Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?

Сізге бір видео келді. Қазіргі жағдай туралы таңғалдыратын, төбе шашыңызды тік тұрғызатын немесе қоғамның түйткілді тұстарын көрсететін көрініс. Бірақ, көшіріп басып, комментарий қалдырмас бұрын тексеріп, рас-өтірігіне көз жеткізіп алыңыз.

1-қадам. Түпнұсқа ма, емес пе?  

Мұндай бейнекөрініс интернетке бұрын да салынған және мүлде басқа жағдайда түсірілген болуы мүмкін. Мұны видеоның алғашқы кадрын Google Image Search немесе TinEye сервистеріне енгізу арқылы тексеруге болды, бұлар ұқсас суреттерді шығарып береді. Amnesty International сервисінің Youtube Data Viewer атты құралының да көмегі тиіп қалады, ол роликтегі жекелеген кадрларды алып, Google Image Search жүйесінде іздейді. Нәтижесінде дәл сондай немесе ұқсас видеолардың тізімін ұсынады. Сол жерден бейнематериалдың салынған күнін салыстыруға болады.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Youtube

Youtube іздеe жүйесі арқылы іздеe. «Жарияланған күні» деген сүзгіні іске қосуды ұмытпаймыз. Мұндай видеолар баяғыдан бері бар боп шығуы әбден мүмкін.

Қазақстандық кейс:

2015 жылдың 23 шілдесінде Алматының Наурызбай ауданында болған селден кейін мессенджерлер мен әлеуметтік желіде жолындағының бәрін жапырып бара жатқан қатты селдің видеосы тарады. Бұл, әлбетте, жұртты дүрліктірді.

Логотипі жоқ ұқсас видеоларды Youtube арқылы іздейміз. Бұл түпнұсқаны табуды жеңілдетеді. Табамыз.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Youtube

Видеоны Amnesty International Youtube Data Viewer арқылы тексереміз, ол бізге Google Image Search сілтеме жасай отырып, бірнеше кадрды бөліп береді.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Amnesty International Youtube Data Viewer

Сілтемелерге өтеміз.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Google

Қазақстандағы табиғи катаклизм туралы сілтемелердің ішінде Ресейдің Қарашай-Шеркес ауданындағы сел туралы материал бірден көзге түседі. Краснодар өлкесімен шекаралас ауданда бізден үш апта бұрын, дәлірек айтқанда, 2015 жылдың 2 шілдесінде сел жүрген.  Бұл табиғи апат туралы басқа басылымдар не жазды екен, тексерейік.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Google

Иә, мұндай табиғи апат шын мәнінде 2015 жылы Қарашай-Шеркесте болған екен. Видеоның түпнұсқасы да табылды.

2-қадам. Видеоны кім түсірген?

Егер видео авторын Youtube желісінен, басқа әлеуметтік желілерден, блогтар мен сайттардан тауып алсаңыз, роликті салған аккаунт иесінің фейк емес екеніне көз жеткізіңіз. Ол үшін келесі көрсеткіштерге назар аударыңыз:

  • Аватарында не тұр? Фото ма, сурет пе, оны да сурет іздеу жүйесі арқылы тексеруге болады (1-қадам).
  • Аккаунт қашан тіркелген? Белсенділігі қай деңгейде?
  • Пайдаланушы қандай видеолар салады, қандай жазба, комментарий жазады? Егер тек видео салатын болса, оны өзі жасай ма, әлде басқалардың түсіргенін сала ма, соған назар аударыңыз.
  • Жазбаларына қарағанда, пайдаланушы қай елде тұрады? Оның тілі немесе диалектісі видеодағы тілге үйлесе ме?
  • Видеода логотип бар ма, ол басынан аяғына дейін қайталана ма? Сондай-ақ, ол логотип аккаунттың Youtube немесе Vimeo арнасындағы аватарда бар ма?
  • Аккаунттың видеоларының бәрінің сапасы бірдей ме? Мұны роликтің оң жақтағы төменгі бұрышындағы «баптаулар» тетігінің ішінен «Сапа» дегенді басу арқылы тексере аламыз.
  • Видеоның атауында .mp4 немесе .avi форматының атауы бар ма? Егер бар болса, видеоны түсірілген құралдан салған деген сөз.
  • Сайт немесе блогтың иесі кім (егер блог жеке доменде орналасқан болса)? Оны whois сервисі арқылы тексеруге болады.
  • Басқа әлеуметтік желілерге, блогтарға, сайттарға сілтеме бар ма? Онда пайдаланушы туралы қандай ақпарат бар?
  • Пайдаланушы туралы Spokeo, com, WebMii немесе LinkedIn сайттарында мәлімет бар ма? Рунетте people.yandex.ru. сервисін пайдалануға болады.

Қазақстандық кейс:

Алдыңғы тақырыптан бір видеоны алып қарастырайық. Оны Life Kazakhstan News немесе видеоның логотипінен көріп отырғанымыздай, LKN TV жариялаған (бұл логотип басқа әлеуметтік желілерде де бар екен).

Сел туралы видео пайда болғанға дейін бұл арнада 60-тан астам бейнематериал салынған, олардың сапасы әртүрлі және соншалық айрықша контент емес – бейнебақылау камералары мен видеорегистратордан алынған көріністер, телесюжеттің үзіктері, басқа арналарда шыққан роликтерді көшіріп басу. Мұның барлығын Youtube желісіндегі басқа арналардан тауып алуға болады. Әр видеода арнаның логотипі бар, кейбірінде оқиға туралы қысқаша түсініктеме берілген. Бір айта кетерлігі, таңдалып алынған видеолардың барлығы сенсация екені көрсетілген – «Тойдағы видео желіні жарды», «Жауыздар Әліби Жұмағұловқа кісі өлімін мойындатқан! Масқара!», «Көшедегі жалаңаш әйел» дегендей тақырыптар. Осының өзі күмәнмен қарауға жеткілікті.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Youtube

Арнаның Вконтактедегі тобына сілтеме бар, онда топ мүшелерінің саны көрсетілген. Осы мақала жазылған уақытта олардың саны 64 болды. Жазбаларда Youtube желісіндегі видеолар қайталанады, бірнеше пайдаланушы эмоциямен комментарий қалдырыпты. Ресми сайты, байланыс телефондары жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Life Kazakhstan News арнасын шынайы ақпарат тарататын дерек көзі деп үзілді-кесілді айта алмаймыз. Арнаны ашқан адамдар мұны түсінген де сияқты, өйткені 2016 жылдың сәуір айынан бастап ешқандай контент жоқ.

3-қадам. Қайда түсірілген?

Видеодан көзге көрініп тұрған жайттарға: жол белгілеріне, автокөлік және басқа да белгілерге, үйлерге, киімге, пейзажға, көпірлерге, таудың бар не жоқ болуына назар аударыңыз. Осындай белгілерге, мәтінге, видеоға жазылған комментарийлерге қарап, Google Maps арқылы түсірілген жерді табуға тырысыңыз. Street View тетігін қосып, видео деп белгілеңіз.  Егер Street View анықтап бермесе, «Фотосуреттер» тетігін іске қосыңыз, өйткені геолокациялық белгі соғылған суреттер келесі қадамға өтуге жол ашады. Геолокацияны Twitter, Instagram, Flickr және Picasa арқылы да білуге болады.

Геолокацияны анықтауға Wikimapia ресурсы да көмектесе алады, онда ғимараттар, өнеркәсіптік аймақтар және әскери нысандар картада белгіленген, дегенмен, басқа Wiki жобалар секілді онда да расталмаған ақпарат болуы мүмкін. Одан гөрі анық ақпарат беретін, бірақ кей жағдайларда ғана пайдалы сервис ретінде Google Earth қызметін айтуға болады, ол арқылы спутниктің суреттерін алуға болады. Егер видеодағы ландшафт уақыт өте келе өзгерген болса, бұл сервистің көмегі көп.

Басқа нәрселерге де назар аудару керек, мәселен, күннің түсуі мен көлеңке түсірілімнің уақытын анықтауға мүмкіндік береді. Егер бейнекөріністе сөз болса, қай тілге немесе диалектіге ұқсайтыны туралы ойланыңыз. Google Translate қызметіне жүгінуге болатынын естен шығармаған жөн, дегенмен, ол үнемі тура нәтиже бермейді. Егер видеодағы тілді білетін таныстарыңыз босла, солардың көмегіне жүгінген дұрыс.

Қазақстандық кейс:

2016 жылдың ақпан айында Қазақстанда Шымкентте болды делінген террорлық әрекет туралы ролик тарады.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Youtube

Мұнда күдік тудыратын жайт жеткілікті: біріншіден, жартылай орысша, жартылай мүлдем басқа тілде сөйлейді және ол тіл қазақ тілі емес. Екіншіден, көліктің тіркеу нөмірі де өзге.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Youtube желісіндегі Дилшад Садуақасов деген пайдаланушының «Шымкенттегі теракт» ролигінің стриншоты

Қазақстанда 16 облыстың коды бар, ал көлікте 18 деп жазылған. «Т» әрпі көліктің ресейлік екенінен хабар береді, ал 18 – Удмурт Республикасының коды. Видеода «Шымкент» дегенге ұқсайтын сөз кездеседі, алайда, otyrar.kz анықтағандай, әңгіме Дағыстанның Дербент ауданына қарасты Джиммикент бекеті туралы. Шамасы, жергілікті халықтың Джиммикент деген сөзді айтуы «Шымкент» деген сөзге ұқсауы мүмкін. Дағыстандағы оқиға туралы роликтің түпнұсқасы 2016 жылдың 15 ақпанында НТВ арнасынан берілген.

4-қадам. Видео қашан түсірілген?

Көп жағдайда метадата, яғни видео туралы деректер сақталмайтындықтан, бұл сұраққа жауап беру қиын. Тек роликтің интернетке ең алғаш қашан шыққанын зерттеуге тура келеді. Youtube желісінде видеоның күні мен уақыты ретінде оның салынған кезі көрсетіледі, уақыттың Тынық мұхиты уақытының стандартымен берілетінін де естен шығармаған жөн.

Тағы бір тәсіл – сол күнгі ауа райын тексеру. Wolphram Alfa сервисінде жер шарының кез келген нүктесіндегі ауа райы туралы мәліметтер бар.

Нұсқаулық: Жалған видеоны қалай анықтауға болады?
Дереккөз: Wolfram Alfa

Күдікті нәрселер бар ма екен? Онда көшіріп басуға немесе комментарий жазуға асықпаңыз.

 

Бұл фактчекинг нұсқаулығында First Draft News, Verification Handbook, bellingcat, Stopfake материалдары қолданылды.

Аударған Жұлдыз Әбділда

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz