Қазақ тілін түркі халқына ортақ тіл ретінде пайдалану ұсынылды ма?

Әлеуметтік желілер мен мессенжерлер арқылы “Әзірбайжан президенті түркі халқын біріктіру үшін қазақ тілін таңдауды ұсынғаны” туралы ақпарат тарап жатыр. Factcheck.kz ақпарат қаншалықты рас екенін тексерді.

Қазақ тілін түркі халқына ортақ тіл ретінде пайдалану ұсынылды ма?
Тараған ақпарат мәтіні: “Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев барлық түркіні біріктіру үшін қазақ тілін таңдауды ұсынды. Барлық түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінде иран, араб сөздері аз екені анықталды және ол біздің ата-бабамыз сөйлеген ежелгі түркі тіліне көбірек ұқсайды”.

Үкім: Зомби-фейк

Дәл осы ақпарат 2021 жылдың қарашасында да тараған және бірқатар медиа жалған екенін жазған. Алайда кейінгі уақыттағы геосаяси жағдайға байланысты қайта тарай бастады.

Неге фейк: Біріншіден, ел арасында тараған суретте Әзірбайжанның қазіргі президенті Ильхам Алиев көрсетілген, алайда қайтыс болып кеткен Гейдар Алиев “ұсынды” деп жазылған.

Екіншіден, түркі халықтарына ортақ тіл туралы айтылып жүргеніне біраз уақыт болса да, нақты шешім жоқ, оның үстіне жақында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде мұндай мәселе қарастырылмады.

Үшіншіден, әлеуметтік желіде тараған мәтін мен оған дейін, 2011 жылы саясаткер Расул Жұмалының қазақ тілін түркі халықының ортақ тілі ретінде ұсынысының мәтінінде ұқсастық бар. Фейк ақпаратты таратушы мәтінді сол жерден алуы мүмкін.

Контекст

Әлеуметтік желілерде бұдан басқа да түркі тілдес халықтың интеграция тақырыбына бағытталған ақпарат тарап жатыр. Оның ішінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қатысты фейктер де бар. Бұл геосаяси жағдайдың тұрақсыздығымен байланысты болуы мүмкін.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz