Пропаганда құрсауындағы адамды иландыру әсте қиын | Қайтпек керек?

Ресейдің Укаринаға басып кіруі федералды арналардың және кремлшіл медианың пропагандасымен қатар жүрді. Тіпті пропаганда ресейліктердің санасын соғысқа алдын-ала дайындады десе артық емес. Ал Мәскеудің саяси элитасының кейбір өкілдері Қазақстан жайында жалған және арандататын ақпарат таратуын жалғастырып келеді. Мұндайда не істеу керек? Пропаганданың емі бар ма? Бәлкім вакцина бар шығар?

Factcheck.kz серіктесі “Важные истории” материалын ықшамдап аударып, оқуға ұсынады.

Мазмұны

Адамды пропаганда құрсауынан құтқару мүмкін емес. Мұны көптеген психологиялық эксперимент дәлелдеген дейді Амстердам университетінің әлеуметтік ғылымдар факультетінің доценті Анна Фенко.

Біз көптеген адам өлімінің, ауруханалар мен балабақшалардың, үйлердің қирауының, су мен жылусыз жертөлелерде апталап тығылған бейбіт тұрғындардың, көрші елдерге қашқан миллиондаған босқындардың, жалпы айтқанда Еуропаның қақ ортасындағы алапат трагедияның куәсі болып отырмыз. Бірақ, одан бөлек, отбасы ішіндегі тағы бір трагедияны байқадық: майданның екі жағында қалған бір отбасы мүшесі басынан өткен зобалаңды айтса, екіншілері бұған сенбейді. Бұл қалай болғаны? Саналы адамның миын пропаганда қалай улайды? Бұл инфекция қалай жұмыс істейді? Жақындарымызды одан қорғай аламыз ба?

Пропагандаға қарсы вакицна

Әлеуметтік психология мен коммуникация теориясы бұл сұраққа ұзақ уақыт бойы жауап беруге және (аурудан қорғайтын вакцина секілді) пропагандадан қорғайтын екпе әзірлеуге тырысып келеді. Үгіт-насихатпен күрес әдісінің бірі иммунизация деп аталады.

Оның қалай жұмыс істейтінінің мысалын келесіден көруге болады: АҚШ-та 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылды америкалық Үкімет пен барлау қызметі істеді деген қастандық теориясына сенетіндер бар. 2006 жылы америкалықтардың 36%-і мұндай теорияны болуы мүмкін деп есептейтінін айтқан. Бұл конспирологияны жақтаушылардың бірі Дилан Эйвери компьютерінде осы теорияны қолдайтын, өзінің ойы қосылған, пропагандалық Loose Change фильмін құрастырған. Фильмің дарынды өңделгені сонша, өте эмоционалды және нанымды шыққан. Ол бір-екі ай ішінде интернетте төрт миллионнан астам көрілім жинап, алғашқы желілік блокбастер ретінде танылған.

Оклахома университетінің екі профессоры Джон Банас пен Грегори Миллер студенттерді ойға қонымды дәлелдер арқылы пропаганда әсерінен қаншалықты қорғауға болатынын білу үшін эксперимент жүргізген. Экспериментке қатысушылардың барлығынан (олар үш жүзден астам адам болған) 11 қыркүйектегі шабуылға қатысты қастандық теориясына қаншалықты сенетіні сұралған. Студенттер арасында оған сенетіндер проценті елдегі орташа көрсеткішке жақын болып шыққан (37%). Содан кейін қатысушыларды кездейсоқ үш топқа бөлген. Бірінші топқа Loose Change: Final Cut-тың 40 минуттық нұсқасы көрсетілсе, екінші және үшінші топтарға алдымен вакцина салынған.

Вакцинаның екі нұсқасы бар еді — фактілермен иммундау және логикалық иммундау.

Фактіден жасалған екпеде фильмдегі мәліметтерге қайшы келетін қысқа мәтін тәріздес деректер тізімі болған. Мысалы, фильмде Дүниежүзілік сауда орталығының мұнараларының біріне ұшақ соғылмай тұрып-ақ жарылыс дауысын естідік деген «куәгерлер» көрсетілген, бұл ғимаратқа бомбаның алдын ала қойылғанын меңзейді. Мәтінде бұл болжамға қайшы келетін фактілер, атап айтқанда, бомба жарылысының дыбысы қатты болатыны сонша, оны бірнеше куәгер ғана емес, Бронкстан бастап Брайтон Бичке дейін барлық Нью-Йорк тұрғыны еститіндігін айтады.

Логикадан тұратын екпеде көрермендерге қастандық теориясын жақтаушылардың аругменттерін логикалық тұрғыдан қарастыру ұсынылады. Мысалы, егер мұндай ауқымды қастандық теориясы рас болса, оған тікелей тапсырыс берушілер мен орындаушылар ғана емес, сонымен қатар көптеген адам – мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер, өрт сөндірушілер, дәрігерлер, журналистер тартылуы керек еді. Ал осынша көп адам білетін құпияны сақтау қиын. Олардың ешбірі әлі күнге дейін қалай ештеңе айтпай жүр? Ендеше ешқандай қастандық теориясы болған жоқ деу қисындырақ емес пе?

Эксперимент нәтижесі 40 минуттық пропаганда фильмін көру қастандық теориясына сенетіндердің санын 37%-тен 50%-ке дейін көбейткенін, фактіден жасалған вакцина салынғандар арасында сенушілер 25%-ке, ал логикадан тұратын екпе салынғандар 31%-ке дейін төмендегенін көрсеткен. Осылайша, фактілермен иммундау логикалық иммунизацияға қарағанда тиімдірек болып шыққан. Авторлар мұны деректердің логикалық үйлесімділігіне қарағанда фактілердің растығын бағалау адамдар үшін оңайырақ деп түсіндіреді.

Екпе — ем емес

Бұл Украина президенті еврей, сондықтан украиндық нацист болуы мүмкін емес дегеннен гөрі Мариупольдегі қираған перзентханадан зембілмен алып шығып бара жатқан жаралы жүкті әйелдің суреті ресейліктерді олардың атынан соғыс болып жатқанына сендіруі керек дегенді білдіре ме? Асылында бұл маңызды емес, өйткені вакцина вирусқа дейін салынуы керек.

Мариуполь, 9 марта. Спасатели и волонтеры выносят из роддома раненую роженицу
Мариуполь, 9 наурыз. Құтқарушылар мен еріктілер жарақат алған әйелді ауруханадан алып шығып бара жатыр

Кейінгі 20 жылда пропагандамен күресудің түрлі әдісінің тиімділігіне қатысты 40-тан астам зерттеу жүргізілді. Олардың шамамен жартысында адамдар бірдей деректерді пропаганда әсеріне дейін және кейін қалай қабылдайтыны салыстырылған. Көптеген зерттеу иммунизацияның тиімділігін растаған, яғни пропагандаға дейін рационал, ойға қонымды деректер ұсыну адамдарды удан қорғайды. Бірақ зерттеудің барлығы дерлік пропаганда әсерінен кейін қалыптасқан көзқарастардың өзгермегенін көрсеткен. Яғни, пропаганда құрсауындағы адамды иландыру әсте қиын.

Егер АҚШ студенттерінің ішіндегі конспирологияға сенетіндер үлесін 37%-тен 50%-ке дейін көбеюі үшін үйде монтаждалған 40 минуттық фильм жеткілікті болса, ондаған жылдар бойы жүргізілген ауқымды теледидарлық пропаганданы елестетіп көріңіз. Жылдар бойы теледидардан ақпарат тұтынған адамдар көзқарасына қайшы келетін фактілерге (тіпті туыстары айтса да) сене алмайды. Путин пропагандасына сенетіндер достарыңыз, туыстарыңызбен дауласу, объектив фактілерге нандырудан гөрі олармен қарым-қатынастың үзілуіне әкелуі мүмкін. Пропагандадан тек факті мен логика арқылы алдын ала қорғануға болады. Ал балаларды логикалық дұрыс ойлау мен деректерді сыни бағалау арқылы аман сақтай аламыз. Пропаганда санасына сіңіп кеткен ересек буынға әлдене түсіндіру мүлде қиын.

Екпеге қарсы екпе

Бірақ Ресейде әлеуметтік желілер шектеліп, барлық тәуелсіз медиаға тыйым салынғанға дейін теледидар көрмей, тәуелсіз ресурстардан ақпарат тұтынған адамдардың мінез-құлқын қалай түсінеміз? Мүмкін, олар, ең болмағанда, ресейлік пропагандаға қарсы иммунитет қалыптастырған шығар? Шындығында олай емес.

Бұл жерде метаиммунизация деп аталатын басқа бір механизм іске қосылады. Пропагандалық фильмді көрген америкалық студенттерді еске түсірейік: оларға жалған ақпарат туралы алдын ала ескертілгендіктен студенттер фильмге сенбеді. Бірақ бұл эксперименттің жалғасы бар, оған үш емес, бес топ студенттері қатысқан. Алғашқы үш топқа дәл бірінші эксперименттегідей тапсырмалар берілген — бірінші топ жай ғана қастандық теориясы туралы пропагандалық фильмді көреді, екіншісі фильді көргенге дейін фактілерден жасалған вакцина алды, ал үшіншісі логикалық екпе салдырады.

Бірақ бұл жолы тағы екі топ қосылған. Бұл топтағылар дәл екінші және үшінші топтағы тапсырмаларды алған. Яғни пропагандалық фильмді көрер алдында оларға фактіден не логикадан жасалған екпе салынған. Алайда эксперимент басталмай тұрып келесідей ескерту жасалған: “Сіздің пікіріңізге әсер еткісі келетін адамдар бар. Қазір әлемге деген көзқарасыңызды өзгерткеніңізді қалайтын фильм көресіз. Бірақ, алдымен дәл сондай мақсаты бар, тек керісінше аргумент келтіретін мәтін оқисыз. Сіздің міндетіңіз қос тарапты да тыңдап, шешім қабылдау”.

Студенттер пропагандаға сене ме не фактілер мен дәлелдерге ме? Бір қарағанда олар ойға қонымды аргументтерге сүйеніп, үгіт-насихатқа сыни қарауы керек сияқты болуы мүмкін. Бірақ бәрі керісінше болып шыққан.

Екі рет екпе алған төртінші және бесінші топ студенттері бір рет екпе алғандарға қарағанда жалған ақпаратқа көбірек иланған. Егер бір реттік екпе қастандық теориясына сенетіндердің процентін төмендетсе, қос иммунизациядан өткен екі топтың арасында бұл көрсеткіш бақылау тобындағыдай 37% болып қалған.

Метаиммунизация қалай жұмыс істейді? Ол адамға белгілі бір көзқарасты «жақтайтын» не оған «қарсы» дәлелдерді салыстыру ғана емес, сонымен бірге осы көзқарасты қорғайтындардың уәжін бағалау керек деген мақсат қояды. Бірақ бұл тапсырманы шешу мүмкін емес, өйткені адамдар әдетте басқалардың іс-әрекетінің мотивін білмейді. Шешімі жоқ тапсырмадан шамадан тыс когнитивтік салмақ түседі: адамдар аргументтер мен оған қарсы аргументтер арасында қалады, адасады, оларға екі тарап та фактілер мен аргументтерді бұрмалап, адамдарды өз жағына тартуға тырысатындай көріне бастайды. Шамадан тыс когнитивтік жүк кезінде “автоматты өшіру” іске қосылады да интеллект жұмысы тоқтайды. Адамдар ақылға қонымды деректерді естімейді, логика мен фактілерді де елемейді. Рационалдықты жоғалтқан адам эмоциясына әсер ететін қарапайым автоматты реакцияларға ереді.

Америкалық студенттер жағдайында эмоцияға әсер еткен құбылыс фильм болса, ресейліктердің жағдайында — эмоцияға әсер ететін көптеген қарапайым риторика еді.

Олар, біріншіден, әлемге «дәстүрлі құндылықтарды» әкелетін күшті және қуатты Ресей империясы. Бүкіл әлем үрейленетін әскери агрессор екенін мойындауға қарағанда Ресейді көрші халықтарға бейбітшілік пен азаттық әкелетін қуатты мемлекетке теңеу әлдеқайда ыңғайлы.

Екіншіден, украиндықтарды негізсіз және дәлелсіз, бірақ эмоцияға толы “наицзмге” айыптау; Екінші дүниежүзілік соғыс және нацизммен күрес орыс халқының мәдени пантеонының шыңы және ең қайғылы эпизодтардың бірі. Алайда тарихи жаралардың бетін ашу үшін, психологиялық жарақаттарды қоздыру үшін және жау бейнесін жасау үшін ресейлік пропаганда оны шебер пайдаланады.

Үшіншіден, бұл «НАТО шабуылына» байланысты антиамерикалық сезімдер мен қорқыныштарға үндеу. Ресейді бүкіл әлемге қарсы тұратын мемлекетке теңеу қарапайым адамда қобалжу сезімін тудырады, адамдар оны рационализациялауға мұқтаж. НАТО мұндай рационализацияның ең жақын және қарапайым нысаны.

Бірақ соғыс, бос дүкендер мен өсіп жатқан бағалар тұсында пропаганда толық жұмыс істеуі үшін метаиммунизация керек еді. Бұл метаиммунизация сегіз жыл бұрын, Ресей азаматтарына күшті «Крыманаш» препаратын шашып жіберген кезде жасалған. Содан бері халықаралық шарттарды бұзуға және басқа елдің жерін басып алуға қарсылықтардың бәрі тиімсіз болып шықты, өйткені олар тастай метааргументтерге келіп тіреледі: «Олар да өтірік айтады! Олар да бөтен территорияда соғысып жатыр! Ол жерде біз болмасақ, НАТО сарбаздары болар еді!».

Мәселе Ресей азаматтарының Украинадағы соғыс туралы шындықты білмеуінде емес, енді олардың ешқандай шындыққа сенбейтінінде.

Ұйқыға кеткен сана

Қазір орыс халқының пропаганда алдындағы осалдығы тарихқа, дінге, басқа да ұлттық ерекшеліктерге байланысты екендігі туралы көп айтылып жүр. Пропаганда саласындағы салыстырмалы зерттеулер аздығы және оның әр елге тән ерекшелігі мұны бағалауды қиындатады.

Конформндық эксперимент — біздің мінез-құлқымызға қоршаған ортаның қалай әсер ететінін көрсететін мысалдың бірі. Психологияда бұл әлеуметтік нормаларға тәуелділік ретінде сипатталады. Әлеуметтік нормалардың екі түрі бар — байқалатын және айтылатын.

Айтылатын нормалар отбасы мен мектеп, дін мен әдебиет үйрететін жақсылық пен жамандық ұғымы. Олар іс жүзінде әмбебап болып келеді. Байқалатын нормалар — сіздің айналаңыздағы адамдардың өзін қалай ұстау, мінез-құлқы. Байқлатын нормалар айтылатын нормаларға қайшы келсе, мысалы, адамдар «Темекі шегуге болмайды» деген белгі бар жерде шылым шексе не «Қоқыс лақтыруға тыйым салынған» деген белгінің жанына қоқыс төксе, әлеуметтік нормалар құнсызданады. Адамдар айтылатын нормаларға тікелей қайшы келетін іс-әрекетпен шектелмейді, сонымен бірге өзінің нигилизмін басқа нормаларға да тарата бастайды.

Әсіресе, адамдардың балабақшадағы балаларды Z белігісіне сай қоюы секілді мүлдем жаңа және түсініксіз нормаларды ұстана бастағаны таң қалдырады. Бұл қайдан шықты? Мұның не мәні бар? Шындығында еш мәні жоқ. Біз тек нормаға сай жүреміз. Мұндай тәжірибе ғылымға жақсы таныс. Егер адам көп жүретін көшенің қақ ортасына бірнеше адам тұра қалып, бір жаққа қарай бастаса, жолдан өтіп бара жатқандар да оларға қосылып, көп ұзамай-ақ қалың жұртшылық жиналады. Олар осылайша неге қарап тұрғанын білмей тұра береді. Мұндай мінез-құлықтың эволюциялық түсіндірмесі бар: ежелгі тайпа мүшелерінің бәрі де қауіпті дер кезінде байқай бермейтін. Бір адам көріп қалып, қашса, қалғандары соның артынан еретін. «Барлығы жүгірді – мен де қаштым» — бұл белгісіздік жағдайында өмір сүрудің ежелгі, примитив, бірақ әлі де жұмыс істейтін ережесі. Нормалар бұзылып, айналаң жау мен қауіп-қатерге толғанда «Неге?» деп сұрауға уақыт жоқ. Тек тездетіп маңдайыңа Z белгісін сызсаң болғаны!

Симферополь, 18 марта. Торжества в честь восьмилетней годовщины аннексии Крыма
Симферополь, 18 наурыз. Қырымның аннексиялануының сегіз жылдығына арналған мерекелік шара

Примитив мінез-құлық механизмдері әлі де көп тараған. Шешім қабылдау теориясы үшін Нобель сыйлығын алған америкалық психолог Дэниел Канеманның айтуынша, біздің әрекетіміздің 90%-тен астамы рационал емес, автоматты түрде эмоциялардың, әлеуметтік нормалардың не әдеттердің әсерінен болады. Адам үш шарт орындалғанда ғана миын іске қосады: біріншіден, қабылданатын шешім жеке өз басы үшін өте маңызды болуы қажет. Екіншіден, ол шешім қабылдау үшін уақыт, ақпарат және білім секілді ресурстар жеткілікті болуы керек. Ал, үшіншіден, ешқайда қашпай және ешкімнен тығылмай бейғам отыруға тиіс. Қалған жағдайдың бәрінде біз ақылдың үніне құлақ аспаймыз.

Пропаганда тұманы сейіліп, Ресей азаматтары миын іске қосады деген үміт бар ма? Теориялық тұрғыдан қарасақ, иә. Бірақ бұл үшін негізгі үш шарт орындалуы керек: шындықты адекват қабылдау, олар үшін өмір сүру секілді маңызды болуы керек, тұтынған ақпаратын талдау үшін жеткілікті уақыт пен когнитивтік ресурстары болуы қажет; стресс болмауға тиіс. Бірақ, басты сұрақ, бұл шарттарды қалай қамтамасыз етеміз?

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz