Маскалар тиімсіздігі мен қауіпі туралы Стэнфорд зерттеуі дұрыс па?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жаңа Стэнфорд зерттеуі туралы ақпаратты белсенді түрде тарап жатыр. Ол бойынша маска COVID-19-дан қорғамайды және ол өмірге қауіпті-міс.

Маскалар тиімсіздігі мен қауіпі туралы Стэнфорд зерттеуі дұрыс па?
Instagram-да тарап жатқан ақпаратқа мысал

Factcheck.kz мәселенің мән-жайын анықтап, бұл ақпаратты тексеруді жөн санады.

Үкім: Манипуляция және жалған

Маскалардың зияны туралы зерттеу (егер оны зерттеу деп айтуға болса) расымен де бар, бірақ шындық осымен бітеді. Зерттеу Medical Hypotheses журналында (қазақша – «Медицина гипотезалары») шыққан, айта кетейік бұл дәстүрлі ғылыми журнал емес. Журналдың сипаттамасында айтылғандай, Medical Hypotheses радикалды, күмәнді және негізі емес идеяларды қарастырады, ол үшін олар бар болғаны дәйекті түрде көрсетілуі тиіс. Мұндай форматқа орын бар шығар, алайда бұл журналдағы материалдарға екі есе күмәнмен қарау қажет. Біз күткендей, мақала авторының маскалар туралы айтқан көптеген мәлімдемесін осыған дейін сарапшылар қауымдастығы бірнеше рет жоққа шығарған. Журналдың өзі де мұндай даулы материалдарды бірінші рет жариялап отырған жоқ.

«Стэнфорд зерттеуі» дегенге көп адам әңгіме Стэнфорд университеті туралы деп ойлайды. Алайда мақала авторы университетке де, тіпті журналда көрсетілген жұмыс орнына да қатысы жоқ. Демек бұл жерде «Стэнфорд зерттеуі» деген тіркес орынсыз, сондай-ақ бұл оқырмандарды шатастырады.

Аталмыш ақпарат ағылшын тілді ортада жақында ғана тарала бастады және оны PolitiFact пен Associated Press сияқты басылымдар, сондай-ақ ғылыми қоғамдастық өкілдері (мысалдар мына және мына жерде) тексеріп үлгерді. Әріптестеріміздің жұмысын тексеріп, толықтыра түсейік.

Автор туралы толығырақ тоқталсақ

Ақпараттың таралуына себепкер болған мақала авторы – Барух Вайншелбойм. Мақалада оның Калифорния штатындағы Пало Альто Денсаулық сақтау жүйесіндегі ардагерлер ауруханасының кардиологиялық бөліміне, сондай-ақ Стэнфорд университетіне қатысы бар екені айтылған. Алайда іс жүзінде бәрі басқаша. Associated Press (AP) журналистері Вайншелбойм Пало Альтода жұмыс істемейтінін анықтаған.

«Бұл адамның біздің дәрігерлерге еш қатысы жоқ екенін растаймын», деді AP журналистеріне жауап берген Пало Альто Денсаулық сақтау жүйесінің Қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Майкл Хилл-Джексон. «Мен оны біздің жүйемізден көріп тұрған жоқпын және біздің кардиологтар тобы ол туралы ешқашан естімеген».

Стэнфорд университеті де Вайншелбойм олармен кезінде жұмыс істесе де, ондай қызметкер болмағанын айтты. Стэнфорд медицина мектебінің сыртқы байланыстар жөніндегі аға директоры Джули Грейсиус AP журналистеріне берген сұхбатында Барух Вайншелбойм бірнеше жыл бұрын Стэнфордта шақырылған зерттеуші болғанын айтты, алайда оның айтуынша ол кезде ол журналистер сұрап жатқан салада емес, басқа мәселелер бойынша жұмыс істеген.

Вайншелбойм LinkedIn-дегі парақшасында өзін «клиникалық физиолог» деп атайды, бірақ жұмыс орнын көрсетпейді. Зерттеушіге түсініктеме сұрап хабарласқан AP журналистері еш жауап ала алмаған.

Мақаладағы мәлімдемелер туралы

«Бұл қате болжамдар тізімі, ол тексеріліп, жоққа шығарылды», дейді PolitiFact-қа жауап берген Техас A&M Университетінің биология профессоры және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ғылыми-зерттеу кешенінің бас вирусологы Бенджамин Нейман. Оның сөзінше бұл материалды сарапшы жазбаған сияқты, ол адамдарды шатастырады. Бұл ғылым емес.

Мысалы «маскалар гипоксияны (оттегі жетіспеушілігі) және гиперкапнияны (СО2-мен улану) тудырады» деген гипотезаларды біз және басқа да фактчекинг басылымдары бірнеше рет жоққа шығарды. Бұл туралы мақалаларды мына, мына, мына және мына жерден оқуға болады.

Бір қызығы, Вайншелбоймның алғашқы мәлімдемелерінің бірі «маскалардағы тесіктер вирус бөлшектерден әлдеқайда үлкен, сондықтан маскалар COVID-19-ға қарсы тиімсіз» деген ескі әрі қате әңгімеге байланысты. Автор вирус ауада өздігінен ұшпайтынын ұмытып кеткен сыңайлы, себебі ол су бөлшектерімен (мысалы ауру адам жөтеліп, түшкіріп, сөйлеген кезде не т.б. жағдайда) «тарайды».

Әрине, маска тағу сізді 100 пайыз қорғайды деп айтпаймыз. Алайда маскалар вирустың таралуын азайтады, сондықтан басқа қорғаныс шараларымен қатар пандемияға қарсы күресте маңызды құрал болып саналады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маска тағумен қатар әлеуметтік қашықтық сақтау мен қол гигиенасы сияқты басқа да кешенді шаралармен бірге қолдануға кеңес береді. Сондай-ақ ұйымның сайтында маскаларды пайдалануға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар бар.

«Ғылыми» журнал туралы

Medical Hypotheses журналы – бұл өте қызықты басылым. Журналдың сипаттамасында айтылғандай, Medical Hypotheses радикалды, күмәнді және негізі емес идеяларды қарастырады, ол үшін олар бар болғаны дәйекті түрде көрсетілуі тиіс. Журналдың баспагері Elsevier-дің айтуынша, Medical Hypotheses медицинада түбегейлі жаңа идеялар мен болжамдарға жол ашып, объективті қарауға мүмкіндік беру үшін ашылған және осы күнге дейін басылып келеді, себебі ондай материалдар дәстүрлі журналдарда жарияланбайды.

Былай айтқанда «қарсы шығушылардың» журналы. Әртүрлі уақытта онда келесі сипаттағы мақалалар жарияланған еді: «Эякуляция ересек ер адамдарда мұрын бітелуін емдейтін әдістің бірі болуы мүмкін[A1] », «Биік өкшелі аяқ киім кию мен шизофрения арасында байланыс бар ма?» (автор бұл байланысты тапқан), сондай-ақ АИВ-ның ЖИТС-тың себепкері екенін жоққа шығарған даулы мақала (кейінірек алынып тасталды).

2009 жылғы ЖИТС туралы мақалаға байланысты дауға дейін Medical Hypotheses журналында сараптамалық бағалау процедурасы болмаған. Алайда осы оқиғадай кейін журналға жаңа бас редактор тағайындалды. Ол журналға рецензияның өзіндік түрін енгізуге уәде беріп, редактор мен сыртқы рецензенттер ұсынылған қолжазбаларды ғылыми құндылық тұрғысынан тексеріп отыратынын айтады. Барлық рецензенттер журналдың мақсаты мен ауқымын толық біледі және ұсынылған гипотезалардың алғышарттарын, түпнұсқалығын және дұрыстығын бағалайды.

Аталған жағдайларды ескере отырып, журналдағы мақалалар PubMed және АҚШ Ұлттық медицина кітапханасы сияқты ғылыми мәліметтер базасында индекстелуі таңқаларлық жағдай.

Пандемия жағдайында ғылыми зерттеулер ерекше маңызға ие бола бастады. Мәселен олар туралы ақпарат БАҚ-та жиі жарияланып жатыр, ал әртүрлі профессорларға, ғалымдарға және олардың ғылыми жұмыстарына негізделген ақпарат арта түскен. Осы орайда ғылыми журналдың да ғылыми журналы бар (сарапшының сарапшысы бар дегендей) екенін еске саламыз. Айтылған әр мәлімдемені жан-жақты тексеріп, оны кім айтқанына назар салыңыз деп кеңес береміз.

Қорытынды

Маскалардың тиімсіздігі мен қауіптілігі туралы Стэнфорд зерттеуінің қай жері дұрыс емес?

  • Біріншіден, бұл Стэнфорд зерттеуі емес.
  • Екіншіден, маскалар туралы мақаладағы мәлімдемелердің көбі жалған.
  • Үшіншіден, мақала авторы белгісіз бір себептерге байланысты өзі туралы жалған ақпарат берген.
  • Төртіншіден, мақала шыққан журналды беделі бар ғылыми басылым деп айту қиын.
Factcheck.kz