Қазақстанда жыл сайын қанша елді мекенді су басады?

14 сәуірде өткен Мәжілістің пленарлы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков жыл сайын болатын су тасқыны жайында статистикалық дерек келтіріп, депутаттық сауал жолдады. Сауал барысында соңғы 5 жылдағы статистикаға назар аударып, су тасқынына қарсы іс-шаралардың осал жүріп жатқандығын атап өтті. Factcheck.kz сайты аталған деректерді тексеріп көрді.

Соңғы 5 жылдың өзінде Қазақстанда 272 елді мекенді су басты, бұл 6,5 мыңнан астам үй суға кетті деген сөз.

Жамбыл Ахметбеков

Үкім: Жалған және манипуляция

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, 2016 жылдан бері 5 жыл ішінде 160 елді мекен су астында қалды. Су тасқынынан 4595 үй, оның ішінде 12 672 тұрғын зардап шекті. Қайғылы жағдай тіркелмеген. 

Көбіне Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары зардап шекті. Су басудың негізгі себептері топырақтың терең қатуы және күзгі батпақтану, қар қоры нормаларының асып кетуі, сондай-ақ ауа температурасының көктемгі күрт көтерілуі болды.   

Мәселен, Жол картасының 2017-2020 жылдарында су тасқынына қарсы 521 іс-шара жоспарланып, оның 119-ы орындалмай қалған.

Жамбыл Ахметбеков

Үкім: Шындық

2017 жылы ІІМ, энергетика, ауыл шаруашылығы және инвестициялар және даму министрліктерінің бірлескен бұйрығымен “2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қауіпінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені” Республикалық жол картасының шеңберінде 521 іс-шараның 402-і орындалған. Қалған 119-ы атқарылмай қалған.

Жол картасы шеңберінде 4 жыл ішінде су тасқыны қаупінің алдын алу үшін 41,9 млрд теңге бөлінген.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz