Алаяқтық | Kaspi Profit халықты жарылқайды

Кейінгі күндері халық арасында кезекті алаяқтық схемасы тарап жүр. Бұл жолы Kaspi атын жамылып, Kaspi Profit деген брокерлік компанияның ашылғанын хабарлап, сол арқылы халыққа “бірден пайда табу” жолын көрсетіп жатыр-мыс. Бірнеше видеодан құралған схемада атақты компаниялардың акцияларын тікелей сатып алу жолын көрсетеді. Factcheck.kz видеоны талдап көрді.

Үкім: Фейк

Kaspi.kz-тің ресми сайтында не бағдарламасында бұл туралы мәлімет жоқ. Әдетте банк жаңа жүйені іске қосқанда міндетті түрде парақшаларында жариялайды. Оның үстіне бұл анау-мынау емес акция және қаржы жұмсау төңірегінде болып отыр. Ал Facebook-та жарияланған видеоның астына Kaspi.kz ресми түрде бұл схеманың “алаяқтық” екенін мәлімдеді.

Толығырақ…

“Қазақстандықтар көп ақша таба бастады” деп басталатын видеода КТК арнасының 8 тамызда шыққан жаңалықтардың алғашқы секундтарын қосқан. Яғни шынайы видеоға ұқсастыру үшін жасалған құйтырқы әрекет. Одан кейін Kaspi банктің қор нарығында автоматты сауда жасай алатын инновациялық бағдарлама ұсынғанын айтады. Бірақ банктің ресми аккаунты комментарийде бұлардың “алаяқ” екенін ескертіп, Kaspi.kz-ке ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдейді. Ал соңындағы сауалнаманың жауабы ретінде көрсетілген бөлік “Astana” арнасының 18.04,2022 жылғы жаңалықтарынан алынған. Бұл да қарапайым халықты сендірудің бір айласы.

Қорытындылай келе видео толығымен монтаждалған, халықты сендіру үшін отандық телеарналардағы жаңалықтардан түрлі эпизодтар қосқан.

Kaspi.kz бұған дейін де жалған брокерлер туралы және олардың алаяқтық схемасын жазып, ескерту жасаған болатын. Алайда соған қарамастан халықтың “жеңіл ақша табуға” деген құлшынысы толастамай тұр. Сондай-ақ, Kaspi.kz-тің “Қауіпсіздік” бөлімінде осы сияқты алаяқтық схемасымен қалай күресу керек екені толығырақ жазылған.

Алаяқтық | Kaspi Profit халықты жарылқайды

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz