Қазақстанда жыл сайын қанша жеңіл автокөлік өндіріледі?

12 сәуірде өткен мәжілістің кезекті отырысында депутат Асхат Рақымжанов еліміздегі автокөлік индустриясы туралы сөз қозғап, сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, қазір жылына 90 мыңға жуық отандық автокөлік өндіріледі, оның 10 мыңға жуығы экспортталса, 30 мыңнан астам көлік сырттан әкелінеді-міс. Осы орайда аталған деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:00:24

Мәлімдеме: Қазақстанда қазір жылына 90 мыңға жуық отандық автокөлік өндіріледі, оның 10 мыңы субсидиялар мен экспорттық кредиттер арқылы экспортқа жіберіледі.

Асхат Рақымжанов, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму комитетінің бізге берген мәліметіне сай, 2022 жылы елімізде 103 345 көлік өндірілген. Оның 10 006-ы экспортқа жіберілген. Депутат айтқандай жылына 90 мыңға жуық автокөлік өндірілмейді (2022 жылды қоспағанда). Төмендегі инфографикаға қарап, әр жылы көліктің түрлі көлемде құрастырылғанын байқаймыз.

Мәлімдеме: Сондай-ақ, нарыққа орта есеппен 15 мыңға жуық жаңа автокөлік әкелінеді, оған қоса қайталама (пайдаланылған) автокөліктердің аз саны әкелінеді – орта есеппен 15 мыңға жуық. Отандық құрастыру басым.

Асхат Рақымжанов, депутат

Үкім: Техникалық қате

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің индустриялық даму комитетінің дерегінше, кейінгі 5 жылда орта есеппен 51 мыңға жуық автокөлік сырттан әкелінген. Оның ішінде 42 мыңнан астамы — жаңа, 2500-ден астамы қолданылған, қалғаны басқалары. 2021 жылды қоспағанда сырттан келетін автокөліктерге қарағанда отандық құрастыру басым екенін байқаймыз.

Мәлімдеме: Автокөліктің орташа жасы 21-ге дейін өсті, ал 10 жастан асқан автокөліңтердің үлесі 65%-ға дейін өсті.

Асхат Рақымжанов, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы 1 қаңтардағы дерекке сай, қазіргі қолданыстағы автокөліктердің орташа жасы — 20,5-ке жетті. 3 806 106 жеңіл автокөлік тіркелсе, оның ішінде 10 жылдан жоғары автокөліктің үлесі 76,9% немесе 2 927 858 дана.

Оқи отырыңыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz