Трамптың Ресейге қатысты өткір мәселесі

ВАШИНГТОН – АҚШ президенті Дональд Трамп қызметін атқаруға кіріспей тұрып, Туиттерде өз елінің Ресеймен қарым-қатынасы туралы көзқарасын айтып өткен еді. «Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болған дұрыс», – деді ол бір туитінде. «Мен Президент болған кезде, – деді жазбаларының тағы бірінде, – Ресей мен АҚШ әлемнің көптеген ауқымды және өзекті мәселелерін шешу үшін бірге жұмыс істейтін болады!».

Әрине, Ресеймен қарым-қатынасты жақсартуға қатысты Трамптың ойында еш қателік жоқ. (АҚШ-тың соңғы бірнеше президенті осындай мақсатқа ұмтылған). Бірақ ол осы мақсатқа қол жеткізуде Ресейдің демократияның белсенді жақтатушыларын сатудың қажеті жоқ екенін мойындау керек.

Ресей президенті Владимир Путин елдегі танымал диссиденттік козғалысты жойды десек болады. 2012 жылы Путин президенттік билікке оралғаннан кейін көп кешікпей, Дума шетелдік агенттерге қатысты заң қабылдады, оның негізгі мақсаты шетелден қаржы алатын және «саяси белсенділік» деп аталатын кез келген нәрсеге қатысатын ұйымдардың үнін өшіру болды.

Содан бері Ресей үкіметі біржақты тәртіпте 88 ұйымды «шетелдік агенттер» деп жариялады, бұл термин «шпион» сияқты естілетін болды. Тізімге сайлауды бақылаумен айналысатын беделді топ, адам құқықтарын қорғаушылар, сауалнама жүргізушілер және  кейбір ғылыми зерттеу ұйымдары да енгізілген. Олардың қызметі  әртүрлі, бірақ үкіметтің оларға  айтары анық: Кремльді сынасаңдар, үнсіз қалуға мәжбүр боласыңдар.

Ресей үкіметі соңғы бес жылда диссиденттік козғалысты басу бағытында бірнеше қадам жасады, оның ішінде демократия белсенділеріне қолдау көрсеткен бірнеше «халықаралық ұйымды» айыптап, оларға ресейлік азаматтардың қатысуын қылмыстық іс деп санады. Сондай-ақ, үкімет азаматтардың онлайн қимылдарын бақылау және олардың еркін сөйлеу құқығын шектеу үшін, сонымен бірге LGBTQ + тобындағы тұлғаларға қатысты кемсітуді күшейту және діни топтарды қудалау үшін қауіпсіздік органдарының өкілеттігін күшейтті. Кремльді сынағандар тұтқындалды, кейбірі өлтірілді.

Мұндай іс-әрекеттер, әрине, Трампты алаңдатпады. Наурызда Ресейдің 100-ден астам қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мыңдаған наразылық білдіруші қамауға алынғаннан кейін де Трамп басқармасы тек бір ғана суыт мәлімдеме жасады. Мәскеуге сапары барысында Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон де АҚШ конгресі айтып жатқанына қарамай, АҚШ Мемлекеттік департаментінің дәстүрге айналған азаматтық қоғам белсенділерімен кездесуінен бас тартып, бұл көзқарасты айқындай түсті.

Трамп пен Тиллерсон, тіпті, жаңа дәлелдері күнделікті пайда болып жатқан Америкадағы демократиялық сайлауларға араласуын қоспағанда, Путинмен ыңғайсыз талқылауларды болдырмау үшін Кремльдің қарсыластарын қудалауын елемеуді жөн көргендей. Олар осы көзқарас нәтиже берді деп сенеді, әсіресе, шілде айында АҚШ пен Ресей дәнекер болып келіссөз жүргізген сириялық атысты тоқтату туралы әлсіз келісімді ескерсек, солай деуге болады.

Бірақ, Ресей бұл шешімге Трамп әкімшілігі оның алдында жүгіргендігінен емес, өз мүдделеріне байланысты келді. Шын мәнісінде, Трамп әкімшілігінің «орыс аюға» тиіспеуге тырысуы америкалық мүддеге қайшы келеді.

Трамптың Ресейге болысуынан қысқа мерзімді «жеңісі» қандай болса да, ол Американың барлық адамдарға бірдей өмір, еркіндік және теңдік, сондай-ақ өзін-өзі басқаруды қорғау деген ұзақ мерзімді мүдделерімен салыстырғанда, ол бәрібір елеулі болмайды. Бұл АҚШ-тың басқа принциптермен жұмыс істейтін үкіметтермен араласпауы керек дегенді білдірмейді. Бірақ біз саяси келіспеушілікті басудан басталатын, біз келіспейтін нәрселер туралы анық айтуымыз керек.

Американың негізгі қағидаттарын сақтау дұрыс қана емес, ақылды стратегия да. Путиннің билігі тұрақты болып көрінуі мүмкін, бірақ ол тек насихаттау мен қорқынышқа негізделген. АҚШ Ресейге қарсы тұрудан аулақ болу үшін өз құндылықтарын сатқан кезде, ол Путиннің билігін нығайтады. Путиннің АҚШ-қа оңай әсер ете аламын деп көрінуі оның қарсыластарының аузына қақпақ болуын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Келесі жылы өтетін президенттік сайлау алдында Путин шетелдік көшбасшылардың оған берген еркіндігін пайдалануға тырысады. Қазір ол оппозициялық көшбасшы Алексей Навальныйдың ақшалай қаражатты ысырап етті деп үкім шығаруына қол жеткізді, ал бұл үкіметке оны президенттікке үміткер ретінде тіркелуін қабылдамауға сылтау болады.

Алайда, Кремльдің жылдар бойы көрсеткен қысымына тойтарыс көрсете білген Навальный оңай жеңілмейді, басқа оппозиция белсенділері де солай жасайды. Өткен жексенбіде  Путиннің 200-ден астам қарсыласы Мәскеу қалалық сайлауында жергілікті кеңестерде орын алды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылық жыл бойы жалғасты. Ал жақында Навальный Путиннің Финляндия шекарасына жақын орналасқан құпия саяжайы туралы жаңа деректер жариялады.

Әрине, Путин президенттік төртінші мерзімін оңай жеңіп алады деген болжам бар. Бірақ, ол Ресейді мәңгілік билей алмайды. Ал қазіргі бүкіл Ресей халқы демократиялық сайлауға қатысуға лайық. Путиннің ұзақ мерзімді қызметі кезінде болған ешбір сайлау Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан еркін немесе әділ деп бағаланбаған. Сайлаудағы бақылаушылар мен демократиялық принциптерді қолдайтын белсенділерге мемлекеттік қолдауды кеңейту арқылы Трамп басқармасы ресейлік оппозицияны нығайта алады және Ресейдің болашағының басқа концепциясын дамыта алады.

Қысқа мерзімді перспективада аздаған екіжүзділік тез жеңіске жетудің кішігірім құнындай көрінуі мүмкін. Бірақ, Американың сыртқы саясаты мен Американың ұлттық риторикасы – ұзақ мерзімді ойын. Ұзақ мерзімді перспективада АҚШ үшін адам құқықтары қорғалған және саяси диссиденттік құдаланбайтын демократиялық Ресеймен қарым-қатынаста болу әлдеқайда жақсырақ болар еді.

Ресейдің 2018 жылғы сайлауы Трампқа осындай нәтижеге қол жеткізуге маңызды мүмкіндік әрі ол америкалық құндылықтардың сатып алу келіссөздеріне келмейтінін дәлелдей де алады. АҚШ Путиннің деңгейіне түспейді және Ресейдің сайлау процесіне жасырын араласпайды. Бірақ, ол демократия мен адам құқықтарын қорғауды қолдап,  еркін қоғам құруға ұмтылатындармен бір жақта тұруы керек. Әлем АҚШ-тың әлі де жаны бар екенін білуі керек.

Энн-Мари Слотер, New America ұйымының президенті және бас атқарушы директоры.

Нина Янкович, Уилсон орталығында George F.Kennan және 2017 жылы Foregin Policy Interrupted стипендиаты.

Project Syndicate, 2017

Factcheck.kz