Саны аз, сапасы жоқ: Алматыдағы инватакси басшысылары кім?

Бүгінде Қазақстанда 707 980 мүгедектігі бар адам (МБА) тұрады, олардың 56 738-і Алматыда тіркелген. Оның ішінде 5 760 ересек, 16-18 жас аралығындағы 1 141 жасөспірім және 16 жасқа дейінгі 1 752 бала I топтағы МБА. Дәл осы категориядағылар мүгедектігі бар адамдарға арналған инватаксидің негізгі пайдаланушысы саналады.

Біз бұған дейін мүгедектігі бар адамдарға қоғамдық көліктердің қаншалықты жабдықталғанын өз көзімізбен тексердік. Енді елдегі инватаксиді пайдаланудағы қиындықтар мен кедергілерді Алматы мысалында айтайық.

Саны аз, сапасы жоқ инватакси

Алматы қаласында тұратын арбадағы мүгедектігі бар Ернар Сәрсеевтің сөзінше, ол инватаксиді кейінгі жарты жылда қолданбайды. Себебі, инватаксиді пайдалану үшін алдағы бір айда баратын жердің толық тізімін өткізуің керек. Ал Ернардың жұмысының ерекшелігі — ол ертең жұмыс бабымен қайда баратынын өзі де білмейді. Таксиге сол күні тапсырыс беру үшін таңертеңгі алғашқы 20 минут ішінде хабарласып үлгеруің керек. “Бірақ, бұл өте қиын,”-дейді Ернар. Бұдан бөлек, Ернар мүгедектігі бар адамдар кеш бата театрға, караоке мен басқа да көңіл көтеру орындарына бара алмайтынын айтады.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегіне сай, қазір қалада 2 279 мүгедектігі бар адам инватаксидің тұрақты қолданушысы, ал инватаксидің саны — 64. Яғни, 1 таксиге 35 адманан келеді.

5 жылдан бері мүгедектігі бар баласы үшін инватаксиді қолданатын Индира Тлеумбетова да көліктер шақырған уақытта келмейтінін, диспетчерлер дұрыс жұмыс істемейтінін, көліктің бұзылғаны туралы не үлгермей жатқанын уақытылы ескертпейтінін айтады. Индира “Бұл жүргізуші жаман, диспетчер нашар деген сөз емес. Компанияларды материалдық қамтамасыз етудің азаю салдарынан біресе көліктерге жанармай жоқ, енді бірде көліктің өзі жоқ. Олардың жалақысы аз, адамдар жиі ауысады” дейді. Ол бізге диспетчерлік компаниямен жақында болған диалогының үзіндісін жолдады.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының сөзінше, қазіргі инватакси автомашинасының санын 100-ге жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу процесі жүріп жатыр. Ол 2023 жылдың наурыз-желтоқсан аралығында аяқталады деп жоспарланған.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жоғарыда жазған мәселелермен таныс екенін айтады. Органның жазуынша, диспетчерлік қызмет сервисі МБА-ны желіде ұзақ уақыт (бір сағатқа дейін) күттіреді. Мүгедектігі бар адамдар шығу уақытын алдын ала брондауы керек, бірақ, шұғыл жағдайлар кезінде тасымалдауға мүмкіндік болмайды. Сондай-ақ, қазіргі инватакси қызметін көрсетушінің автопаркі өте ескі және жаңартуды қажет етеді.

Басқарма автокөліктер санының жетіспеушілігі толыққанды бәсекелестіктің болмауына байланысты дейді.

Қолданыстағы заңнама бойынша қызметті МБА-ның қоғамдық бірлестіктері ғана көрсете алады, ал олардың автопаркті кеңейтуге мүмкіндігі жоқ. Қосымша автокөліктерді сатып алу және оларды қайта жабдықтау қызмет көрсетушілер үшін үлкен қаржылық тәуекел, өйткені мемлекеттік сатып алу шарттары тек бір жылға ғана жасалады.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

Қызмет көрсетушілер кім?

Инватакси қызметін көрсетуді жергілікті атқарушы орган мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес әлеуметтік тапсырыс арқылы (мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен) жүзеге асырады. Ал мүгедектігі бар адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау жөнінде қағидаларға сай, мұндай компаниялар қызметтерді көрсетуге қажетті персоналдың жұмысына арналған жағдай жасауы керек. Мұның ішіне мүгедектігі бар адамдардан тапсырыс қабылдауға арналған кемінде екі телефон нөмірі; өтінімдерді қабылдау үшін ұялы байланысты қоса алғанда, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен санын бақылау үшін телефон келіссөздерін жазу мүмкіндігін қамтамасыз ететін құрылғысы бар диспетчерлік қызметі бар ұйым болуы қажет.

Қазір, 2023 жылдың қаңтар-ақпан аралығында Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 3 заңды тұлғамен 78 545 200 теңгеге (1, 2, 3, 4, 5) келісім шартқа отырған, олар: «ЦРУ Инватакси» ЖШС, «Business Target» ЖШС, «Ерекше Таңдау» КҚ. Басқарманың үш компаниямен жасалған келісімшарты қазір іске асып жатыр.

Қызығы, “Business Target” бұл басқармадан бөлек, “Азаматтарға арналған үкімет” мем. корпорациясымен Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімдеріне клининг қызметтерін атқару бойынша тағы 12 185 856 теңгеге (2023 жылдың алғашқы екі айына) келісімшартқа отырған. Ал «Ерекше Таңдау» 2023 жылы (1) Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына» 1 560 000 теңгеге “қағаз сүлгі” жеткізіп беру туралы; (2) Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының “Облыстық клиникалық ауруханасымен” 2 700 000 теңгеге “қағаз сүлгі” жеткізіп беру туралы; (3) Астана қаласы әкімдігінің “№1 көпбейінді қалалық ауруханасымен” 1 850 100 теңгеге “қағаз сүлгі” жеткізіп беру туралы келісімшартқа отырған.

Айта кетейік, 2 компанияның тіркеу деректерінде такси қызметін көрсететіні айтылмаған. Мысалы, Egov дерегіне сай, заңды тұлғалар келесідей қызмет көрсететінін жазған:

  • «ЦРУ Инватакси» ЖШС — Такси қызметі;
  • «Business Target» ЖШС — Шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-гигиеналық мақсатқа арналған қағаз бұйымдар өндіру. Сабын және жуушы, тазалағыш және жылтыратқыш құралдар өндіру;
  • «Ерекше Таңдау» КҚ — Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге де қоғамдық ұйымдардың қызметі.

Компаниялар туралы толығырақ

Kompra порталының ақпаратына сай, “Business Target”-те тек 5 қызметкер жұмыс істейді, алайда бұл компания, жоғарыда жазғанымыздай, 20 адамға дейін жұмысшысын тіркеген «ЦРУ Инватакси»-ден көбірек тендер ұтып алған (14 млн және 27 млн теңге).

Factcheck.kz «ЦРУ Инватакси» ЖШС мен «Business Target» ЖШС арасында байланыс барын анықтады. Бұл — компаниялардың бәсекелестігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Инватакси қызметіне тапсырыс беруші Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына мүдделер қақтығысы қаншалықты мәлім екені белгісіз.

Үш компанияның бұдан басқа заңды және жеке тұлғалармен байланысы бар. Kompra порталының бізге ұсынған кестесі келесідей болды:

  • Саны аз, сапасы жоқ: Алматыдағы инватакси басшысылары кім?
  • Саны аз, сапасы жоқ: Алматыдағы инватакси басшысылары кім?
  • Саны аз, сапасы жоқ: Алматыдағы инватакси басшысылары кім?

Қорытынды

Мемлекеттік сатып алу порталы деректеріне сай, мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметінің 2 айлық жұмысына Әлеуметтік басқарма мен компаниялар 78 млн теңге келісімшарт жасасқан. Алайда такси саны тым аз, диспетчерлік қызмет ақсап тұр. Нәтижесінде МБА айтарлықтай зардап шегіп, қоғаммен толыққанды араласа алмайды. Материалымызда көтерілген мәселеге мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар назар аударады деп үміттенеміз.

Инватаксиге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда қызметті алушы Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жүгіне алады.

Мекен жай: Достық даңғылы, 85 (309 каб.), телефон: 338-30-09.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz