Сілтілі тағам COVID-19’ды жоя ма?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде сілтілі тағам коронавирусты емдейтіні туралы хабарлама тарап жатыр. Онда коронавирустың pH-ы (сутек көрсеткіші) 5,5-8,5 аралығында, ал оны жою үшін pH көрсеткіші коронавирустың сутек көрсеткішінен асатын тағамдарды тұтыну қажет делінген. Сонымен қатар, тек ыстық тағам ішіп, салқын астан бас тарту керек дейді хабарлама авторы.

Хабарламаның тарауына Қырымның «Информер» жаңалықтар порталында 20 қыркүйек күні жарияланған мақала себеп болған тәрізді. Авторы белгісіз.

Сілтілі тағам COVID-19'ды жоя ма?
ruinformer.com сайтындағы мақаланың скриншоты

Тынығу, ұйықтау және сұйықты көп пайдалануға қатысты кеңес түсінікті – әдеттегі ұсыныс. Бұл мақалада Factcheck.kz сілтілі диета туралы ақпараттың қаншалықты рас екенін тексереді.

Үкім: Жалған

Вирустардың pH дәрежесі болмайды, сол себепті COVID-19-ды сілтілі тағаммен жою туралы пікірдің ғылым тұрғысынан негіздемесі жоқ. Сондай-ақ ыстық тағам коронавирустан жазылуға септігін тигізіп, суық тағам кедергі келтіретініне де дәлел жоқ.

Оған қоса, жоғарыда айтылған өнімдердің кейбірінің  pH дәрежесі мүлдем шындыққа жанаспайды. Мәселен, шын мәнінде бананның pH дәрежесі 4,5-5,2 аралығында, авокадоныкі 6,27-6,58, ал ананастың дәрежесі 3,2-4,0 шамасында.

Оқырмандарымыздың есіне сала кетсек, жалпы аурудың алдын алу үшін пайдалы әрі үйлесімді тамақтану керек.

Ұсыныстан бөлек хабарламада коронавирус дертінің фазалары туралы ақпарат бар. Жалпы тізімде көрсетілген симптомдардың ішінде несеп шығару кезінде ашытудан басқасы инфекцияға шалдыққандарда кездесуі мүмкін. Адамда бұл белгілердің пайда болуы мақалада көрсетілген уақытта болуы міндетті емес. Сондай-ақ автор ауырған адам 14-ші күні сауығады дейді, бұл да нақты емес, адамдар одан да ұзақ ауруы мүмкін.

Мәселе қайдан шықты?

Мұндай хабарламаның тарағанына жарты жыл болды. Пандемия басталған кезде интернеттің ағылшын тілді бөлігінде тарап, Africacheck, Thelogicalindian, Apnews және т.б. басылымдар оның жалған екенін дәлелдеген болатын.

Сілтілі тағам COVID-19'ды жоя ма?
Ағылшын тілінде тараған хабарлама үлгісі (thequint.com).

Ағылшын тіліндегі ақпараттың тарауына Journal of Virology ғылыми журналындағы мақала себеп болды. Онда коронавирустың pH дәрежесі 5,5-8,5 арасында делінген.

Сөз болып отырған мақала шынында бар. Бірақ ол 1991 жылы шыққан және онда басқа коронавирус туралы айтылған. Ал pH дәреже туралы былай делінген:

Сезімтал тышқан жасушаларына тышқан коронавирусының жұғуы (4-типті тышқан гепатиті вирусының (MHV 4),  pH 5,5-8,5 аралығында болса жасушалардың бірігуіне әкеледі.

Байқап отырғандарыңыздай, мәтінді дұрыс түсінбегендіктен басқа мағынада пайдаланылып, Sars-CoV-2 туралы жалған ақпараттың тарауына себеп болған.

Контекст

Пандемия басталғалы COVID-19-ды емдеудің бірқатар халықтық тәсілдерін тексердік. Қияр, қырыққабат, зімбір, пияз, сарымсақ суы, қойдың майы, ит пен борсық майы, адыраспан, кыст-әл-хинди, спирт пен сода буымен ингаляция жасау – бұлардың ешқайсысы вирусты жойып жібермейді, кейбірі тіпті адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz