“Басқарылатын еркіндікті” басқару

ЛОНДОН – 9 шілдеде өзбек блогері Миразиз Базаров Facebook парақшасында Халықаралық валюта қоры мен Азиялық даму банкіне ашық хат жариялады. Хатта Өзбекстан үкіметі COVID-19 пандемиясына қарсы күреске бөлінген қаржыны дұрыс жұмсамай отыр деген пікір айтылған. Көп ұзамай Базаровтың дерегі расталғанымен, оған әлеуметтік желідегі жазбасы үшін жауап беруге тура келген: мемлекеттік қауіпсіздік қызметі блогерді тергеуге шақырған. 

Базаровтың аталған халықаралық ұйымдарға хат жазуы тегін емес. Өйткені Халықаралық валюта қоры, Азиялық даму банкі мен Дүниежүзілік банк Өзбекстанға COVID-19 пандемиясына қарсы күреске көмек ретінде миллиард долларға жуық қарыз берген. Бірақ Өзбекстанда бұрыннан жемқорлық мәселесі бар. Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде Өзбекстан 180 мемлекеттің ішінде 153-орында тұр. Мұның бір себебі – елдегі ресми тұлғалардың өз лауазымын байлыққа кенелу мен өздерін сынағандардың аузын жабу үшін пайдалануында болып отыр.

Базаров хатында Халықаралық валюта қоры мен Азиялық даму банкін Өзбекстан үкіметі пандемияға қарсы күреске бөлінген қаржының жұмсалуын қоғамдық бақылауға алуға мүмкіндік беретін механизм қалыптастырмайынша, елге қарыз бермеуге шақырған. Блогердің пікірінше, сонда бұл қаржы Өзбекстанның қираудың алдында тұрған денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция ретінде құйылып, «табыссыз қалып, әзер күнелтіп жүрген» көп азаматқа көмектеседі.

Қоғамдық наразылықтың арқасында жемқорлыққа қарсы зерттеу жүргізіліп, COVID-19 дағдарысы басталғалы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен денсаулық сақтау министрлігіне қарасты басқармалардың 171 мың доллар жымқырғаны анықталған.

Президент Шавкат Мирзияев COVID-19 қарсы күреске бөлінген қаржының мақсатсыз жұмсалуының алдын-алу үшін тергеу агенттігін құрған. Бұл авторитар президент Ислам Каримовтың өлімінен кейін билікке келген Шавкат Мирзияевтің төрт жыл бұрын берген сөз бостандығы мен демократияны сақтау туралы уәдесіне сәйкес келеді.

Бірақ жергілікті жерлердегі жағдай үкіметке президенттің уәдесін орындау қаншалықты қиынға соғып жатқанын анық көрсетеді. Мирзияев блогерлердің жұмысын  мақтағанымен, диффамацияға қарсы заңдар әлі де белсенділерге айыппұл салып, түрмеге жабуға мүмкіндік береді. Сондықтан блогерлер өзін қандай жаза күтіп тұрғанын жұмысын жариялағаннан кейін бір-ақ біледі.

Базаров – үкіметті сынағаны үшін нысанаға ілінген көп белсендінің бірі.  Соңғы жылы кемі алты белсенді әлеуметтік желіге билікті сынайтын жазба жариялағаны үшін тұтқындалған. Бұл азаматтарды «жолы болғандардың» қатарына жатқызуға болады, өйткені басқа белсенділерді ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, психиатриалық емханаға жатқызған. Жақында өзбек журналисі Бобомурод Абдуллаев әлеуметтік желіде Мирзияевты сынағаны үшін Қырғызстаннан экстрадицияланды. 

Енді блогерлер мен әлеуметтік желі қолданушыларына қысым күшеюі мүмкін. Өзбекстанның ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі онлайн платформаларда жарияланған пікірлер үшін веб-сайт иелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды қарастыратын заң жобасын ұсынған.

Азаматтық қоғам белсенділері де қиын жағдайда қалып отыр. Тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар Каримовтың кезіндегідей қудалауға ұшырамаса да, әлі күнге оларға ресми құқықтық мәртебе берілмеген. Үкіметтік емес ұйымдарды тіркеуге рұқсаттың болмауы белсенділерге жұмыс істеуге, ақша жинау мен қызметкерлер жалдауға кедергі келтіреді. Бұл сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне азаматтық қоғам өкілдеріне қысым көрсетуге мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, Мирзияевтің үкіметі қолға алған реформалар «басқарылатын еркіндік»  түрінде ғана жүзеге асты. Бұл жүйеге сәйкес, биліктің позициясымен келіспеуге болады, бірақ қай деңгейге дейінгі қарсылыққа рұқсат берілетіні белгісіз. Өйткені мемлекет бұрынғыша репрессивті шараларға жиі жүгінеді.  Лондонда орналасқан сыртқы саясат орталығының жақында жарияланған «Назарда – Өзбекстан»  деп аталатын баяндамасында осындай негізгі ой айтылады. Бұл баяндаманы дайындауға басқа сарапшылармен қатар мен де қатыстым.

Баяндамада «Өзбекстан демократия жолында прогреске жету үшін басқарушы элита арасындағы реформаторлар белгілеген «конструктивті сынға» ғана рұқсат берумен шектелмей,  азаматтарға тергеуге шақырылу, түрмеге жабылу не айыппұл төлеу қаупінсіз пікір білдіру және бірлестіктерге бірігу еркіндігін беруі тиіс. Мұны жақын уақытта жүзеге асыру керек және бұл COVID-19 дағдарысымен ғана байланысты емес» делінген.

Басқа елдердегі сияқты Өзбекстанда да пандемия мемлекеттік институттарға әсер етті. Дағдарыс сондай-ақ елдің жетістіктерін, оның ішінде азаматтық қоғамның дамуын айқын көрсетті.  Коронавирустық инфекцияның екінші толқыны басталып, ауруханалар науқастарға лық толғанда еріктілер медициналық мекемелерге қажетті материалдар сатып алуды қолға алып, коронавирус жұққан адамдардың үйіне оттегі концентраттарын жеткізу жүйесін құрды.

Блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері осы жобалар туралы жазба жариялау арқылы еріктілер табуға және қаржы жинауға көмектесті. Осыған қарамастан, олар әлі де өздері жариялаған ақпарат пен пікір үшін қысымға ұшырап отыр. Өзбекстан демократия бағытындағы жолынан жаңылмауы үшін белсенділерді қорғауға ерекшше мән берілуі керек.

"Басқарылатын еркіндікті" басқару

Адам Хуг
Халықаралық қатынастар бойынша тәуелсіз талдау жүргізумен айналысатын Сыртқы саясат орталығының директоры

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz