Аудиожазбаның фейк екенін қалай білуге болады?

Украиналық Stopfake жобасының негізін қалағандардың бірі Ольга Юркова аудиожазбаның фейк екенін қалай анықтауға болатынын айтып берді. Оның кеңесін Жаһандық зерттеуші журналистер желісі жариялады.

1. Аудиодағы тілде сөйлейтін адамнан көмек сұраңыз

2023 жылы ресейлік пропаганда медиалары мен Telegram арналары бір аудиожазбаны жариялады. Онда АҚШ президенті “Владимир Путиннің жеңілмейтінін мойындады” деседі. Алайда соңында бұл жазба Джо Байденнің дауысын көшіріп жасаған цифрлық фейк болып шықты. Аудиожазбада естілген тілде сөйлейтін адамдар сөздердің айтылуында қателер, сәйкессіздіктер бар екенін байқаған.

2. Арнайы құралдарды қолданыңыз

Аудиодағы дыбысты, сөзді тексеретін ElevenLabs деген құралды қолдануға болады. Дегенмен бұл жүйе тек ElevenLabs технологиясы арқылы жасалған фейктерді анықтай алатынын ескеріңіз.

3. Сарапшылардан сұраңыз

Reality Defender, Loccus.AI, Respeecher және DeepMedia сияқты ұйымдармен байланысыңыз. Жасанды интеллект туралы контентке сарапшы ретінде пікір берген сарапшылардың тізімін жасаңыз. Оларға хабарласып, көмек сұраңыз.

4. PlayHT Classifier арқылы манипуляция белгілерін анықтауға тырысыңыз

Бұл жүйе аудиожазбаның түпнұсқа екенін немесе жасанды интеллект арқылы жасалғанын анықтап береді. Бұған балама ретінде AI or Not және Sensity AI жүйесін қолдануға болады.

5. Көп тілде істейтін ақылы жүйелерді қолданыңыз

AI Voice Detector аудиодағы дауысты тексеріп қоймай, фон болып қосылып тұрған әуенді де сүзгіден өткізе алады. Дегенмен бұл жүйені қолданғыңыз келсе, ақысын төлеуге дайын болыңыз.

6. Аудиожазбадағы сөздерді талдаңыз

Аудиожазбадағы сөздерді талдаңыз, олардың қаншалық шынайы болуы мүмкін екеніне назар аударыңыз. Жазбадағы диалектіге, синтаксиске және акцентке мән беріңіз.

7. Домен тарихы мен метадеректерді тексеріңіз

Жазбаның қайдан шыққанын білу үшін WHOIS, RiskIQ және Crowdtangle сияқты онлайн-құралдарды пайдаланыңыз. Бірақ кей жағдайда құқыққорғау органдарынан, киберқауіпсіздік бойынша мамандарынан көмек сұрау керек болады.

8. “Аномалияларды” іздеңіз

Жазбаның сәйкес емес тұстарын табу үшін кадрға талдау жасаңыз және сөз бен адамның бет-әлпетіндегі ымның қаншалық үйлесіп тұрғанын тексеріңіз.

9. Жазбамен бірге тарап жүрген сипаттама мен ілеспе сөздерді мұқият тексеріңіз

Жазбадан тек өтірік ақпарат емес, балағат сөзді, зорлық-зомбылыққа шақыратын сөздерді, саяси ұрандар немесе науқан хабарларын іздеңіз.

Factcheck.kz