Апталық шолу: Коронавирусты бірнеше секундта анықтайтын тест және коронафейк, Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

Осы аптада Factcheck.kz Қазақстан мен өзге елде тараған әлеуметтік маңызы бар ақпараттарды тексеріп, әлемде не болып жатқанын жазды. Ендеше, жарияланған материалдарды бірге шолып шығайық.

Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

Жақында әлеуметтік желілерде “Борат 2” фильміне Түркияда тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада Еродоғанның өзі фильмді көрсетпеуге пәрмен бергені жазылған. Тұрақты оқырманымыздың өтініші бойынша, журналисіміз Думан Терлікбаев ақпараттың қаншалықты рас екенін тексерді.

Апталық шолу: Коронавирусты бірнеше секундта анықтайтын тест және коронафейк, Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

Үкім: Фейк

Түрік тілді сайттар мен еліміздің ресми органдарының сайтынан осымен мазмұндас жаңалық табылмады. Бір қызығы, бұл ақпаратты тек Tau news сайты ғана әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған және дерекөзді көрсетпеген. Аталмыш сайттың өзінен мұндай ақпарат таппадық. Түркия президентінің ресми парақшасы мен елдің ресми сайттарында да мұндай ақпарат жоқ.

Бұл фейкті таратуға әлеуметтік желідегі “селебрити де” атсалысқан. Мысалы, жақында Qazaqstan телеарнасында “Тәлім Trend” бағдарламасын ашқан Мұхамеджан Тазабек ұқсас ақпаратты өзінің Facebook парақшасына жүктеп, көп ұзамай өшіріп тастаған.

Апталық шолу: Коронавирусты бірнеше секундта анықтайтын тест және коронафейк, Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?
Мұхамеджан Тазабектің парақшасынан скрин.

Сілтілі тағам COVID-19’ды жоя ма?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде сілтілі тағам коронавирусты емдейтіні туралы хабарлама тарап жатыр. Онда коронавирустың pH-ы (сутек көрсеткіші) 5,5-8,5 аралығында, ал оны жою үшін pH көрсеткіші коронавирустың сутек көрсеткішінен асатын тағамдарды тұтыну қажет делінген. Сонымен қатар, тек ыстық тағам ішіп, салқын астан бас тарту керек дейді хабарлама авторы.

Апталық шолу: Коронавирусты бірнеше секундта анықтайтын тест және коронафейк, Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?
ruinformer.com сайтындағы мақаланың скриншоты

Тынығу, ұйықтау және сұйықты көп пайдалануға қатысты кеңес түсінікті – әдеттегі ұсыныс. Бұл мақалада Factcheck.kz сілтілі диета туралы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексереді.

Үкім: Жалған

Вирустардың pH дәрежесі болмайды, сол себепті COVID-19-ды сілтілі тағаммен жою туралы пікірдің ғылым тұрғысынан негіздемесі жоқ. Сондай-ақ ыстық тағам коронавирустан жазылуға септігін тигізіп, суық тағам кедергі келтіретініне де дәлел жоқ. Оқырмандарымыздың есіне сала кетсек, жалпы аурудың алдын алу үшін пайдалы әрі үйлесімді тамақтану керек. Толығырақ бұл материал туралы мына сілтемені басып оқи аласыз.

Ұлыбританияда COVID-19-ды бірнеше секундта анықтайтын тестті әзірледі

Коронавирусты анықтайтын жаңа тест инфекцияны бірнеше сағатта емес, бірнеше секундта анықтаудың әдісі бар екенін дәлелдеді. Коронавирусты жаңа тестпен анықтауға бірнеше минут кетуі мүмкін.

Апталық шолу: Коронавирусты бірнеше секундта анықтайтын тест және коронафейк, Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

Уэльсте әзірленген аппарат COVID-19-ды басқа тыныс алу жолдарының инфекциясынан ажыра алады. Шотландия мен Германияда өткен жаңа тест нәтижесі Lancet медицина журналында жарияланды.

Жаңа тестті әзірлеген Imspex Diagnostics-тің мәліметінше, қаржы табылған жағдайда сынақ құрылғысы алты айда пайдалануға беріледі.

Компанияның негізін қалаушы және басшысы Санти Домингестің айтуынша, бұл тест аппаратын тек ауруханада емес, авиацияда, көлікте, мигранттармен жұмыс жасағанда қолдануға болады.

Түркия Facebook, Twitter және басқа да әлеуметтік желілерге неге айыппұл салды?

Түркияның әлеуметтік медианы реттеуді қатаңдату туралы жаңа заңы күшіне енгеннен соң; Facebook, Twitter, Instagram, Periscope, Youtube және TikTok компанияларына айыппұл салынды. Түркияның көлік және инфрақұрылым вице-министрі Омер Фатих Сайанның айтуынша, желі әкімшілігі Түркиядағы ресми өкілін берілген уақытта тағайындамағаны үшін 10 миллион лира (шамамен 1 миллион еуро немесе 509 млн теңге) айыппұл төлейді.

Биыл шілденің соңында Түркия парламенті әлеуметтік желіге бақылауды күшейтетін заң қабылдады. Егер желіге күніне 1 миллионнан астам қолданушы кіретін болса, желі иесі жергілікті филиалын ашып, түркиялық азаматтығы бар ресми өкілді тағайындауы керек.

Егер бұл талап орындалмаса, әлеуметтік желіге 95 пайызға дейін сот арқылы шектеу қойылуы мүмкін.

Басқа қандай материал жарияладық?

  • 2020 жылдың 21 қазанынан бастап әлеуметтік желілерде «ресейлік ғалымдардың біздің заманамызға дейінгі құрттарды жібіткені» туралы посттар жаппай тарала бастады. Толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус жұқтырған адаммен байланысқаннан кейін оқшауланғанын айтты. Бұл туралы ұйым басшысы туиттердегі парақшасында жазды.
  • Беларусь NEXTA телеграм каналының иелеріне іздеу салып, қылмыстық іс қозғады.
  • Ішкі істер министрлігі шағым жіберуге болатын мобильді қосымшаның презентациясын өткізді. Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қосымшаның көпфункционалды болатынын айтты.

Біздің әлеуметтік желідегі инстаграм, телеграм және фэйсбук парақшамызға жазылуды ұмытпаңыз. Егер Қазақстанның және басқа да медиада жарияланған материалға күмән келтірсеңіз, редакциямызға хабарлассаңыз болады. Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz