, сыртқы қарыз деген ұғымның өзі соншалықты жаман нәрсе емес. Бұл – барлық ел өзінің дамуы үшін қолданатын құрал. Әрине, оны тым жоғары деңгейге жеткізбеу керек.

Ол үшін «тұрақты қарыз» ұғымы бар, ол бойынша борышкер ел қарыз жүктемесін есептен шығаруға немесе қарызды өтеу мерзімдерін өзгертпей, мерзімі өткен қарыз жинамай және экономикалық өсудің қолайлы деңгейін қамтамасыз ете отырып, қарызға қызмет көрсету бойынша өзінің қазіргі және болашақ міндеттемелерін толығымен орындайды.

ҚР Ұлттық Банкі атап өткендей, елдің қарыз бойынша тұрақтылығын келесі индикаторлар анықтайды:

  • мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың (сыртқы және ішкі) арақатынасы ЖІӨ-нің 60%-ынан аспауы тиіс (2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 46,5%);
  • елдің сыртқы қарызының арақатынасы ЖІӨ-нің 100%-ынан аспауы тиіс (2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 90,7%);
  • Үкіметтің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызының көлемі Ұлттық қордың валюталық активтерінің жалпы мөлшерінен аспауы тиіс (2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 59,1%).

Соңғы мәліметтерге сәйкес, S&P несие агенттігінің бағалауы бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы «төмен» болып саналады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz