5.11 | Полицияға қосымша арқылы шағымдану, Беларусь NEXTA телеграм каналының иелерін іздеуде, Түркия Facebook пен Twitter-ге айыппұл салды

Ішкі істер министрлігі шағым жіберуге болатын мобильді қосымшаның презентациясын өткізді. Бұл туралы Tengrinews сайты хабарлады.

Министрлік қосымшаның ең қолайлы атауын таңдап жатыр. Әзірше, қосымша атының үш түрлі нұсқасы бар: “Полиция KZ”, “102”, SOS.

Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов қосымшаның көпфункционалды болатынын айтты.

Мысалы, бір жерде апат болды. Сіз фото мен геолокацияны жібере аласыз. Кейін барлық мәлімет полицияға келеді. Полиция жауап бере бастайды. Мысалы, (көлік иелері) тиісті жерге тоқтамады, (адамдар) қоқысты қоқыс салғышқа төкпеді, төбелес болды немесе біреу 23.00-ден кейін шу шығарды. Осы секілді ақпаратты полицияға толықтай қосымша арқылы хабарлай аласыз. Азаматтар полицияның өтініштерге қалай реакция жасайтынын бақылай алады.

Сәкен Сәрсенов

Сонымен бірге, пайдаланушы артынан біреу бақылап келе жатқанын байқаса, қосымша арқылы полицияға хабарлай алады.

Түркия Facebook, Twitter және басқа да әлеуметтік желілерге неге айыппұл салды?

Түркияның әлеуметтік медианы реттеуді қатаңдату туралы жаңа заңы күшіне енгеннен соң; Facebook, Twitter, Instagram, Periscope, Youtube және TikTok компанияларына айыппұл салынды. Түркияның көлік және инфрақұрылым вице-министрі Омер Фатих Сайанның айтуынша, желі әкімшілігі Түркиядағы ресми өкілін берілген уақытта тағайындамағаны үшін 10 миллион лира (шамамен 1 миллион еуро немесе 509 млн теңге) айыппұл төлейді. Бұл туралы DW сайты жазды.

5.11 | Полицияға қосымша арқылы шағымдану, Беларусь NEXTA телеграм каналының иелерін іздеуде, Түркия Facebook пен Twitter-ге айыппұл салды
Омер Фатих Сайан

Биыл шілденің соңында Түркия парламенті әлеуметтік желіге бақылауды күшейтетін заң қабылдады. Егер желіге күніне 1 миллионнан астам қолданушы кіретін болса, желі иесі жергілікті филиалын ашып, түркиялық азаматтығы бар ресми өкілді тағайындауы керек.

Егер бұл талап орындалмаса, әлеуметтік желіге 95 пайызға дейін сот арқылы шектеу қойылуы мүмкін.

Беларусь NEXTA телеграм каналының иелеріне іздеу салып, қылмыстық іс қозғады

Беларусь тергеу комитеті NEXTA Telegram арнасының иелеріне қатысты қылмыстық іс қозғады. Оларға қазіргі уақытта іздеу жарияланды. Степан Путило мен Роман Протасевичке Беларусь қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

5.11 | Полицияға қосымша арқылы шағымдану, Беларусь NEXTA телеграм каналының иелерін іздеуде, Түркия Facebook пен Twitter-ге айыппұл салды
Кадр Степан Путилоның Юрий Дудьке берген сұхбатынан алынды.

Тергеу комитетінің сайтындағы дерек бойынша, Беларусь азаматы Путило және Протасевичке қатысты қылмыстық кодекстің 293 және 342-баптарына сәйкес “жаппай тәртіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті бұзған топтық іс-әрекетті әдейі ұйымдастырды” деп жауапқа тартылды.

Бұған дейін 20 қазанда Минск қаласының орталық аудандық соты NEXTA Telegram арнасын және логотипін экстремистік деп таныды. Сонымен бірге, арна жариялаған материалдарда (бейнероликтер, жазылушылардың үндеулері мен жазбалары да аталған) “экстремистік әрекеттің белгілері” анықталды деп хабарлады.

NEXTA телеграм арнасы 9 тамызда өткен президенттік сайлаудан кейін тамыз айында басталған Беларусьтегі наразылықты белсенді түрде жариялап жатыр. Беларусьте билік басында 26 жыл отырған Александр Лукашенкоға қарсы үш айға жуық уақыт наразылық жалғасып жатыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz