«Beeline Қазақстан» ресейлік жаңалықтар арнасын көрсетуді тоқтатты ма?

Желтоқсанның басында Telegram-ның орыстілді бөлігінде (1, 2, 3) «Beeline Қазақстан» операторы ел аумағында ресейлік жаңалықтар телеарналарын көрсетуді тоқтатқаны туралы ақпарат тарады. Компания операторларына сілтеме жасаған Besh Telegram-арнасы мұны «күрделі саяси жағдайға байланысты» деп түсіндірді. «Рыбарь» арнасы оған екінші дәрежелі санкциялар мен «Ресей диаспорасына» қарсы «Батыстың ақпараттық саясаты» себеп дейді.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz посттардағы ақпарат шындыққа жанаса ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Шындыққа жақын

Beeline компаниясының ресми өкілдері хабарлағандай, жүйеге 11 қазанға дейін жазылған қолданушылар үшін ресейлік жаңалықтар арналары әлі де қолжетімді. Өзгерістер 11 қазаннан кейін қосылған клиенттерге қатысты – оларға ойын-сауық контентке басымдық берілген жаңа пакеттер ұсынылады. Ресейлік, сондай-ақ батыстың жаңалықтар арналары Beeline-ның жаңарған пакетіне кірмейді.

«Beeline Қазақстан»-ның телеарналар тізіміндегі өзгеріс туралы алғаш қыркүйектің соңында белгілі болды. 2022 жылдың 27 қыркүйегінде оператор сайтында ұсыныстар пакетінің өзгеруіне байланысты құрамында «Первый канал СНГ», «НТВ МИР» және «Россия 24» жаңалықтар арнасы бар бірқатар ресейлік арналарды көрсету тоқтатылатыны туралы хабарлама (архивке сілтеме) жарияланды. Бір күн ішінде бұл тізімге батыс телеарналары да (архивке сілтеме) қосылды. «Beeline» өкілдерінің түсіндіруінше, контентті түзетіп отыру – цифрлық операторлар үшін қалыпты жағдай. Компания ұсыныстар пакетінің мазмұнын өзгерту арқылы, қызметтерді жастар аудиториясының қалауына қарай ыңғайластыруды көздеген.

Сол күні Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Beeline Қазақстан» компаниясының ресейлік телеарналарды көрсетуді тоқтатуы саяси емес, коммерциялық себептерге байланысты деп мәлімдеді. Сондай-ақ министр «жеке компаниялардың шешіміне министрліктің қатысы жоқ» екенін айтып, ресейлік арналар ұлттық заңды бұзған кезде ғана орталықтан өшірілуі мүмкін екенін жеткізді.

3 қазанда Цифрлық даму министрлігі «Beeline Қазақстанға» иелік ететін Veon компаниясымен ресейлік арналарды өшірмеу туралы келісімге келді деген ақпарат пайда болды. Айта кетейік, Forbes.kz дерегі бойынша, «Beeline Қазақстанның» 25%-і кәсіпкер Болат Өтемұратовтың «Верный Капитал»-ына тиесілі. Провайдердің басқа акцияларына халықаралық Veon холдингі иелік етеді. Оның соңғы иесі Бермуд аралдарында тіркелген, ресейлік «Альфа-Групп»-қа тиесілі VEON Ltd. компаниясы.

4 қазанда «Beeline Қазақстан» клиенттердің өтініші бойынша қазіргі қолданушыларға пакеттер құрамын өзгертпеу туралы «коммерциялық шешім» қабылдағанын мәлімдеді:

Жас қолданушылар сегменті ойын-сауық бағытындағы video-on-demand контенттің үлесі артқанын қуана қабылдағанымен, көрсетілетін арналар қатарында жаңалық арналарын қалдыруды сұраған клиенттер де болды. Осыған орай, Beeline Қазақстан қолданушылар үшін топтамалардың қазіргі құрамын өзгеріссіз қалдыру туралы коммерциялық шешім қабылдады. Ал ойын-сауық контентін назарға алған жаңа топтамаларды қосуға өтініш берген жандар 11 қазаннан бастап қоса алады. 

«Beeline Қазақстан» баспасөз релизінен үзінді

Айта кетейік, ресейлік жаңалықтар арналары кабельдік және спутниктік телеарна провайдерлерінің көпшілігінде әлі де қолжетімді.

Контекст

2022 жылдың 28 ақпанында «Ремстройсервис» телекоммуникация компаниясы Ресейдің федералды арналарын Қарағанды облысында көрсетуді «белгісіз мерзімге» дейін тоқтатты. «Азаттық Радиосының» мәліметінше, оператор Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсылығын көрсету үшін осындай қадамға барған. Дегенмен сол күні кешке «Ремстройсервис» арналар тізімін қалпына келтіріп, абоненттерінен «уақытша қолайсыздық» үшін кешірім сұрады.

Арада үш ай өткеннен кейін, яғни 27 мамырда Regnum порталы Қазақстанның әлдебір тұрғынына сілтеме жасап, Республикада «Ресейдің мемлекеттік арналары көрсетілмей тұрғаны» туралы ақпарат жариялады. Ары қарай «шетелдік спутник» салдарынан бұзылған аты аталмаған провайдерлердің пікірі келтіріледі. Біз 2022 жылғы мамырдың соңында ресейлік арналардың хабар таратуына байланысты туындаған мәселелер туралы басқа дереккөздерді таппадық.

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz