Саудия – КСРО байланысының үзілуіне Нәзір Төреқұловтың атылуы себеп болды ма?

Кейінгі бірнеше күнде әлеуметтік желілер мен сайттарда “Сауд Арабия елші Нәзір Төреқұловтың 1937 жылғы репрессиясынан кейін КСРО-мен қарым-қатынасын үзді” деген сарында ақпарат тарап жүр. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Мәлімдеме: Сауд Арабия елші Нәзір Төреқұловтың 1937 жылғы репрессиясынан кейін КСРО мен 1990 жылға дейін қарым-қатынасын үзді.

Әлеуметтік желідегі ақпарат

Үкім: Дәлелденбеген

Сауд Арабия мен КСРО арасындағы қарым-қатынастың үзілуіне қатысты әртүрлі деректер бар. Дегенмен дәл Нәзір Төреқұловтың атылуы туралы ресми әрі нақты дерек жоқ. Негізгі себептердің бірі ретінде мына дерек айтылады: КСРО мен Сауд Арабиясының ұстанған саясаттары бірі-біріне кереғар болды. КСРО социалистік-атеистік, ал Сауд Арабия дәстүрлі ислам көзқарасын ұстанды.

Біз дәл осы қарым-қатынас жайында жазған бірнеше деректі таптық,

Біріншісі, Ислам білім және әлеуметтік ғылымдар университетіне қарасты ғылыми журналдың “Саудия-Кеңес қатынасы (1926-1938 жж)” атты көлемді зерттеуі. Бұл зерттеуде Кеңес-Саудия арасындағы қарым-қатынастың тоқтауына түрлі себеп болған деп жазады, алайда дәл Нәзір Төреқұловтың репрессиясы жазылмаған.

Екіншісі, Джон Болдридің 2006 жылы жарияланған “1917-1938 жылдардағы КСРО-ның Сауд Арабия және Йеменмен қарым-қатынасы” атты еңбегі. Бұл деректе Кеңес-Саудия арасындағы байланыстың үзілуіне нақты не себеп екені жазылмайды. Дегенмен КСРО-ның сол кездегі саясаты “шетелдік байланысты азайту” болды, сол үшін тек Саудиямен ғана емес, Йемен, Түркия, Ауғанстан және Персиямен де байланысын үзіп, елшілерін шақыртып алды деп жазады. Бұл жазбада Төреқұловтың аты аталмайды.

“Саудия-Кеңес қатынасы” (1926-1938 жж) зерттеуі жайында толығырақ…

Ислам білім және әлеуметтік ғылымдар университетіне қарасты журналдың бұл зерттеуі ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кеңес-Саудия байланысын толық сипаттайды. Зерттеуді Qassim Университеті тарих факультетінде қызмет атқаратын доктор, Әмр-бин Ибрагим жазды. Бұл деректе сол кездегі Сауд Арабия әмірі Абдул Азиз 1926 жылы Хиджазды толығымен алған соң ірі державалармен, соның ішінде Кеңес Одағымен байланыс орнатпақ болды деп жазады. Өз кезегінде КСРО Абдул Азизді Хиджаздың билеушісі ретінде танып, Кәрім Хакимовты елші ретінде тағайындайды. КСРО-ның негізгі мақсаты Араб түбегіндегі елдерге ықпал ету және мұсылмандар үшін ең қасиетті мекенге айналған Меккеге жол ашу. Сол арқылы 30 млн мұсылман халқына әсер ету болды. Кәрім Хакимовтан кейін елші қызметіне Нәзір Төреқұлов тағайындалады. Төреқұлов Абдул Азиздің ұлы ханзада Фейсалға сенім грамотасын беріп, КСРО – Саудия қарым-қатынасын одан әрі жандандырады. Айта кету керек, Нәзір Төреқұлов өзінің еңбек өтіліне байланысты Сауд Арабия Корольдігіндегі дипломатиялық корпустың деканы болды. 1932 жылы ханзада Фейсал Мәскеуге арнайы сапармен барады. Ондағы мақсаты екі жақ байланысын нығайту және бір млн фунт стерлиң көлемінде қаржылай қолдау алу. Алайда Мәскеудің экономикалық жағдайына байланысты қаржылай көмек жасалмады. Сол себепті бұл сапар Сауд Арабия үшін нәтижесіз аяқталды. Кеңес-Саудия қарым-қатынасы осыдан кейін суый бастады деп жазады зерттеуде. Екі жақ қарым-қатынастың аяқталуына мына себептер айтылады:

  • Алпауыт державалардың екінші дүниежүзілік соғысқа дайындалуы;
  • Нацистік Германияның Еуропаға ықпалын жүргізе бастауы (Бұл КСРО-ға ұнамады);
  • Кароль Абдул Азиздің КСРО-ға қарағанда Ұлыбританияға көбірек көңіл бөлуі;
  • Араб түбегіндегі халыққа ықпал ету үшін КСРО-ның саясаты (социалистік-атеистік) кереғар болды;
  • 1937 жылы Хакимов және оның әріптестерінің аяқ асты Мәскеуге шақырылып, кейін репрессияға ұшырауы КСРО мен Сауд Арабия арасындағы қарым-қатынастың тоқтауына түрткі болды.

Яғни Сталиннің сол кездегі мұсылмандарға репрессия жасауы (соның ішінде Нәзір Төреқұлов та бар) Абдул Азизге ұнамады, сөйтіп 1938 жылы үзілген байланыс тек 1990 жылы ғана қайта жанданды.

“1917-1938 жылдардағы КСРО-ның Сауд Арабия және Йеменмен қарым-қатынасы” зерттеуі жайында толығырақ…

Бұл зерттеуде репрессия жайында көп айтылмайды. Тек Хакимовтың 1926 жылы елші қызметіне тағайындалғаны, 1931жылы КСРО Сауд Арабиясына керосин мен бензин жеткізу туралы келіссөздің сәтті жүргізілгені жазылған. Зерттеуде Сауд Арабия мен Йеменде болған елшілердің Мәскеуге қайтып оралғаннан кейін сәтсіз миссия үшін өлім жазасынан кесілгені бір сөйлемде айтылады. Дегенмен, екі ел арасындағы байланысты үзілуіне нақты не себеп екені айтылмайды.

Қосымша

Al-Jazeera сайтының жазуынша, Сауд Арабияда елші қызметін атқарған Кәрім Хакимов пен Нәзір Төреқұлов Мәскеуге оралғаннан кейін репрессияға ұшырайды. Төреқұлов 1937 жылдың қазанында, Хакимов 1938 жылдың қаңтарында ату жазасына кесіледі. Бұны естіген Абдул Азиз қатты ашуланады, себебі екі елшіні дипломат қана емес, сондай-ақ өзінің досы ретінде санады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz