Мариупольдегі перзентхана: Ресей пропагандасы қай тұста жаңылды?

9 наурызда Мариуполь қалалық кеңесі қаланың балалар ауруханасына ұшақтан бомба тасталғанын, мекеменің толық қирағанын хабарлады. 10 наурызда қаланың кеңесі Ресей әскерилері тастаған бомбаның кесірінен 17 адам зардап шегіп, 3-і өлгенін, оның ішінде бала бар екені де хабарлады. Бомбаның нәтижесінде қираған ғимараттар мен шұғыл түрде көмек көрсетіліп жатқан адамдардың сурет және видеолары әлеуметтік желі мен медиада тез тарады. Алайда Ресейдің ресми өкілдері мен медиасы түрліше сөйлеп, бұл деректің «фейк» екеніне сендіруге тырысып бақты. Одан бөлек, әлеуметтік желіде «бомба түскен ғимарат бос болған, перзентхана басқа аймақта орналасқан» деген сарындағы ақпарат тарай бастады. Factcheck.kz бұл материалда Ресей пропагандасы мен аргументінің қай тұсы қате екенін анықтауға тырысты.

Алғашында, Ресей сыртқы істер министрі мен Кремлге бағынатын медиа 7 наурызда №1 перзентхананы «ультра ұлтшылдар база ретінде қолданып, ішіндегі қызметкерлер мен бала туған әйелдерді шығарып жібергенін айтқанбыз» деп ақталса, сол күні кешке жақын Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Игорь Конашенков «қала тұрғындарын эвакуациялау үшін тыныштық режимі жарияланғанын» және «Мариуполь аймағында Ресей авиациясы жердегі нысанаға оқ атудың ешқандай міндетін атқармағанын» хабарлады, ал тараған фото, видеоларды «батыс аудиториясында антиресейлік көңіл-күйді күшейту үшін толықтай қолдан жасалған» деді. Ал Қазақстан туралы «әскери биолаборатория салғалы жатыр» деген қастандық теориясына жақын ақпарат тарататын Кремльдің пропагандалық сайттары аурухана туралы ақпаратты, аноним Telegram канал дерегіне сүйеніп, толықтай «фейк» және қолдан жаслаған деп, бірнеше «аргумент» келтірген. Ресейдің ресми өкілдері мен пропагандалық сайттарының мәлімдемелерін рет-ретімен тексерейік.

Мәлімдеме: 7 наурызда, үш күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында біздің делегация бұл перзентхананы «Азов» батальоны және басқа радикалдар бұрын басып алғаны туралы фактілері келтірді, сол жерден барлық босанған әйел, барлық медбике, жалпы барлық қызметкер шығарылған.

Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі

Үкім: Техникалық қате

Ресей тарапы мұндай мәлімдеме жасағаны рас, алайда бұл №1 перзентханаға байланысты ақпарат болған (оның үстіне бұл расталмаған ақпарат, «Азов» ұлттық корпусының жетекшісі Максим Жорин мұндай ақпаратты жоққа шығарған), ал бомба балалар ауруханасың жанына түскен. Екі ғимарат бір-бірінен алыс орналасқан. Google maps-тың картасындағы дерекке сай, бомба түсті деп хабарланған аймақта расымен-ақ бірнеше медициналық корпус барын (оның ішінде балалар ауруханасы мен әйелдер консультациясы да бар) көреміз.

Бомба түскен медициналық ғимарат кешені, google.com/maps

Бомбаның балалар ауруханасына түскенін ғимараттың сыртқы түсі ұқсайтынынан да байқауға болады.

Google.maps-тегі Балалар ауруханасы мен медиада тараған суреттің салыстырмалы мысалы

Оның үстіне №3 қалалық ауруханасы жайында 2018 жылы жарияланған аймақтық сайттарда корпустардың бірінде перзентхана бары айтылады.

Мәлімдеме: [Мариуполь ауруханасына — авт.] Жасалды деп жатқан әуе соққысы Батыс аудиториясында антиресейлік көңіл-күйді күшейту үшін толықтай қолдан жасалған.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі

Үкім: Жалған және манипуляция

Қақтығыс алаңынан ақпарат таратып жүрген журналистер мен алпауыт халықаралық медиалар (редакция позициясына сай, деректеріне сенуге болатын) жариялаған суреттер мен видеолар жарылыстың болғанын дәлелдейді. Оның үстіне мұндай үлкен көлемдегі жарылысты «қолдан жасау» миға қонымсыз болар еді, одан бөлек, жоғарыдағы үкімде келтіргеніміздей, Ресей СІМ Лавров бомба тасталғанын растаған, тек басқа аурухананы/сценарийді меңзеген.

Украинские военные и сотрудники МЧС работают у пострадавшего от обстрела роддома
Аурухана алаңында бомбадан соң қалған терең ойық, [Евгени Малолетка/ AP Photo]
Медицинский работник заходит в пострадавший от обстрела родильный дом
Бомбадан соң қираған аурухана ішіндегі медициналық қызметкер [Евгени Малолетка/ AP Photo]

Мәлімдеме: СИГНАЛ фотографтар Мариупольдегі перзентхананың қирандыларында түсірген қызды тапты. Ол модель және Мариупольде танымал бьюти-блогер Марианна Подгурская. Қыз шынымен жүкті, бірақ ол «Азовтың» неонацисттерінің қолындағы перзентханада «жатуы» мүмкін емес. Қыздың қолына қажет заттар беріп, гримдеп, камера алдына алып келіп қойған.

Аноним телеграм канал — Сигнал

Үкім: Жалған және манипуляция

Біз бұған дейін қақтығыс/соғыс уақытында аноним каналдарға сенуге болмайтыны туралы жазғанбыз, әсіресе, мұндай каналдар бір тарапты қолдайтынын ашық білдірсе, тіпті күмәнмен қарау керек.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен суреттегі әйел расымен-ақ Марианна Подгурская, оның бьюти-блогер екені де жасырын емес және оның мамандығына акцент беріп, «жасанды суретке түскеніне» еш дәлел жоқ, бұл жай ғана манипуляция. Оның үстіне, ол бұған дейін де жүкті екенін Instagram парақшасында жазып жүрген, оның айы-күні жетіп, Марипуольдегі перзентханада болуына таңқалудың да қажеті шамалы.

Кремльге бағынатын медиа үш суретті көрсетіп, оның үшеуінде де бір әйел, Марианна Подгурская, дегенді алға тартады, бірақ ресейлік фактчекер әріптестеріміз атап өткендей, үшінші суреттегі әйел мүлде бөлек адам.

Сигнал каналынан, алғашқы 3 суретте бір әйел деп меңзеген

Алайда төмендегі екі суретті салыстыра отырып, екеуінің екі бөлек адам екенін аңғарасыз.

Суреттегі екі әйелдің басқа адам екенін аңғару қиын емес

Бұдан бөлек, Associated Press 14 наурызда зембілде көтеріп алып-кетіп бара жатқан әйелдің қайтыс болғанын хабарлады.

Қорытынды

  • Бірнеше корпустан тұратын, оның ішінде балалар ауруханасы мен перзентхана бар медициналық кешенге бомба тасталғаны рас, бұған бірнеше халықаралық медианың фото және видеолары дәлел бола алады;
  • Ресей тарапының ресми өкілдері бұл ісін ақтап алу мақсатында шындыққа жанаспайтын, бір-біріне қайшы бірнеше ақпарат таратқан;
  • Салқын санамен объектив қарай білген адамға суреттер мен видеолардың қолдан жасалмағаны, ал бьюти-блогердің мамандығына акцент берудің манипуляция екені түсінікті.
Думан Терликбаев
Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы. Қазақ-Америка университетінде журналистика мамандығын оқыған. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.