Профессор Воробьевтің вакциналар, COVID-19 және постковид синдром туралы мәлімдемесіне фактчек

Наурыз айының басында біз ресейлік ғалым, профессор Павел Андреевич Воробьевтің «Спутник V» вакцинасы туралы жалған ақпарат таратқаны туралы баяндаған материал жарияладық. Көрнекті маман препараттың тиімділігін сынға алып, оны «генетикалық түрлендірілген вирус» деп, «жасушаға түскен соң көбейе бастайды» деп мәлімдеген елі. Сонымен қатар, профессор вакцина бірқатар ауыр асқыну тудыруы және тіпті дененің генетикалық құрылымын өзгертуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Содан бері ол бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет вакцинация туралы ғана емес, COVID-19 туралы да жаңа дұрыс емес мәліметтер таратты. Оқырмандардың сұрауы бойынша Factcheck.kz редакциясы профессор Павел Воробьевтің кейінгі мәлімдемелерінің ғылыми дәлелдерге сәйкестігін тексерді.

Medsupport.kz дәрігерлерді қолдау қоры командасына материалды дайындауға көмектескені үшін алғыс білдіреміз.

Қысқаша қорытынды

  1. Профессор Павел Воробьевтің коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар туралы жақында айтқан сөзінің бәрі дерлік жалған мәліметтерге, логикалық қателерге және вирустардың қалай жұмыс істейтіні және мутацияланатыны, қазіргі заманғы вакцинология дегеніміз не туралы түсінбестікке (немесе білместікке) негізделген. Сонымен қатар, профессор жалған пікірлерді ғана емес, дәлелді медицина мен клиникалық мәліметтерге сүйенген пікірлерін де айтатынын ескертіп қояйық. Павел Воробьев сөзсіз өз ісінің кәсіби маманы болғанына қарамастан, вакцинация мен вирусологияға қатысты бірқатар мәселеде қателесіп, осы қате түсініктерді кең аудиторияға таратты деп қорытынды жасай аламыз.
  2. Сондықтан профессор өзінің беделіне қарамастан, «анти-вакцина» деген атаққа ие болды. Ол кейде тікелей емес, кейде ашық түрде COVID-19-ға қарсы вакциналарды ғана емес, қызылшаға немесе пневмококк инфекциясына қарсы вакциналардың тиімділігін де жоққа шығарады. Айта кету керек, профессор вакцинология немесе вирусология саласының маманы емес.
  3. Павел Воробьевтың жеке клиникасы және COVID-19-ды анықтау мен емдеудің авторлық әдісі бар. Осы және басқа қызметтер ақылы, яғни мүдделер қақтығысын жоққа шығара алмаймыз.
  4. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ды емдеудің бірыңғай және медициналық қоғамдастық қабылдаған әдісі жоқ — емдеудің барлық схемалары симптоматикалық түрде болады. Сондықтан бүгінде вакцинация – тек COVID-19-бен ғана емес, бұрын жүздеген мың адамның өмірін қиған басқа қауіпті вирустармен күресудің ең тиімді әдісі.

Толығырақ: Воробьев ковид, қызылша, пневмококк, вакциналар және вакцинациялау туралы

Пікір: «Адам коронавируспен ауырғаннан кейін, онда ковидтан кейінгі синдром пайда болады. Олардың себебі – тромбоваскулит, қабыну, бұл ковидке аутоиммун реакциясы ретінде пайда болады. Соның кесірінен жүйке тіні, соның ішінде ми  зақымданады <…> Вакцинациядан кейін ковидтан кейінгі синдро бола ма деп қорқамын»

Павел Воробьев, YouTube

Үкім: Жартылай шындық және манипуляция

Мұндай термин бар, бірақ қазір науқастардағы COVID-19 созылмалы белгілерін түсіндіруге ғалымдардың ақпараты жеткіліксіз, оның үстіне олар бәрінде бірдей пайда болмайды. Олар вирусты алғаш жұқтырғаннан кейін бірнеше аптаға немесе айға созылуы немесе бірнеше аптадан кейін пайда болуы мүмкін екені атап өтілді. Науқастарда мынадай белгі анықталады: шаршау, бас ауруы, иіс сезбеу, жөтел, күйзеліс және басқа белгілер. Ең көп таралғаны аурудың ұзаққа созылған кезеңінде организмдер мен тіндерге тікелей зақым келтіру, сондай-ақ реанимация шаралары.

Материал жарияланған кезде әлем бойынша жарты миллиардтан астам адамға, кемінде, бір доза егілді (төмендегі жаңартылған кестені қараңыз) және вакцина ковидтан кейінгі синдром тудырмайтыны анық, әйтпесе біз қазірдің өзінде көптеген асқынуларды көрер едік. Вакцинада тірі вирус жоқ және ауру тудырмайды, сондықтан ковидтан кейінгі синдромды да тудыруы мүмкін емес. Кейінгі мәліметтер бойынша, жалпы вакцинация ковидтан кейінгі жағдайды қалпына келтіруге ықпал етуі мүмкін деген болжам жасауға болады (төмендегі мәліметтерді қараңыз). Профессор Воробьевтың айтқаны және әлеуметтік желіде таралған қауіп туралы әңгіме манипуляциялық сипатқа ие және коронавирусқа қарсы вакциналар жасау мен қолдану механизмін түсінбеуге негізделген.

Жақында ДДСҰ «аурудан кейінгі күйді» Халықаралық аурулар жіктеуішіне (ХАЖ-10) енгізді. Сарапшылардың пікірінше, бұл көбіне созылмалы аурудың және созылмалы аурулар өршуі салдарынан органдар мен тіндердің зақымдануына байланысты.

CDC осы салдарларды жіктеп, оның бірнеше себебін ұсынды. Әзірше бұл эффект қанша уақытқа созылуы мүмкін екені белгісіз, өйткені тек алдын ала зерттеулер ғана бар. Сондай-ақ, вирустың организмге орнығып алуы мүмкін деген болжам бар, бұл құбылыс “вирус табандылығы” деп аталады. Nature беделді ғылыми журналы мұндай салдарды иммунодепрессив науқастардан да, иммун жүйесі қалыпты адамдардан да табылуы мүмкін екенін жазады.

Асқынуларды болдырмаудың ең жақсы әдісі – COVID-19-дың алдын алу, оның ішінде вакцинациялау деп санайды. Сонымен қатар, вакцинациядан кейін ковидтан кейінгі белгілердің пайда болу мүмкіндігі тойтарылады, өйткені вакцинада организмге әсер етуі мүмкін тірі вирус жоқ. Мичиганның 38 ауруханасындағы 1250 пациенттің нәтижесін бағалаған америкалық ғалымдардың зерттеуі ковидтан кейінгі синдроммен ауыратындардың көпшілігі ауыр ауруға шалдыққандар екенін көрсетті. Британ және испан сарапшылары да осындай тұжырымдар жасады. Халық денсаулығы және халықаралық денсаулық сақтау бойынша сарапшы, иммунолог Николай Крючков та осылай дейді.

Кейінгі мәліметтер вакцинация, керісінше, аурудың ұзақмерзімді салдарын тоқтатуға көмектеседі деген гипотезаны алға тартуға мүмкіндік береді.

Пікір: (Роликтегі титорлар: «COVID-19-дың жаңа штамдары туралы») «Ковидтың бүгінде 16 мың мутациясы белгілі. Ковидке қатысты жағдай – нағыз саясаткер <…> Мен, шынымды айтсам, ковидке қарсы шын вакцина туралы естіген емеспін. Антиковид қорғанысы атын жамылып, адамдарға берілетін генетикалық түрлендірілген вирустар бар  <…> Бұның вакциналарға еш қатысы жоқ»

Павел Воробьев, «Свободная пресса»-дағы сұхбат

Үкім: Манипуляция және жалған

Вирустар үнемі мутацияға ұшырайды, бірақ мутациялардың көпшілігі кеңінен көбейе алмайды, тек азды-көпті төзімді мутациялар таралады, бұл – табиғи сұрыптау, мұндай мутациялардың тек үшеуі ғана бар. Бүгінгі күнге дейін ғалымдар негізгі мутацияланған варианттардың геномдарын зерттеді және шифрын ажыратты: британдық, бразилиялық және оңтүстік африкалық. Маңызды: нұсқалар штамм емес (!). Вакцина жасалған кезде, бұл нұсқалардың ешқайсы белгілі болмаған еді, бірақ вакцинаны жасаушылар дәрі-дәрмектердің оларға қарсы тиімді екенін дәлелдеді. Воробьевтің мәлімдемесі мен видеодағы қолтаңба ақпаратты бұрмалайды, өйткені логикалық қате пен адасуға апарады.

Павел Воробьевтің мәлімдемелерінен кейінгі алғашқы мақалада вакцинаның орнына генетикалық түрлендірілген вирус туралы жалған пікірді жоққа шығардық.

Бұл мәлімдеме Павел Воробьевтің айтқаны бар газет кесіндісі әлеуметтік желілерде тарала бастағаннан кейін танымал болды. Пікірдің түпнұсқасы «Свободная пресса» YouTube-каналында жарияланды, бірақ қазір платформа ережелерін бұзғаны үшін ролик алынып тасталды (бұл Воробьевтің осы мәлімдемелеріне байланысты болды деп ойлаймыз). Дегенмен сол әлеуметтік желілерде осы шулы сұхбаттың қайта салынғанын көруге болады.

Профессор Воробьевтің вакциналар, COVID-19 және постковид синдром туралы мәлімдемесіне фактчек

Әлеуметтік желідегі Воробьёвтің айтқандары туралы хабарлама

COVID-19 мутацияларының толық саны туралы нақты ақпарат жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарында коронавирустың біресе 12 мың, біресе 40 мыңға жуық жаңа мутациясы туралы хабарламалар бар. Бірақ бұл алаңдаушылық тудырмайды. Микробиолог және ғылымды насихаттаушы Әсел Мұсабекова бұл мәселе туралы былай дейді: «Біз мыңдаған мутацияны тіркейміз, бірақ бұл әртүрлі үлгідегі өзгерістер саны ғана. Бұл сандар вирустың қаупі немесе вакцинаның тиімділігі туралы ешқандай ақпар бермейді. Бұл жерде ковидтің мутация жылдамдығы тұмаудың немесе АИТВ-ның мутация жылдамдығынан әлдеқайда төмен екенін айтып өткен жөн. Бастапқы Ухан нұсқасы мен, мысалы, Оңтүстік Африка нұсқасы арасындағы айырмашылық бір пациенттегі екі ВИЧ-вирус арасындағы айырмашылықтан аз. Демек ковидтің мутация жылдамдығын төмен деп айтуға болады. Бұл вирустар тобының өзгеріске аса бір қауқары жоқ».

Әзірлеушілер Moderna, Pfizer және «Спутник V» вакциналарының COVID-19-дың белгілі нұсқаларына қарсы тиімділігі туралы бірқатар препринт жариялады. Бұл зерттеулер әлі расталмаған, бірақ оның біреуі туралы сенімді түрде және мынадай дерекке сүйене отырып айта аламыз: организміңізде аурудың алдын алуға жеткілікті антидене өндірілмеген болса да (ешқандай вакцина 100% қорғамайды), вакцина сізді аурудың ауыр ағымынан сақтайды және ауыр салдарды және/немесе өлім қаупін азайтады.

Пікір: «… Профессор Павел Воробьев Камчаткадағы ана аса қате шешім қабылдағанына сенімді. Оның пікірінше, ұлттық иммундау күнтізбесінде бір ғана «негізінде маңызды» вакцина бар, ол полиомиелитке қарсы. Ауру емделмейді және мүгедек етеді. Профессор басқа вакциналарды енгізу қажеттігіне көп күмәнданады. Олардың арасында пайдасызы да, тікелей қауіптісі де бар, мысалы, пневмококк инфекциясына қарсы вакцинация. Профессор мұны былай түсіндіреді: бір жаудың жолын жабу арқылы біз оның қауіпті және агрессив «ағасына» жол ашамыз. <…>

Сондай-ақ, дәрігер қызылшаның алдын алуды мүлдем қолдамайды. КСРО-да бұл ауруға қарсы жаппай вакцинация жасау 1968 жылы басталды. Бұған дейін адамдар ауруды симптомсыз түрде өткізетін немесе жеңіл түрін өткеретін, содан кейін олар өмір бойғы иммунитетке ие болады. Вакцина шамамен 6 жылдық «қорғаныс береді». Көптеген адам қайтадан вакцина алмайды. Олардың иммунитеті жоқ, бұл ересектерге өте қауіпті. Олардың өлімі балалармен салыстырғанда он есе жоғары. «Бұл вакцинация науқанын иммунитеттен айырылған жаңа ұрпақ жасады. Жыл сайын жағдай нашарлайды», – деді Воробьев»

Павел Воробьевтың News.ru-ға берген пікірлерінен

Үкім: Жалған

Полиомиелит шынымен де өте қауіпті, бірақ қалған мәлімдеме жалған. Тізімдегі аурулар балаларға да, ересектерге де қауіпті. Дүниежүзілік ғылыми қоғамдастық пен денсаулық сақтау жүйесі өкілдері олардың алдын алудың ең сенімді әдісі ұлттық вакциналар кестесіне енгізілген вакциналар екенін жылдан-жылға растап келеді. Төменде толығырақ талдаймыз.

Пневмококк

CDC мәліметі бойынша, 2 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан адамдарға, сондай-ақ темекі шегетіндерге пневмококк инфекциясының қаупі жоғары. Бұл кейде мидың зақымдалуы немесе есту қабілетінің жоғалуы сияқты ұзақмерзімді проблемаларға әкелуі мүмкін. Инфекциядан туындаған менингит, бактериемия және пневмония өлімге әкелуі мүмкін. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы пациенттерге де, дәрігерлерге де қажет барлық ақпараттың толық шолуын шығарды.

MSD Manuals беделді ғылыми ақпарат көзі пневмококк инфекциясының қаупі туралы толық мақала жариялады. Осы мәліметтер бойынша, 50-ден 65 жасқа дейінгі кез келген адам оған қарсы вакцинациядан өтуі керек. Жас шегі елге байланысты, айырмашылық көптеген еуропалық ел күнтізбесінде сипатталған.

Ресейдің тыныс алу қауымдастығы вакцинация пневмококк инфекциясының дамуын болдырмайтын жалғыз әдіс екенін мәлімдеді. Сарапшылар тіпті балалар үшін де, ересек буын үшін де мүмкін аурудың қаупін дәлелдейтін көлемді ғылыми зерттеу шығарды. Ғалымдар еңбектерінде пневмококқа қарсы вакцинация асқыну қаупін едәуір азайтады деген қорытындыға келді.

Қазақстанда 2010 жылдан бастап балаларға пневмококқа қарсы 2,4 және 14 айлығында еуропалық өндірістегі вакцина егіледі. Бұл вакцинаны қолдану бір жасқа дейінгі нәрестелердің және жалпы 5 жасқа дейінгі балалардың өлімін айтарлықтай азайтады. Күнтізбеге енгізілгеннен кейін бірнеше жыл ішінде бұл вакцина балалардағы пневмониямен ауыратындар санын екі есе азайтуға әсер етті, ал пневмониядан болатын өлім 20%-ке төмендеді. Ересектерді пневмококқа қарсы жаппай вакцинациялау мәселесін депутаттар 2020 жылдың қыркүйегінде көтерген еді, бірақ әлі шешім шығарылған жоқ.

Ресейде 60 жастан асқан барлық ересек адамға вакцинаны тегін егуге болады. Алайда мұны қалай жасау керек екені туралы нақты нұсқаулар жоқ, сондықтан мамандар кестені дәрігермен талқылауға шақырады. Сонымен қатар, ресейлік вакциналарға арналған нұсқаулықта («Пневмовакс 23» және «Превенар 13») 50 жастан асқан барлық адамға вакцина егу қажеттігі көрсетілген. 65 жастан кейін қайта вакцинациялау ұсынылады.

Қызылша

Профессор Воробьевтің вакциналар, COVID-19 және постковид синдром туралы мәлімдемесіне фактчек
Распределение случаев заболевания корью по месяцам и регионам ВОЗ (2015–2019 гг.), данные от 8 ноября 2019 г.

Қызылша ауруының айлар бойынша және ДДСҰ аймақтары бойынша таралуы (2015–2019 жж.), 2019 жылғы 8 қарашадағы мәліметтер.

Қызылша, әсіресе балалар үшін әлі де қауіпті ауру. ДДСҰ дерегі бойынша, 2017 жылы бұл дүниежүзіндегі 110 000 адамның өліміне әкелді, олар – негізінен 5 жасқа дейінгі балалар. 2000-2017 жылдар аралығында вакцинация қызылшадан болатын өлімді 80% төмендетті. Шамамен 20,4 миллион өлімнің алды алынды. Соған қарамастан, ауру көптеген дамушы елдерде, әсіресе Африка мен Азияның кейбір бөлігінде кең таралған, кейінгі жылдары қызылшадан өлім көбейіп кетті – 2019 жылы 207 000-нан астам адам қайтыс болды.

2019 жылы Еуропаның көптеген елінде қызылшаның үлкен ошақтары пайда болды. 2019 жылдың 1 қаңтары мен 5 қарашасы аралығында Украинада 56 802 қызылша ауруы дерегі тіркелді, одан кейін Қазақстанннан (10 126 дерек), Грузиядан (3 904 дерек), Ресей Федерациясынан (3521 дерек), Түркиядан (2 666 дерек) және Қырғызстаннан (2 228 дерек) табылды. Қазақстанда 2019 жылы қызылшадан қайтыс болғандардың барлығы вакцинацияланбаған.

Қызылшадан болатын өлім-жітімнің салыстырмалы төмен деңгейінде, бұл бес жасқа дейінгі балалар мен 20 жасқа дейінгі ересектерге тән пневмониядан энцефалитке дейінгі асқынулармен сипатталатынын есте ұстаған жөн. CDC аурудың белгілері пайда болғанға дейін науқас адам екпе алмаған адамдардың 90%-іне дейін жұқтыратынын айтты.

CDC нұсқауларында қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдарға кем дегенде бір екпе алу қажет екені, ал шетелге сапар шеккендерге екі екпе алу қажет екені айтылған. Британдық, ресейлік және австралиялық денсаулық сақтау жүйелері, ешқайда бармайтындарға да екі доза алу керек екенін айтады. Екі жағдайда да қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы біріктірілген вакцина туралы айтып отырмыз.

Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медициналық университеті эпидемиология және дәлелді медицина кафедрасы меңгерушісі, Ресей Денсаулық сақтау министрлігі бас эпидемиологы Николай Бриков қызылшаның қаупі оның өте жұқпалы болатынында екенін және оны біраз уақыт өткеннен кейін ғана анықтауға болатынында екенін айтты. Бөртпе пайда болғанға дейін ол әдеттегі тұмау сияқты әсер етеді. Нәтижесінде, көптеген адам басқа адамдарда жұқтырған соң барып нақты диагнозды біліп жатады.

Сондай-ақ, ресейлік сарапшылар қызылша ұзақмерзімді ауыр  зардаптар тудыруы мүмкін, бұл тағы 2-3 жыл бойы қалпына келген адамның иммунитетіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып өтті. Бұл әсіресе ересектер үшін өте қауіпті, өйткені адамда жиналған аса күшті созылмалы аурулар қызылша жұқтырғанда асқынып кетеді. Бірқатар асқыну өлімге әкелуі мүмкін.

Factcheck.kz