Соғыс жүріп жатқанына мың күн

19 қарашада Ресейдің Украинаға басып кіргеніне мың күн толды. Осыған орай, «Новая газета Европа» аралық қорытындылар жасады. Factcheck.kz редакциясы әріптестерінің тұжырымдарының қысқартылған мазмұнын ұсынады.

Иллюстрация: «Новая газета Европа»

Жеңістер мен жеңілістер

Ресей басқыншылығының негізгі мақсаты ретінде Украинаға «демилитаризация» және «денацификация» жүргізуді алға тартты. Алайда шын мәнінде, Мәскеу Киевті басып алуды көздеді. Бұл мақсатқа жету жүзеге аспады. Украина үшін басты жетістік — соғыста жеңіліске ұшырамауы, — дейді әскери сарапшы, Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) бұрынғы талдаушысы Иван Ступак.

Сонымен қатар Украина Қарулы Күштері Ресейдің Украина әуе кеңістігіндегі басымдығын толығымен жоя алды. Украина әскерінің тиімді қарсылығы Ресей армиясы қуатының шамадан тыс бағаланғанын көрсетті. Бұл жағдай ресейлік қару-жарақ сатылымының 50%-ке төмендеуіне алып келді.

BBC-дің орыс қызметінің әскери шолушысы Павел Аксёновтың айтуынша, Ресейдің жетістіктері басып алынған аумақтармен ғана шектеліп отыр: ДХР, ЛХР, сондай-ақ Запорожье, Херсон және Харьков облыстарының кейбір бөліктері. Жақын арада Ресей әскерінің ілгерілеу қарқыны сақталуы мүмкін. Дегенмен, соғыс екі жылдан бері позициялық сипатта жүріп жатыр.

Иван Ступак Украина Қарулы Күштерінің 2022 жылдың қыркүйегіндегі табысты шабуылы мен 2023 жылдың жазындағы сәтсіз қарсы шабуылы бір-біріне қарама-қайшы келеді дейді. Батыс одақтастары ұсынған әскери техниканың болжанған нәтиже бермегені анық болып, соғыс ұзаққа созылады деген түсінік пайда болды. Украина армиясының Курск облысындағы шабуылы да тоқтап, қазір әскери емес, саяси мәнге ие болып отыр.

Ступактың айтуынша, бұл бағытта Украина Қарулы Күштерінің әскери әлеуеті сарқылуға жақын. Оның деректеріне сәйкес, осы шабуыл барысында Ресей армиясы шамамен 250 техникалық бірлігін жоғалтса, Украина Қарулы Күштері шамамен 300 техникалық бірліктен айырылған.

Жаңа технологиялар

Бұл соғыстың басты жаңалығы ретінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) қолдануды атап өтуге болады, дейді Иван Ступак. Құны 500–800 доллар болатын FPV-дрондар миллиондаған доллар тұратын танктерді жоя алады, ал барлау дрондары соғыс тактикасын түбегейлі өзгертті. Сонымен қатар экипажсыз катерлер Ресейдің әскери-теңіз күштері үшін үлкен қауіпке айналды.

Израильдік әскери шолушы Давид Шарптың пікірінше, дрондардың үстемдігі жағдайында танктер мен брондалған техника сияқты қару түрлері тиімділігін едәуір жоғалтып жатыр.

Сонымен қатар, Ступактың айтуынша, радиоэлектрондық күрес жүйелері жетілдіріліп, бұл Батыс ұсынған жоғары дәлдікті қарудың тиімділігін едәуір төмендетті. Мысалы, Excalibur «ақылды» снарядтарының дәлдігі 70% болса, қазір небәрі 6% нысананы атып түсіреді.  

Ресей әскері қуатты фортификациялық құрылыстар салуда тәжірибе жинақтады. РФ армиясы енгізген тағы бір жаңашылдық — қашықтықтан, украиналық әуе қорғаныс жүйелерінің қол жетпейтін аймағынан ұшырылатын жоспарлы авиабомбалар. Бұл бомбалар бетоннан, темірден немесе тастан жасалған кез келген фортификациялық құрылыстарды жоя алады. Ресей әскері күн сайын осындай 100–120 бомба тастайды.

Алайда, Давид Шарп Украина Қарулы Күштері сарбаздарының пікірлеріне сүйене отырып, бұл жоспарлы авиабомбалардың тек аз бөлігі ғана нысанаға дәл тиетінін, ал қалғандары көбіне психологиялық әсер ету үшін пайдаланылатынын айтады. Сонымен қатар бұл бомбалар көбіне адамдар тұратын аймақтарды толығымен жою үшін қолданылады.

Фронт құлады ма?

Иван Ступактың айтуынша, Ресей армиясының шексіз «ет штурмдары» тактикасы белгілі бір дәрежеде тиімді болып шықты. Бұл тактикада ресейліктер үлкен әскери күш қолданбай, орнына шағын жаяу әскер топтарын пайдаланады. Олардың шабуылдары Украина Қарулы Күштерінің позицияларын қапталдан айналып өтуге және жабдықтау желілерін үзуге бағытталған.

Екі жақ та артиллерияның массалық атқылау тактикасына қайта оралды. Көп жағдайда санның сападан маңыздырақ екені байқалды.

2024 жылдың ақпанында Авдеевканың басып алынуынан бері Ресей әскері шамамен 30 шақырымға алға жылжыды. Алайда, Иван Ступак фронттың толық құлауы туралы пікірлерді дұрыс емес деп санайды — Украина әскерлері ұйымдасқан түрде, үлкен шығынға ұшырамай шегініп жатыр. Бұл пікірді Павел Аксёнов та қолдайды. Ол фронттың шынайы құлауының мысалы ретінде Ресей әскерлерінің 2022 жылдың қыркүйегіндегі шегінісін келтіреді.

Давид Шарпт Украина Қарулы Күштерінің қазіргі шегінуі қауіпті әрі тоқтаусыз процеске айналу қаупі бар екенін айтады. Бұл келесі кезеңде «қар көшкіні» эффектісіне ұласуы мүмкін, яғни Киев қосымша резервтер таппаса, украиналық қорғаныс шептерінің бұзылуы ықтимал.

Сонымен қатар Павел Аксёновтың айтуынша, үлкен шығындармен бірге жүретін ілгерілеу ұзақ уақыт жалғаса алмайды. Бір сәтте Ресейдің ресурстары таусылуы мүмкін. BBC мен «Медиазона» деректері бойынша, Украинадағы соғыста расталған деректерге сәйкес 70 мыңнан астам ресейлік сарбаз қаза тапқан. Бұл көрсеткіш шынайы саннан әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Салыстыратын болсақ, Ауғанстандағы соғыста шамамен 15 мың совет сарбазы қаза тапқан еді.

«Позициялық соғыс мобильді әскери қимылдарға қарағанда әлдеқайда көп адам ресурстарын қажет етеді», — деп есептейді Аксёнов.

Давид Шарптың мәліметінше, Украина 2023 жылдың жазындағы сәтсіз шабуыл кезінде үлкен шығындарға ұшырады және бұл жағдай әлі күнге дейін майдандағы күштердің тепе-теңдігіне әсер етіп келеді.

Кері шегіну жалғасады

«Ресейдің бір жылдан астам уақыт бойы жалғасқан шабуылы соғыста айтарлықтай аумақтық жеңістерге әкелді. Ресей армиясы Угледарды басып алғаннан кейін, осы қаланың солтүстігіндегі Украина Қарулы Күштерінің келесі қорғаныс шептерін бұзып өтсе, Кураховоға қауіп айтарлықтай артады. Курахово құлаған жағдайда, ресейлік әскерлер украиналық топтардың жабдықтау жолдарын кесіп, олардың қорғаныс логистикасын бұзуы мүмкін», — деп түсіндіреді Шарп.

Иван Ступак Украина Қарулы Күштерінің негізгі әлсіз тұстарын атап өтті: көптеген бағытта нығайтылған қорғаныс шептерінің жоқтығы, әскердегі техника мен жеке құрамның тапшылығы, сондай-ақ соғысушы бөлімшелерді оқ-дәрімен жеткілікті қамтамасыз етпеу мәселелері. Оның пікірінше, украиналықтарға фортификациялық құрылыстарды ұйымдастыруды үйрену қажет.

Нәтижесінде, Ступактың айтуынша, Украина Қарулы Күштері Донецк облысының шекараларына дейін шегінуі мүмкін. Сонымен қатар жылдың аяғына дейін Ресей армиясы украиналықтарды Курск облысынан ығыстыруы ықтимал.

Ресей армиясының басты әлсіздігі бұған дейін айтылғандай адам ресурстары мен әскери техниканың тапшылығы. Иван Ступактың пікірінше, жеке құрамның жетіспеушілігінен Ресей Солтүстік Кореядан сарбаздарды тартуға мәжбүр. Алайда, Украина Қарулы Күштерінде де сарбаздар мен офицерлер тапшылығы байқалады.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Литвиненконың мәліметінше, қараша мен қаңтар аралығында қарулы күштер қатарына 160 мыңнан астам адамды шақыру жоспарланған. Бұл шара қолданыстағы бөлімшелерді штаттық кестенің 85 пайызына дейін толықтыруға мүмкіндік береді.

Павел Аксёновтың пікірінше, 160 мың сарбаздың қосылуы Украина Қарулы Күштерінің фронттағы жағдайын жеңілдетуі мүмкін. Алайда бұл олардың шабуылға шығатынын білдірмейді. Жаңа бөлімшелер негізінен қазіргі уақытта соғысып жатқан бөлімшелерді ауыстыруға және ресейлік ілгерілеуді тоқтатуға бағытталады.

Қару-жарақ тапшылығы

OSINT-аналитиктердің мәліметіне сәйкес, Ресей шығарып жатқан қару-жарағынан гөрі көбірек шығынға ұшырап келеді. Оқ-дәрі тапшылығы жағдайында Мәскеу Солтүстік Корея мен Ираннан снарядтар сатып алып жатыр. Иван Ступактың пікірінше, Украина Қарулы Күштері шекарадан 700 шақырым қашықтықтағы ірі және орта қоймаларды жоя алса, бұл соғыс қимылдарының жалпы барысын түбегейлі өзгертер еді.

Дегенмен, Украина да Батыстан келетін әскери техникаға байланысты елеулі қиындықтарға тап болып жатыр. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, ел көктемде АҚШ Конгресі мақұлдаған әскери көмектің тек 10%-ын ғана алған.

Алайда, Украина Қарулы Күштерінің барлық сәтсіздіктерін тек жеткізілімдердің кешігуімен түсіндіру дұрыс емес. Бұдан бөлек, Жоғарғы Рада жарты жыл бойы мобилизация туралы заң қабылдай алмады. Әскери бөлімшелерді құру әдістеріне де сын бар. Қазір жаңа шақырылғандардан жаңа бригадалар құрылады. Оларды бұрыннан бар бөлімшелерді күшейтуге жұмсаса, бұл тәжірибелі сарбаздардан тәлім алып, қосымша мотивация алуға мүмкіндік берер еді.

Давид Шарп Украинаның соғысқа қабілетті азаматтарды әскерге тартпайтыны алаңдататынын айтады. Украина Қарулы Күштері тіпті қорғаныс жағдайында да үлкен шығындарға ұшырап жатқандықтан, бұл шығындардың орнын толтыру қажет. Алайда, әскери қызметке тек 25 жастан асқан адамдарды шақыруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар 50 жастан асқан азаматтардың да шақырылғаны туралы деректер бар.

Барлығы АҚШ-қа байланысты

Давид Шарп АҚШ президенті Джо Байден қызметіндегі соңғы екі айында Украинаға мүмкіндігінше көп көмек көрсетуге тырысады деп болжап отыр. Алайда, осы кезеңде Украина Қарулы Күштері оқ-дәрілерді үнемдеуге мәжбүр болып, қосымша қиындықтарға тап болуы ықтимал.

Иван Ступак Дональд Трамптың әрекеттерін болжау қиын дейді. Бірақ бір нұсқаға сәйкес, ол Владимир Зеленскийден Курск облысынан әскерлерді шығаруды талап етіп, Владимир Путинмен келіссөз жасауды ұсына алады. Путин келіссөздерден бас тартса, Трамп Украинаға айтарлықтай көлемде қару-жарақ жеткізуі мүмкін.

Сонымен қатар келіссөздерге қол жеткізу мақсатында Трамп Украинаға қару-жарақ жеткізуді қысқартуы ықтимал. Қысым жасаудың тағы бір әдісі — экономикалық шаралар. Мысалы, АҚШ мұнай бағасын төмендету арқылы Ресейдің қарсыласу мүмкіндігін шектеуі мүмкін.

Дегенмен, Трамп әрекетін болжау қиын саясаткер болғандықтан, алдағы оқиғаларды нақты болжау қиын.

Соғыс статистикасы

Адам шығындары

The Wall Street Journal украиналық дереккөздер мен батыс барлау қызметіне сілтеме жасай отырып, соғыс кезінде қаза тапқандар мен жараланғандардың саны миллион адамға жеткенін жазды.

BBC, «Медиазона» және еріктілер тобы жинаған 2024 жылдың 18 қазанына дейінгі деректер бойынша, Ресей армиясы 74 014 әскери қызметкерінен айырылған. Алайда, «Новая-Европа» сөйлескен сарапшылар нақты қаза тапқандар санының шамамен екі есе көп болуы мүмкін екенін айтады.

Украина шығындары құпия сақталып, ресми түрде жарияланбайды. Дегенмен, Иван Ступактың пікірінше, олардың саны Ресейдің шығындарымен шамалас болуы ықтимал.

Соғыс миграциялық дағдарысты да туғызды. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қыркүйек айының соңына дейін Еуропа елдерінде 6 миллионнан астам украиналық уақытша қорғау алған. Бұдан бөлек, Еуропадан тыс жерлерде шамамен 600 мың адам тұрып жатыр.

Техника шығындары

Төменде фото және бейнежазбалар негізінде жиналған Oryx жобасының деректері ұсынылған. Шынайы көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Ресей басқыншылық кезінде 19 мыңнан астам әртүрлі әскери техника бірлігін жоғалтты, оның ішінде:

  • 3 500-ден астам танк (оның ішінде 2,5 мыңнан астамы жойылған, қалғандары зақымдалған, тасталған немесе Украина Қарулы Күштерінің қолына түскен),
  • шамамен 1 750 брондалған әскери машина (1 330-дан астамы жойылған),
  • шамамен 5 мың жаяу әскерге арналған жауынгерлік машиналар (3 800-ге жуығы жойылған),
  • шамамен 540 брондалған транспортер (390-ы жойылған),
  • шамамен 420 сүйретілетін артиллериялық қару (260-ы жойылған),
  • шамамен 850 өздігінен жүретін артиллериялық жүйе (690-ы жойылған),
  • шамамен 440 дүркіндетіп ататын реактивті жүйе (345-і жойылған),
  • шамамен 132 ұшақ (117-сі жойылған),
  • шамамен 147 тікұшақ (115-і жойылған),
  • шамамен 28 әскери-теңіз кемесі мен сүңгуір қайық (21-і жойылған).

Украина 7 мыңнан астам әскери техника бірлігін жоғалтты, олардың ішінде:

  • шамамен 980 танк (690-ға жуығы жойылған),
  • шамамен 415 брондалған әскери машина (300-ге жуығы жойылған),
  • шамамен 1 100 жаяу әскерге арналған жауынгерлік машина (800-ге жуығы жойылған),
  • шамамен 625 бронетранспортер (416-сы жойылған),
  • шамамен 230 сүйретілетін артиллериялық қару (132-сі жойылған),
  • шамамен 430 өздігінен жүретін артиллериялық жүйе (331-і жойылған),
  • шамамен 80 дүркіндетіп ататын реактивті жүйе (54-і жойылған),
  • шамамен 101 ұшақ (96-сы жойылған),
  • шамамен 50 тікұшақ (44-і жойылған).

Сонымен қатар Украина одақтастарынан қосымша техника алды, оның ішінде 813 танк, 610 гаубица, 97 дүркіндетіп ататын реактивті жүйе бар.

Қираған ғимараттар

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан қираған ғимараттардың нақты ауқымын анықтау әзірге мүмкін емес. Дегенмен, 2024 жылдың жазында The New York Times спутниктік суреттерге негізделген зерттеу нәтижесін жариялады. Онда келесідей деректер келтірілген: 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың желтоқсанына дейін Украинада шамамен 210 мың ғимарат қиратылған.

Ірі қалалардың ішінде ең көп зардап шеккендері Мариуполь мен Харьков. Толығымен немесе едәуір дәрежеде қираған басқа қалалар қатарында Марьинка, Рубежное, Бахмут, Ирпень, Запорожье, Орехов, Херсон, Новая Каховка, Алешки, Рени мен Измаил порттары бар.

Зымыран соққыларынан Киев, Днепр, Одесса, Чернигов қатты зардап шекті.

NYT деректері бойынша, Украинада кемінде 106 аурухана мен клиника, 109 діни нысан, 708 оқу орны жойылған. LIGA.net басылымына облыстық әскери әкімшіліктер ұсынған мәліметтерге сәйкес 143 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 24 мыңнан астам көппәтерлі үй қираған немесе зақымдалған. Бүлінген және жойылған мүліктің мемлекеттік реестрінде 290 мыңнан астам нысан тіркелген.

БҰҰ-ның Украинадағы адам құқықтарын бақылау миссиясының есебіне сәйкес, ресейлік шабуылдар салдарынан 9 гигаватт қуаттылық жоғалған. Бұл Украинаның қысқы маусымға қажетті энергия көлемінің жартысына тең. 2024 жылғы маусымға қарай елдегі жылу электр станцияларының 73%-ы істен шыққан.

Дүниежүзілік банк, Еурокомиссия, БҰҰ және Украина үкіметінің бірлескен бағалауы бойынша, елдің соғыстан кейінгі қалпына келуі үшін 486 миллиард доллар қажет.

Говорим как есть. Пишем о происходящем в России, Украине и Европе.

Factcheck.kz