Ердоған Зюгановқа жауап ретінде мәлімдеме жасады ма?

Зюгановтың 18 қаңтарда РФ Мемлекеттік думасында өткен брифингіде жасаған жанжалды мәлімдемесінен 2 ай өткен соң, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Режеп Тайып Ердоғанның жауап мәлімдемелері туралы қазақ немесе орыс тілдерінде бірдей мәтіні бар көптеген хабарлама пайда болды: «Түркия бізге бауырлас ел Қазақстанды ешқашан қиын жағдайда қалдырмайды! Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан – түркі елдері ғана емес, бұл біздің бауырлас мемлекеттеріміз!.. Қазақстан мемлекеттік тұтастыққа қауіп төнсе, кез келген халықаралық ұйымнан өз еркімен кетуге құқығы бар екенін Ресей саясаткерлерінің есіне саламыз».

Кейбір қолданушы қоғам қайраткері, Qazaqstan Barysy жекпе-жек лигасының негізін қалаушы Арман Шораевтың парақшасына сілтеме жасалған мәтінді жариялады. Шораевтың өзі постында ешқандай дереккөзге сілтеме жасамайды.

Ердоған Зюгановқа жауап ретінде мәлімдеме жасады ма?
Материалды жазу кезінде хабарлама 915 рет репост жасалды.

Үкім: Фейк

Сайтты, Twitter және Түркия президентінің Facebook парақшасын, Сыртқы істер министрлігінің ресурсын және жаңалық сайттарын қарап шыққаннан кейін, біз әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде хабарлама шыққан 18 қаңтар (Зюганов мәлімдеме жасаған кезде) мен 11 наурыз арасында Ердоғанның осындай нәрсе айтқанын растайтын ештеңе таппадық. Мысалы, 11 наурызда Ердоған Анталияда өткен дипломатиялық форумда сөз сөйледі, ол Украинадағы соғысқа қатысты Түркия ұстанымы туралы көп айтқанымен, Зюгановқа қатысты жағдай сөз болған жоқ. Ал Haberturk.com сайтында Зюганов кейінгі рет 2018 жылы Ресей Федерациясындағы зейнетақы реформасына қарсы наразылықтар туралы мақалада айтылған.

Зюганов не деп еді?

Басқаларды қоса алғанда, жоғарыда аталған брифингіде ол, шын мәнінде, Қазақстанды русофобия үшін айыптады: «Бүкіл Солтүстік Қазақстан көп жағынан орыс болып қала береді. Ал Оңтүстік Қазақстанда мектептерде орыс тілі оқытылмайды. Президент Путин және біздің үкімет, Мемлекеттік дума бұл мәселені талқылап, бірқатар толық шешім қабылдауы керек. Ең әуелі, орысша сөйлейтін халықты осы республикада болып жатқан ұлттық озбырлықтан қорғау керек…».

Бұған Сыртқы істер министрі не деп жауап берді?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Премьер-Министрдің орынбасары және сыртқы істер министрін қоса атқарушы Мұхтар Тілеуберді 10 наурызда өткен Үкіметтің кезекті отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Ресей депутаты Геннадий Зюгановтың жанжалды мәлімдемесіне Қазақстан тарапынан ресми наразылық болмайтынын айтты.

Тілеуберді Ресей Федерациясының бірде-бір федералды арнасы Зюгановтың сөзін көрсетпегенін айтты. Сонымен қатар, министр былай деді: «Президентіміздің Мәскеуге жұмыс сапары кезінде Ресейдің Қазақстанға аумақтық талаптары жоқ екені жоғары деңгейде расталды… Біздің мемлекеттер арасында қажет құқықтық база бар, біздің шекаралар делимитацияланды, қазір демаркациялау процесі жүріп жатыр. Демаркация процесі 2-3 жылдың ішінде аяқталады». Тілеуберді видеоның 2 айдан кейін пайда болғанын да айтып өтті: «Бұл видеоның Украинадағы оқиға кезінде пайда болуы кездейсоқ емес. Қарулы әскери қақтығыс ақпараттық кеңістіктегі күрестің шиеленісуімен қатар жүретінін және Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қамтитынын түсіну керек…».

Айта кету керек, Ердоған Қазақстанды «қорғайтын» осындай сөздер айтты деп жатқаны бірінші рет емес. Былтыр Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сөздеріне қатысты осыған ұқсас оқиғаны тексердік. Алайда ол кезде ҚР СІМ Ресей Федерациясының ресми өкіліне өз ұстанымымен нота берді.

Анықтама үшін: 2009 жылдан бері Түркі мемлекеттерінің ұйымы (бұрынғы Түркі кеңесі) жұмыс істейді. Оның құрамына Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан кіреді. Түркіменстан мен Венгрия қазір бақылаушы болып отыр. Саяси мақсаттары мен міндеттері бар екені даусыз бұл ұйымның сайтында да Зюганов мәлімдемесіне Ердоғанның пікір білдіргені туралы мәлімет жоқ.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz