Апталық шолу: Sputnik-V вакцинасы жайлы манипуляция, ең жемқор мекеме, коронафейк және басқалары

Осы аптада Factcheck.kz депутаттардың және желіде тараған ақпаратты тексеріп, сонымен қатар, әлем жаңалықтарына назар салды. Әдеттегідей жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Қазақстанда жыл сайын қанша елді мекенді су басады?

14 сәуірде өткен Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков жыл сайын болатын су тасқыны жайында статистикалық дерек келтіріп, депутаттық сауал жолдады. Сауал барысында соңғы 5 жылдағы статистикаға назар аударып, су тасқынына қарсы іс-шаралардың осал жүріп жатқандығын атап өтті. Factcheck.kz сайты аталған деректерді тексеріп көрді.

Соңғы 5 жылдың өзінде Қазақстанда 272 елді мекенді су басты, бұл 6,5 мыңнан астам үй суға кетті деген сөз.

Жамбыл Ахметбеков

Үкім: Жалған және манипуляция

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, 2016 жылдан бері 5 жыл ішінде 160 елді мекен су астында қалды. Су тасқынынан 4595 үй, оның ішінде 12 672 тұрғын зардап шекті. Қайғылы жағдай тіркелмеген. 

Көбіне Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары зардап шекті. Су басудың негізгі себептері топырақтың терең қатуы және күзгі батпақтану, қар қоры нормаларының асып кетуі, сондай-ақ ауа температурасының көктемгі күрт көтерілуі болды. Толығырақ мына сілтемеде.   

Facebook аустралиялық депутаттың парақшасын коронафейк жариялағаны үшін өшірді

Facebook әкімшілігі аустралиялық депутат Крейг Келлидің желідегі парақшасын өшірді. Компания депутатты коронавирусты қалай емдеуге болатыны жайлы жалған ақпарат таратты деп айыптады. Бұл туралы депутат 26 сәуірде Twitter парақшасында хабарлады.

«Халықты, (халық сайлаған) адамдарды цензураға бағынышты етіп, сөз бостандығынан айыруға болмайды. Бұл демократиямызға қауіп төндіреді. Әртүрлі пікір жалған ақпарат болып саналмайды. Сонымен қатар, Facebook “шынайы ақпараттың жалғыз қайнар көзі” деген пікірдің өзі шектен шыққанды білдіреді», – деді Келли.

Кейінірек депутат АВС телерадиокорпорациясына берген сұхбатында әлеуметтік желі қызметкерлерін «бұрын кітап өртегендермен» салыстырды. Ал Facebook компаниясының Аустралиядағы бөлімі цензура туралы барлық айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұған қоса Келлидің коронавирус туралы ақпаратты жариялауға қатысты әлеуметтік желі ережесін бірнеше рет бұзғанын атап өтті.

Фактчек | Sputnik-V вакцинасын алғандар Еуропаға саяхаттай алмайды

Жақында әлеуметтік желілерде ресейлік Sputnik-V вакцинасын салдырған адамдар Еуропа мемлекеттеріне саяхаттап бара алмайды деген ақпарат шықты. Оның себебі – Sputnik-V вакцинасы Еуроодақтың рұқсат етілген вакциналары қатарына кірмегендігі. Ақпарат қаншалықты рас? Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.

Апталық шолу: Sputnik-V вакцинасы жайлы манипуляция, ең жемқор мекеме, коронафейк және басқалары
Facebook-ғы ақпарат

Sputnik-V вакцинасы Еуроодақ тарапынан рұқсат алмаған

Үкім: Манипуляция

Еуроодақ тарапынан рұқсат етілген вакциналар тізімінде Sputnik-V расымен де кірмеген. European Medicines Agency әзірге тек 4 вакцинаға рұқсат берген. Ал Sputnik-V қазіргі уақытта тексеріліп жатыр. Толығырақ мына сілтемеде.

Еуроодақ рұқсат берген вакциналар:

Қазақстандағы ең жемқор мекеме анықталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 2020 жылдың баяндамасын жариялады. Баяндамада жемқорлық жиілеген ведомстволар көрсетілген.

Агенттік 50,7 млрд. теңгені өтеді (белгіленген залалдың 60,1 млрд. теңгесінен), бұл 2019 жылдың көрсеткішінен екі есе жоғары (22,7 млрд. теңге).

Субъект20192020Динамика
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет17171632-5%
Ішкі істер министрлігі269342+27%
Ұлттық қауіпсіздік комитеті12889-30%
Прокуратура органдары6578+20%
Экономикалық тергеу қызметі21210%

Сонымен қатар, баяндамада 2020 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 1021 адам сотталғаны көрсетілген.

Қылмыстың түрі20192020Динамика
Пара алу649568-12,5%
Пара беру440624+41,8%
Алаяқтық327316-3,3%
Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету243268+10,3%
Лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану283193-31,8%

Басқа жарияланған материалдар

Біздің әлеуметтік желідегі, инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz