Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу

«Видеоны қалай тексеруге болады?» деген материалымыздан кейін туындаған сұрақтардың арасында: «YouTube желісінен басқа қай жерде видеоны тексеруге болады, видеоның көмегімен деректерді тексеруге бола ма, видеосервистерді құрал ретінде пайдалануға бола ма?» дегендей сауалдар бар. Bellingcat желісінде Арик Толер мұның мүмкін екенін айтады және ол үшін видеоның көзге көрініп тұрған (немесе онша көрінбей тұрған) дереккөзіне назар аударуды ұсынады.

1-бөлім. Көзге көрініп тұрған жайттар: тікелей трансляциялар

Өміріміз гаджеттермен біте қайнасып кеткендіктен, қандай да бір оқиғаны қатысушылардың немесе журналистердің трансляция жасауы бек мүмкін. Әдетте трансляция келесі платформалардың бірінде жарияланады:

Facebook Live

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Facebook

Facebook Live тез арада танымал болып шыға келді, оған Facebook желісін пайдаланушылардың айтарлықтай көптігі және пайдаланудың қарапайым екені де септігін тигізді. Сілтеме бойынша өзіңізді қызықтыратын геолокация мен стримді таңдауға болады. Алайда, бұл видеолар тек трансляция жүріп жатқан уақытта ғана қолжетімді.

Ал бұрынырақта түсірілген видеоны табу үшін басқа тәсілдерге жүгінуге тура келеді. Бірінші: оқиғаны кім түсіргенін білсеңіз, сол пайдаланушының профайлына немесе Facebook парақшасына кіріңіз. Екінші: Facebook іздеу қызметі арқылы «Видео» бөлімін тауып, содан кейін нәтижені «Live» деп тағы бір сүзгіден өткізіп алыңыз.

 YouTube Live

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Youtube

Live қызметі Youtube танымалдығының тасасында қалып келеді. Әзірге оны жаңалықтар ұйымы пайдаланады.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Youtube

Мұнда да Facebook желісіндегі секілді видеоларды «тікелей трансляциялар» деп сүзгіден өткізу керек. Ол жерден қазіргі сәтте болып жатқан оқиғалармен қатар, бұрын түсірілген бейнематериалдарды да табуға болады.

Periscope

2017 жыл көлемінде Periscope – АҚШ, Түркия және Бразилиядағы ең танымал хабар тарату платформасы. 2015 жылы оны Twitter желісі сатып алған болатын, сондықтан Periscope аккаунттарының бір бөлігі осы әлеуметтік желіге байланған. Periscope желісіндегі стрим авторларының көпшілігі Twitter профайлында жазба жариялайды, сол жерден трансляция сілтемесін тауып алуға болады. Сілтемені трансляцияны көргендердің профайлынан да табуға болады.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Periscope

Тағы бір тәсілді пайдалана отырып, бұдан да көп ақпарат табуға болады, ол үшін Twitter мен Google трансляцияларындағы кілт сөздерді іздеп, «Соңғы», «Видео», «Трансляциялар» деп сүзгіден өткізу керек. «Трансляциялар» бойынша тез тауып алуға болады.

Өзіңізге қажет видеоны тауып алған болсаңыз, дәл сол пайдаланушының Periscope желісіндегі басқа да видеоларын қараңыз, дәл сол оқиға немесе сол уақыттан басқа да стримдері болуы мүмкін.

Livestream.com

Тікелей хабар тарату мүмкіндігін берген алғашқы сервистердің бірі. Әлеуметтік желілердің тікелей трансляция қызметінің іске қосылуынан кейін Livestream танымалдығы түсті, дегенмен әлі күнге дейін оны пайдаланатын адамдар бар.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Livestream

Periscope сияқты емес, мұнда іздеу біршама жеңіл. Дегенмен сервис жетілген деуге келмейді. Сүзгілері Youtube желісіне ұқсайды: белгілі бір күнмен емес, «Соңғы 24 сағат бойынша», «Өткен апта», т.б. деп іздейді. Бұрын жазылған бейнематериалдар да қолжетімді.

2-бөлім. Көрініп тұрған дереккөздердің көрінбейтін мүмкіндіктері

Оқиға болып жатқанда немесе оқиғадан кейін дереу салынған видеолар танымал болатыны белгілі, дегенмен, бір ғана трансляция кейде жеткіліксіз.

Twitter

Мысал ретінде 19 қазан күні Мехикода болған, магнитудасы Рихтер шкаласы бойынша 7,1 балды көрсеткен жер сілкінісін алайық. Табиғи апат пен оның салдарын бейнелейтін видеоны күн бойынша немесе «Мехико», «жер сілкінісі» деген кілт сөздер бойынша іздейміз.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Twitter

Немесе twitter.com/search-advanced кеңейтілген қызметін пайдалануға болады, ол белгілі бір тіркестерді табуға, керек еместерін елемеуге, тілді таңдауға, пайдаланушыларды іздеуге, уақыт және геолокация бойынша туиттерді табуға мүмкіндік береді. Қажетті көрсеткіштерді белгілегеннен кейін іздеу нәтижесін қосымша көрсеткіштер бойынша сүзгіден өткізуге болады, соның ішінде видео да бар.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Twitter

Қажет дүниені табу үшін кілт сөздерден тыс төзім де керек, көп жағдайда нәтиженің бір бөлігі пайдаға жарамайды. Кілт сөздерге қатысты ескеретін тағы бір жайт бар: белгілі нәрсені емес, мейлінше тереңірек іздеген дұрыс. Мысалы, 2017 жылдың тамызында Шарлоттсвиль қаласында болған наразылық шеруі туралы іздесеңіз, жәй ғана «Шарлоттсвиль» деу жеткіліксіз. Мейлінше сөз тіркестерін, басқа да негізгі сөздер мен хештегтерді пайдаланған дұрыс. Өзіңіз тұратын жерде болған оқиғаны, өзіңіз куә болған оқиғаны суреттеп отырмын деп елестетіңіз. Елдімекеннің атын білсеңіз, сол бойынша іздеңіз. Жергілікті халықтың тілін білсеңіз, солардың тіліндегі сөздерді жазған дұрыс. Мәселен, Шарлоттсвильдегі жағдай туралы жазғанда жергілікті тұрғындардың көше, дүкен атын, саябақтар мен басқа да орындарды жазары сөзсіз.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу

Тағы бір тәсіл – жергілікті халықтың тілін пайдалану. Мехикодағы жер сілкінісіне орай «жер сілкінісі» немесе «earthquake» дегеннен гөрі испанша «sismo» деп жазсаңыз, көбірек нәтиже береді. «Мехико» деген тегтен гөрі «CDMX» деген тег көбірек нәтиже береді, ол жергілікті халық қолданатын Ciudad de México дегеннің қысқарған түрі. Ал ағылшын тіліндегі туиттерді негізінен ағылшынтілді туристер мен журналистер жазады.

YouTube and Google Videos

YouTube желісінің ең басты кілтипаны – іздегенде белгілі бір дата бойынша емес, уақыт аралығы бойынша іздейді. Мәселен, осы аптада болған оқиғаны іздесеңіз, «Осы аптада» деген сүзгінің көмегі көп. Ал оқиғаның болғанына бір аптадан асып кетсе, іздеу қиындай түседі.

Мұндайда YouTube видеоларын Google көмегімен іздеу керек. Өйткені, Гуглдың кеңейтілген функциялары көп. Төмендеті суретте дәл YouTube сайты бойынша іздейтінімізді көрсеттік (site:youtube.com), «Құралдар» деген тұстан күнге байланысты сүзгі қоямыз (2017 жылғы 12 тамыз), содан кейін кілт сөздерді тырнақшаға алып жазамыз, бұл іздеудің тура осы сөздерге орай болуын қамтамасыз етеді.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу

Сонымен бірге, video.google.com арқылы да іздеуге болады. Мұнда көбінесе жаңалықтар қызметі контент салады, олардың YouTube арнасы болмауы да мүмкін. Осы арада жаңалықтар сайтының видеоларын ғана салумен айналысатын жеке платформа жоқ екенін айта кету орынды. Сондықтан видеоны YouTube арқылы да, Google арқылы да іздейміз.

Facebook

Facebook тек жыл бойынша іздеуге мүмкіндік береді (оның өзінде соңғы үш жыл ғана). Өкінішке қарай, басқа көрсеткіш қоя алмайсыз. Сондықтан тағы да Google желісін пайдаланамыз: сайтты көрсетеміз (site:facebook.com), «Құралдар» деген жерде керекті күнді қоямыз да, кілт сөздерді тырнақшаға алып жазамыз.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу

ВКонтакте мен Одноклассники

Facebook туралы айтқан соң, онымен «туыс» әлеуметтік желілер туралы айту да орынды. Алайда, оқиға осы сайттар аса танымал жерлерде болмаса, оларға жүгіну қажет емес. Өйткені, Одноклассники мен ВКонтакте желілеріндегі видеолардың бір бөлігі басқа сайттардан көшіріледі.

ВКонтакте желісінен бірдеңе іздеу үшін кілт сөзді негізгі іздеу жолына жазу керек. Одан кейін «Бейнежазбалар» және сүзгіні таңдаймыз. Мұнда үш сүзгі бар: «Сұрыптау» (релеванттылық, қосылған күні және ұзақтығы бойынша), «Ұзақтығы бойынша» (қысқа, ұзақ, кез келген) және «Қосымша» (сапасы жоғары, еш шектеусіз).

 

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: vk.com

2017 жылдан бастап ВКонтакте парақшалары тікелей трансляция жүргізу мүмкіндігіне ие. Олардың жазбасын осы парақшалардағы «Бейнежазбалар» бөлімінен табуға болады.

Одноклассники мен Facebook функциялары ұқсас. Сүзгі арқылы тікелей трансляцияларды тауып алуға болады. Нақты бір күнге байланысты видеоны табу мүмкін емес, мұнда да Youtube секілді уақыт аралығы бойынша сүзгіден өткізу керек.

 

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Bellingcat

3-бөлім. Көзге көрінбейтін дереккөздер

Snapchat пен Instagram пайдаланушылары видео салғанды жақсы көреді, алайда бұл сервистерден видео іздеу қиынның қиыны. Дегенмен,оның да айла-тәсілін білген жөн.

Instagram

Instagram желісінен бас-көз жоқ видео іздеу уақытты босқа жоғалтумен тең. Тіпті, хештегтер, геолокация немесе кілт сөздер де көмектеспеуі мүмкін, ол барлық видеода көрсетілмейді. Ал іздеу нәтижесін «қоқыстан» тазарту өте қиын, түріне, белгілі бір күнге немесе видеоның ұзақтығына орай сүзгіден өткізу мүмкін емес. Қаржылай мүмкіндік болса, EchoSec сияқты ақылы сервистерге жүгінген жөн, олар дәлме-дәл координатты белгілеп береді.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу
Дереккөз: Instagram

Егер артық қаражат болмаса, көмекке тағы да Google келеді. Мұнда да Facebook пен YouTube желісіндегідей іздейміз. Оның да күші жетпеуі мүмкін. Мәселен, «Шарлоттсвиль» деген сұрау бойында Instagram бар болғаны үш видео тауып береді, бұл тым күмәнді. Сондықтан Instagram желісіне салынған видеолардың басқа сайттарда, мысалы, Twitter желісінде айтылуын іздеу керек.

Видеоны тексеру және оны видео көмегімен тексеру: дереккөз бен куәгерлерді іздеу

Snapchat

Мұны компьютерде қолдану үшін Android эмуляторын орнату керек. Болмаса, мобильді қосымшамен шектелуге тура келеді. Snapchat желісінде іздеу жалпы жеңіл емес, өйткені Snapchat stories тек кілт сөздер немесе геолокация бойынша ғана сүзгіден өткізеді. Ал кейде контент пайдаланушының белгілеуіне орай жалпы көпшілікке қолжетімді болмауы мүмкін. Бұл Instagram мен Facebook желілеріне де қатысты.

4-бөлім. Көзге көрініп тұрған қорытынды

Видеоны іздеу және верификация жасау журналистер мен зерттеушілер үшін маңызды аспектілердің бірі. Осы материалда айтылған дереккөздердің бәрін пайдаланып көрген дұрыс, өйткені сенсациялық видео онсыз да бүкіл әлеуметтік желіге шығады. Өйткені оларға жұрт көп назар аударады, көп іздейді. Ал осы видеоларда ешкім байқамаған жайттар болса, оларды аса көзге көрініп тұрмаған дереккөздерден табуға болады.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz