Профайл: Зүлфия Сүлейменова — экология және табиғи ресурстар министрі

14 маусымда бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірғалиев мәжілісте бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, экология министрі Зүлфия Сүлейменова мен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтан «Семей орманы» табиғи резерватындағы өртке байланысты қылмыстық істерді тергеу аясында жауап алыну жоспарланғанын хабарлады.

Бұған дейін Юрий Ильиннің кім екені және оның қазақстандықтардың есінде қалай сақталғаны туралы жаздық. Осы жолы Factcheck.kz редакциясы Зүлфия Сүлейменова мен оның министр лауазымындағы жұмысын қарастырып көрді.

Жалпы ақпарат

Сүлейменова Зүлфия Болатқызы 1990 жылғы 25 ақпанда (33 жас) Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Онда мектепте қазақ тілінде білім алып, оны аяқтаған соң Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түскен. Сол жерде халықаралық қатынастар факультетінде бакалавр және магистр дәрежесін алған. Сондай-ақ Сүлейменова «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасы аясында Жапониядағы Ұлттық саяси зерттеулер институтында докторлық дәрежеге қол жеткізген. Оқу кезінде Жапония үкіметінен Monbukagakusho стипендиясын алған.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясындағы сұхбатында Сүлейменова «білімі бойынша емес, қабілеті бойынша эколог» екенін айтқан. Жасыл экономика коалициясында, Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. 2015-2019 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы қоршаған орта саясаты саласында халықаралық кеңесші қызметін атқарған. ТМД гуманитарлық саладағы ынтымақтастық кеңесінің «Дебюттер достастығы» халықаралық премиясын алған. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған Президенттік жастар кадрлық резервіне енген. Мемлекет басшысының ниеті бойынша, резерв «жастар үшін тиімді әлеуметтік лифт» болып, ең талантты жастарды қамтуы керек. Сондай 300 маманның бірі Зүлфия Сүлейменова болды.

2020 жылдан бастап Сүлейменова мемлекеттік қызметтегі жұмысын бастады. Бір жыл ҚР экология министрлігінің климат саясаты және жасыл технологиялар департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. 2021-2022 жылдары Amanat (Nur Otan) партиясы атынан мәжілістің VII шақырылым депутаты болып, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне кірді. 2022 жылғы наурыз бен 2023 жылғы қаңтар аралығында экология вице-министрі болды. 2023 жылғы 4 қаңтарда президент жарлығымен экология министрі болып тағайындалды. Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде тіркелген соң Сүлейменова «лифт жұмыс істейтінін» айтты.

Сондай-ақ Сүлейменова 2013 жылдан бері ет жемейтінімен, тері бұйымын кимейтінімен, дельфинарии мен зообаққа бармайтынымен, жануарларға сынақтан өткен косметика пайдаланбайтынымен де танымал. Оның сөзінше, «жануарларға гуманды қарау адамдардан басталуы керек». Министр өңделген пластиктен жасалған экологиялық киім киеді, қоқысты сұрыптайды және оның көлігі жоқ.

Әр адам қоқысты сұрыптаса, оны өңдей алатын едік. Оның орнына, өкінішке орай, сұрыпталмаған қалдықтар полигондарда қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп жатыр.

Зүлфия Сүлейменованың Baribar сайтына берген сұхбатынан

Сүлейменова заңды тұлға ретінде тіркелмеген және оның бизнесі жоқ.

Отбасы

Желіде Зүлфия Сүлейменова мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің туысы деген сыбыс бар, бірақ ашық дереккөзден олардың туыстық байланысы туралы да, оның отбасы туралы да ақпарат табылмады.

Журналист Михаил Козачков жариялаған ақпараты бойынша, министрдің әкесі Сүлейменов Болат Қалимоллаұлы мүлік ұрлағаны үшін сотталған. Сүлейменова «Акстил» ЖШС құрылтайшысы және бірінші басшысы болған. Adata және Кompra реестрлері дерегінше, кәсіпорын жұмысы тоқтатылған.

19 маусымда Зүлфия Сүлейменова журналистерге әкесінің сотталғаны туралы деректі растады және соттылықтың аяқталғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ол мемлекеттік қызметке келгенде бұл ақпаратты жасырмаған.

  • Профайл: Зүлфия Сүлейменова — экология және табиғи ресурстар министрі
  • Профайл: Зүлфия Сүлейменова — экология және табиғи ресурстар министрі

Экология вице-министрі

Бұдан бөлек, Козачков 2022 жылғы желтоқсанда бұрынғы экология министрі, қазір «ҚазМұнайГаз» төрағасының орынбасары болып отырған Серікқали Брекешев дайындаған құжатты бөлісті. Сол кездегі президент әкімшілігі басшысы Мұрат Нұртілеуге бағытталған хатта сол кезде Брекешевтің орынбасары, экология вице-министрі болып отырған Сүлфия Сүлеменованы қызметінен босатуға негіз болатын аргументтер келтірілген.

Жұмыстан шығаруға себеп болатын мәселелердің ішінде «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ экологиялық келісім беруден бас тарту, «Жасыл Даму» АҚ жұмыс аясында қабылданған шешімдерге жауапкершілік алмау, Экологиялық кодекске түзетулер енгізу бойынша бұйрықтарды орындатпау, қоқыс өңдеу және сұрыптауға демеу қаржы беруді тоқтату шешімін қабылдамау, Өзбекстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша әрекетсіздік, Орал өзені бассейні экожүйесін сақтау жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясы отырысының хаттамасына қол қоймау бар. Хатта айтылғандай, уақыттың 60%-і Сүлейменова не сырқатына байланысты демалыста, не іссапарда болған.

Хаттың түпнұсқа екені расталмаған, оны Козачковтың өзі де бірнеше рет айтқан.

Сүлейменованы жұмыстан шығарған жоқ. Керісінше, Серікқали Брекешев қызметінен алынып, Зүлфия Сүлейменова жаңа экология министрі болып тағайындалды.

Абай облысындағы өрт

Алғашқы соққы Төтенше жағдайлар министрі мен оның басшысы Юрий Ильинге тиіп, апат кезінде оны қызметінен босатты. Десе де, экология министрлігі де жауапты екенін айтып жатқандар да болды. «Ормандардағы өрт қауіпсіздігі туралы ережелер туралы» заңға сәйкес, ормандардағы өртті сөндіру әкімдіктер мен Экология министрлігінің (мемлекеттің орман қорын қорғау жөніндегі уәкілетті орган) құзыретіне кіреді.

«Семей орманы» мен орманшылары өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы экология министрлігіне қарайтындықтан, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ведомство не істеді және істемеді деген сұрақ туындайды.

20 мамырда, Абай облысындағы үлкен өрт басталардан үш апта бұрын Сүлейменова Facebook парақшасында Шығыс Қазақстан облысындағы дала және орман өртін сөндіру жаттығуларына қатысқаны туралы есеп берген. «Жаттығу кезінде өрт қаупі туған кезең қарсаңындағы өзара әрекеттестіктің үйлесімді жұмысы қарастырылды» деп хабарлады сол кезде министр.

Жауапты органдардың шынайы жағдайда қалай жұмыс істегені белгілі. Төтенше жағдайға уақытылы реакция білдіріп үлгермеген ведомстволарға ауыр салдармен бетпе-бет келуге тура келді.

11 маусымда Экология министрлігі қаза тапқандардың отбасыларына көрсетілетін әлеуметтік қолдауды анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылғанын жариялады. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап «Семей орманы» орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы өскені хабарланды. Ведомство төрт жыл бойы саланы қаржыландыруды арттыру жоспары туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысының бұйрығымен қаржы арнайы техниканы жаңартуға және өртті ерте анықтау жүйесін орнатуға бағытталады.

Сүлейменова орманшылардың еңбекақысы өсетінін Facebook парақшасында 20 мамырда жариялаған жазбасында, яғни, өртке дейін де айтқан. Ол бұған дейін салада қалыптасқан еңбекақы «қызметтің қиындығы мен қаупіне татымайтынын» атап өткен.

Сондықтан орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысын осы жылдан бастап 100% арттыру жоспарланған.

Бүгінде Қазақстанда орманшылардың еңбекақысы 70-185 мың теңге аралығында.

Профайл: Зүлфия Сүлейменова — экология және табиғи ресурстар министрі

Өртті ерте анықтау жүйесін орнату да жаңалық емес. Factcheck.kz редакциясы жүргізген «Семей орманы» мемлекеттік сатып алуларының анализі өртті ерте анықтау құралдарын техникалық қамтуға немесе жөндеуге 2021 жылдан бастап ақша бөлініп отырғанын көрсетті.

Табиғи резерваттардағы жемқорлық

Өрт басталардан он күн бұрын, 29 мамырда Абай облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудандық сот «Семей орманының» үш басшысына үкім шығарды. Олар «кәсіпкерлерден 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін жүйелі түрде пара алып тұрғанына және ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және араласқаны үшін» кінәлі деп танылды. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік хабарлағандай, жаза кесілгендер резерват аумағындағы орманды санитарлық тазалау және кесуге рұқсат беру үшін, мемлекеттік сатып алу келісімшартына қол қоюға жауапты адамдарға заңсыз сыйақы беріп отырған.

Екінші жағдай биыл 28 қаңтарда болған. Жемқорлыққа қарсы қызмет экология министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің «Сайрам-өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» бас директорына және оның қол астындағы бірнеше адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Оларды алдау, сенімге кіру және пара алу мен беру жолымен біреудің мүлкін ұрлады деген күдікке ілініп отыр. Қазіргі таңда жауапты тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Тергеу жалғасып жатыр.

Табиғатты қорғау үшін не істелді

Министрлік экология жағдайын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдап келеді. Зүлфия Сүлейменованың жұмысы кезінде Абай облысында 1 700 гектар жерде 8,5 млн ағаш отырғызылған (бұл өртке дейін болды), өсімдіктер  дүниесінің шығындарын өтеу нормативтері бекітілді, елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидалары қабылданды, эндемиктік және реликтік өсімдіктердің тізбесі бекітілді, дәрілік өсімдіктердің тізбесі жасалды, аң аулау объектілері болатын жануарлар түрлерінің лимиті бекітілді, аң аулаушылардың жасы 18-ден 21-ге дейін өсті.

Бұған қоса Сүлейменова бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан проблемаларды да қарастыру қажеттілігіне тап болды.

Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасы

Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды тұрғындары бірнеше жыл бойы ауыл маңында цианид натриін қолдану арқылы жылына 250 мың тонна алтын қосылған руда өндіру және өңдеу кәсіпорнының ашылуына қарсы шығып келеді. Ауыл тұрғындары алтын фабрикасының зиянды заттары адамдардың денсаулығына ғана емес, жергілікті флора мен фаунаға да кері әсерін тигізетініне алаңдаулы. Ауылдың солтүстігінде Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, оңтүстігінде Марқакөл қорығы бар. Сондай-ақ халық болашақ фабрика Маралды, Күршім және Ертіс өзендерін ластайды деп ойлайды. Тұрғындар талаптарын біршама инстанцияға жеткізіп, ҚР бас прокурорына, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, экология министрлігіне, ШҚО бұрынғы әкімі Даниал Ахметовке, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ.

Қоғамдық тыңдалым нәтижесінде фабрика салу шешімі қабылданды. Бірақ шешім қабылдау кезінде Экология министрлігі пікірінің еш күші болмайды. Зүлфия Сүлейменованың сөзінше, министрлік қоғамдық тыңдалым хаттамасына шағым түсіре алмайды.

Ереже бойынша, тыңдалымды жергілікті атқарушы орган ұйымдастырады. Біз хаттамаға шағым түсіре алмаймыз. Мұны жобаға байланысты облыс әкімінің орынбасары істей алады. Алтын өндіру әдісіне келетін болсақ, мұнда ашық емес, шахталық әдіс қолданылуы керек деп ойлаймыз.

Зүлфия Сүлейменова

«Азаттық радиосының» дерегінше, алтын өндіру фабрикасын салатын компания мердігері «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген WSAM Group Ltd компаниясы саналады. Бірақ қаржы орталығы фабрика бенефициарлары туралы деректерді айтпайды. «Азаттық радиосы» тілгісі компанияның бірінші басшысы ШҚО әкімінің кенже ұлы Талғат Ахметовтің іскери серіктесі Айдын Рамазанов болғанын анықтай алды. Рамазановтың он компаниясының бірі «Малая металлургия РК» ЖШС тағы екі құрылтайшысы бар — Engineering Supply Company ЖШС, «Флога» ЖШС. Engineering Supply Company ЖШС иесі — Талғат Ахметов пен Марат Омаров.

ӨКМ операторының ісі

24 мамырда Зүлфия Сүлейменова «Eco-Колдау» қоршаған ортаны, қалалар мен ауылдарды қоқыстан тазалау жүйесін қайта енгізу үшін Экология министрлігі Экология кодексін өзгерту керек екенін хабарлады. Утилизацияға берілген ескі автокөліктерге келетін болсақ, олар әлі өз кезегін күтіп тұр. Экология министрлігі Kolesa.kz журналистеріне «ескі автокөліктерді утилизациялау бағдарламасы құқық қорғау органдарының ұсыныстарымен толықтырылатынын» айтты. Ведомство бағдарламаның қашан іске қосылатынын білмейді, себебі «ӨКІМ операторы» ЖШС компаниясына қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда автокөліктер утилизациясымен «Жасыл Даму» АҚ мемлекеттік компаниясы айналысады. Бұған дейін онымен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева қатысы бар деп айтылатын «ӨКМ операторы» ЖШС айналысқан. 2023 жылғы сәуірде Астанада «ӨКМ» операторы» ЖШС қатысты сот тергеуі басталды. Сотты болғандар қатарында компанияның лауазымды тұлғалары мен экология, геология және табиғи ресурстар экс-вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов бар. Оларға утилалым ретінде жиналған 180 млрд теңгені электр энергиясын өндіретін алты қоқыс өртеу зауыттарын қаржыландыру арқылы қолды қылды деген айып тағылды.

Утилалымды 2016 жылы енгізген, оның базалық бағасы 50 АЕК болған. Автокөлік иегерлерінің көбі бұған қарсы болып, 2021 жылы #НетУтильсбору қозғалысы басталды. 2022 жылғы 11 қаңтарда Тоқаев үкіметке утилалымды тоқтат және «ӨКІМ Операторының» оны жинауын тоқтатуға тапсырма берді. 2022 жылғы 18 қаңтарда «ӨКМ операторының» утилалымды жинау және қаржыны реттеу әрекеті тоқтталығаны, утилалым арқылы жиналған қаражат мемлекет меншігіне берілгені белгілі болды.

Утилалым — мемлекетке көлік құралдарын импорттаушылар, өндірушілер немесе сатып алушылар төлейтін тауар үшін утилизациялық төлем.

Ластанған ауа және қоқыс өртейтін зауыттар  

9 сәуірде Атырау қаласында «Мұнайшы» стадионының маңында ждергілікті тұрғындар мен экологтар санкцияланбаған митинг өткізді. Митинг Қаспий теңізінің жағалауындағы сазды жерде, Дамбы ауылынан 30 шақырым жерде қамыс өртенгені үшін жән жергілікті өндірістік кәсіпорындардың жұмысы үшін ұйымдастырылды. Экология министрлігі хабарлағандай, қамыс өртенгеннен бөлек, Атырау мұнай өңдеу зауытының түтіні және Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. Факелінде газ жағу жағдайды қиындатқан. Экология министрлігі осы екі компанияға экологиялық көрсеткіштерін жақсарту мәселесін бақылауға алу туралы хат жіберген.

Министрлік ауаның ластануы Қазақстанның экологиялық проблемаларының үштігіне кіретінін мойындайды. Экология министрлігі ірі қалалардағы ауа ластану көрсеткішін төмендетіп, 24 жаңа қоқыс полигонын салып, толып қалған бес полигонды таратуды жоспарлап отыр.

Қоқыс өңдеу проблемасына келетін болсақ, бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Қазақстанда ірі қалаларды есепке алмағанда, қоқыс сұрыптау пункттері жоқ. Әрі жуырда Қазақстанның ірі қалаларында 2025 жылға дейін алты қоқыс өртеу зауытын салу жобасы тоқтатылғаны белгілі болды.

Су тапшылығы

Сүлейменова айтқан үш экологиялық проблемалардың бірі — су тапшылығы. Бұл проелманың ықпалын биыл тіпті, Астана тұрғындары да сезді. 5 маусымда Астана әкімі президент Тоқаевқа шілденің аяғына дейін НФС-3 ауыз су станциясын эксплуатациялаудың бірінші сатысы, тамызда екінші сатысы енгізілетінін жеткізді. Экология министрлігінің жоспарында Астана су қоймасын толтыру үшін Нұра жерасты су орнын қолдану, Сәтпаев атындағы каналдан тағы бір суағар салу және Астана су қоймасын тазалау бар. Үш жоба үш жыл бойы іске асырылады деп жоспарлап отыр.

Басқа қалаларға келетін болсақ, биыл Ұлытау облысында Эскули суағарын эксплуатациялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ақмола, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 27 объект іске асыру үшін 19,1 млрд теңге бөлінген. Экология министрлігі Жезқазғанда 2023-2024 жылдары топтық суағар жобасын аяқтауды жоспарлап отыр.

Жануарларды қорғау

24 қаңтарда «Ашық НҚА» порталында 2023 жылғы 15 ақпаннан бастап 2024 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимитін бекіту туралы жоба жарияланды. Құжатқа сәйкес, бұл кезеңде ғылыми мақсатта 1815 киік ұстау жоспарланып отыр. Зүлфия Сүлейменованың сөзінше, киіктерді атпай, тірі күйінде ұстайды. 2024 жылдың аяғына дейін Қазақстанда киік атуға мораторий жарияланған.

Сүлейменованың жұмысы кезінде Қазақстанда жануарларға қатысты «жедел желі» пайда болды.

Егер сіз жануарларға қатыгездік көрсеткен жағдайға куә болсаңыз, бұл туралы 8-777-195-99-00 телефонына хабарлауға болады. Жедел желі жұмыс істейді, мамандар осы номердегі ватсап бойынша да өтініш қабылдайды.

Экология министрлігінің баспасөз қызметі

Контекст

Абай облысында өрт 8 маусымда басталып, 60 мың гектарға жетті. Оның 43 мың гектары белсенді термонүкте болды. Өрт 14 маусымда сағат 21:00 толық сөндірілді. Абай облысындағы ірі өрт жағдайында мемлекет басшысының жарлығымен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылды, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін сөгіс алды.

Қазіргі таңда Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 292 бабы 3 бөлімі «абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғады.

2020 жылы «Семей орманы» Қазақстанда орман өрті ең көп тіркелген жерлердің бірі болды.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz